Basty bet
ЖОЛАУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКПЕН ҚАТЫНАУДА
Жыл өткен сайын аудан тіршілігі жанданып, инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, кәсібін дөңгелетіп жүргендердің қатары көбеюде. Қайнаған тіршіліктің қамында жүрген тұрғындарға жуырда сүйінші жаңалық жетті. Енді ауданның ішінде жолаушылар қоғамдық көлікпен қатынайды.
Ауыл-ауылдың арасына 500-1000 теңгемен қатынап, азық-түлікті аудан орталығынан сатып алып, ай сайын әбігерге түсіп жүргендердің қарасы көп еді. Бұл, әсіресе, ауданның қыс мезгіліндегі қатал ауа райында жұртшылықты біршама қинайтын. Ауыл арасында арқаланып-дорбаланып жүріп бала-шағаның азығын тасу да оңай емес. Көлік іздеп сабылу да өз алдына бір жұмыс. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып отыр.
Қазіргі таңда автобус бағыттарын зерделеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Зерделеу барысында маршрут схемасы, жүру интервалы, хронология және халыққа тиімділік уақыты анықталады. Әрбір маршрут орныққанға дейін жолаушылардың ыңғайына қарай бағыттар кестесі өзгереді. Жол ақысы қолма-қол ақшамен 100 теңге, ал Kaspi қосымшасындағы QR арқылы 50 теңгені құрайды. Бұл баға төрт маршрутқа қатысты. Ауыл арасындағы автобус бағыттарының бағасы арақашықтығына байланысты өзгереді, бірақ ең алыс автобус бағыты 400 теңгеден аспайды. Атап айтқанда, Қошқарата, Билікө ауылдық округіндегі Қарабастау сияқты шалғай ауылдар осы қатарда.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда екі автобус жұмысқа кіріскен. Бауыржан Момышұлы ауылының ішінде төрт автобус, ал жалпы аудан бойынша 15 автобус күз мезгілінде жұмысқа кіріспек. №7 автобус бағыты таңғы сағат 08:00-ден Нұрлыкент ауылы арқылы Теріс-Қосбөлтек-Көктөбе ауылдарын қамти отырып Б.Момышұлы ауылына кіріп, ішкі бағытқа қарай жүреді. №2 автобус бағыты Көлбастау ауылы арқылы Диқан ауылына баратын жолды толығымен қамтиды.
«Ауыл ішінде автобус жүреді» деген жаңалыққа тұрғындар ерекше қуанғаны анық. Бұған дейін көбінесе такси қызметіне жүгініп келгендер үшін қоғамдық көлікпен қатынау әлдеқайда тиімді. Бағасы арзан, уақыт үнемдеуге де ыңғайлы. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қолайлы.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»