Basty bet

Ғұмырын асыл жырмен өрнектеген

«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Өмірде есімі ұмытылмай, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ғұламалар да, батырлар да Анадан туған. «Сыйынатын болса өмірде құдірет, Сыйынар ем, Ана деген тәңірге!» деп ақындардың жырлап келе жатқанын жақсы білеміз. Ананың құдіреті өте күшті.
Ал Әйел-Ананың ақындығы мына өмірді одан бетер мәнді ете түсетіні белгілі. Халқымыздың тарихына көз салсақ, ақын қыздардың көп болғаны белгілі. Бүгін арамызда ақын Сара мен Ұлбикенің, Фариза мен Ақұштаптай ақын апалардың жолын қуған қыздарымыз аз емес. Соның бірі жерлесіміз, ардагер ұстаз, ақын – Әлия Жақсыбекова.
Әлия Досмайылқызы ең біріншіден – Асыл ана. Отбасында отағасы Мақсатбек Жүнісұлы екеуі алты қыз, бір ұлды саналы етіп тәрбиелеп, өсірген ұлағатты ата-ана. Бір қызығы, отағасы Мақсатбек Байболов та, отанасы Әлия апайдың да мамандығы мұғалім. Әлия апай Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, 1972 жылдан қазіргі Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы №8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы (бұрынғы М.Лермонтов атындағы) орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 35 жыл еңбек еткен. Бүгінде зейнет демалысында.
Ұстаздың орны қай кезде де жоғарыда. Алты алаштың баласы бас қосқанда төрдегі орын да ұстаздікі емес пе?! Ал ұстаздыққа ақындық қасиет келіп қосылғанда, бұл мамандықтың беделін одан да биіктетіп жіберетіні даусыз. Таңдайына өлең ұя салған аудандағы санаулы ақын қыздардың ішінде Әлия Жақсыбекованың орны бөлек.
Олай болатыны, оның ақындық қабілеті 13 жасынан бастап ашылып, алғашқы өлеңдері де сол жаста жазыла бастаған. Аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде де өлеңдері жиі жарияланып келе жатқанына 40 жылдай уақыт болған. Сонымен бірге, облыстық «Ақ жол» газетінде ақын апайдың өлеңдері басылып жүр. Ақынның қаламынан туған шығармалар негізінен Отан, ана, туған жердің табиғаты, адамдар арасындағы сыйластық, ең бастысы, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі хақында.
Қазақтың ақын қыздарының сара соқпағын және халықтың ақындық дәстүрін лайықты жалғастырып, саналы ғұмырын асыл жырмен өрнектеп жүрген ұлағатты ұстаз, ақын – Әлия Досмайылқызының қаламынан туған өлең-жырлар екі-үш кітапқа жүк боларлық. «Ақыннан хал сұрама, жыр сұра» демекші, ақын апамыздың әр жылдары жазылған таңдамалы жырлары топтастырылған «Өмірімді өрнектедім өлеңмен» аталатын жинақ кітап жақында баспадан жарық көрді. Жалпы қаламгерлер үшін кітаптың оқырман қауымға жол тартуы – үлкен қуаныш. 271 беттен тұратын авторлық кітап Тараз қаласындағы «Формат-принт» баспасында басылып шыққан.
«Поэзияны жанына жақын санайтын жырсүйер талғамы терең аса ардақты патша көңіл оқырманым!
Өмір атты ағыны қатты дарияның айдынында көңілімді толғандырған әрбір сәт, әрбір кезең жаныма тыншу бермей жан дүниемді жырмен тербеп, қолыма қалам аламын. Елімнің басынан өткен небір қилы кезеңдер, халқымның талайлы тағдыры, қуаныш, мұңы мені бей-жай қалдырған емес… Жеткен жетістіктері жанымды шаттыққа бөлесе, басынан өткен қасірет мұңы жүрегіме зіл тастап, толғандырған сәттер аз емес. Жүрегі елім деп соққан небір алып тұлғалардың жанкешті еңбегі, аянышты тағдыры жанымды мұңға бөлейді, ішкі сезімімім өлең болып өріле беретінін жасыра алмаймын. Жүрегімнің түкпірінде нұрлы сезім тамшы мұңға айналып, жыр болып төгіледі.
Өмірде болып жатқан әрбір түйткіл, қоғамдағы жемқорлық, адамдар арасындағы мейірімділік, пен қатыгездік, адалдық пен жағымпаздық, тағы сол сияқты толып жатқан әркеттерге көкірек көзімен қарап ой түйемін. Табиғаттың таңғажайып суреттері достық пен махаббат, туған жерге деген ыстық сезім жанымды тербетіп, алыстарға жетелейді…
Өлеңдерімдегі басты тақырып – Отанға, туған ел, туған жерге деген сүйіспеншілік, бабалар аңсап өткен Тәуелсіздік, елдің басынан өткен ауыр кезеңдер, еліміздің баянды болашағы үшін күресіп, жан аямаған тұлғалардың талайлы тағдыры. Елімнің өткені мен бүгіні, жалпы адамзат баласының тағдыры, экологиялық ахуал мені қатты толғандырады. Өлеңдерімнің біразын жинақтап кітап етіп шығарсам деген оймен «Өмірімді өрнектедім өлеңмен» деген атпен баспаға ұсынуды жөн деп таптым» дейді кітап авторы Әлия Жақсыбекова.
Көңіл пернесін дөп басып, өмірді өлеңмен жырлаған жерлес ақын Әлия Жақсыбекованы жаңа жыр жинағының жарық көруімен құттықтай отырып, шығармашылық шалқар шабыт тілейміз!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close