Basty bet

Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді

Елдікті нығайтып, бірлікті бекемдеу мақсатымен мемлекет тарихында жаңа заманмен бірге қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың бұған дейін екі отырысының өткені баршаға мәлім. Алғашқысы – ұлттың ұясы Ұлытауда, одан кейінгісі киелі Түркістанда ұйымдастырылды. Ұлтты ұйыстырған екі жиында мазмұнды болып, онда халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Айтылып қана қоймай, олар жүзеге асырылып та келеді. Бір ғана мысал, Ұлытаудағы жиыннан кейін атаусыз қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық бірлікті нығайту, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру, еңбекке баулу және жас ұрпақ тәрбиесі, кадр саясаты, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұраларды жан-жақты дәріптеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, мемлекеттік саясатта талдау және сараптама жасау қызметінің сапасын жақсарту, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар шекаралас аймақтарды дамыту, қоғамда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту сынды мәселелер талқыланды.
«Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады» деген болатын Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы.
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы ел тарихында айрықша орны бар шежірелі аймақ – Атырау облысында өткені көпке мәлім. Осы аймақтағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккені тарихтан белгілі. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да аса маңызды мәселелер айтылып, кеңінен талқыланды. Бұл отырыс ойға ой, ақылға ақыл қосқан салмақты басқосу болғаны анық.
«Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды» деп атап өтті Президент Ұлттық құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде.
Халықтың арасында береке-бірлік, өзара ауызбіршілік болмаса, елдіктің де негізі берік болмақ емес. Президент атап өткендей, қандай бастама көтерсек те, нені жасасақ та, болашаққа қандай жоба-жоспар жасасақ та, өткенге ой көзімен қарап, бабалар рухына тағзым ете отырып атқаруымыз қажет деп білемін.
Ұлттық құрылтайдың түпкі мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлттың бірлігін нығайту. Осыған дейін өткізілген Ұлттық құрылтайларға мән беріп қарасақ, мемлекетіміз, ел бірлігі үшін, мемлекет пен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қою сынды мәселелер, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін нығайту, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақ тәрбиесі сынды қадау-қадау мәселелер талқыланған болатын. Жалпы Ұлттық құрылтайда ұлтымыздың рухани өзегі талқыланатын мәселелердің барлығы көңіл қуантады.
Ұлттық құрылтайдың жұмысы – өте маңызды. Онда руханият, мәдениет, ұрпақ тәрбиесі саласында талқыланатын мәселелер өте көп. Атырауда өткен құрылтайда да ұрпақ тәрбиесіне қатысты әңгімелер молынан айтылды. Себебі, біз жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесін дұрыстамай, ел болашағын да жарқын ете алмаймыз. Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді.
Мұратқали РАХМЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Close