Сәрсенбі күні 91678 әскери бөлімінде сарбаздар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және әскери тәртіпті нығайту мақсатында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі» тақырыбында кездесу өтті. Тағылымдық мәні зор іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринат Заппаров және Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бақтияр Мағыртай қатысып, сарбаздармен ашық пікір алмасты.
Кездесудің негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызын түсіндіру, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру және жастардың бойында жауапкершілік сезімін нығайту.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова «заң үстемдігі – кез келген өркениетті мемлекеттің басты қағидаты» екенін атап өтті.
–«Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялағандай, еліміздегі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы құқық үстемдігін нығайту, құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алуды көздейді. Ол қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы әр азаматтың заңға деген құрметінен басталады. Әскери қызметшілердің елдің алдындағы жауапкершілігі ерекше. Әскери салада заңдылықты қамтамасыз ету – әскери ортада құқықбұзушылықтардың алдын алуға, әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ, заманауи басқарушылық және цифрлық шешімдерді пайдалана отырып тәртіптің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған,- деді Анар Садыққызы.
Сондай-ақ, сарбаздарды әскери антқа адал болып, тәртіп пен талапты қатаң сақтауға, уақытты тиімді пайдаланып, кәсіби және рухани тұрғыдан дамуға шақырды. Өйткені, әскери ортадағы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – құқықтық тәрбие мен әскери тәртіптің қалқаны болып табылады.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринат Заппаров құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда жиі кездесетін құқықбұзушылықтың түрлеріне тоқталып, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Әсіресе, интернет алаяқтығы, киберқауіпсіздік, қоғамдық орындардағы тәртіп, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды. Сарбаздарға әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау, күмәнді ақпараттарға сенбеу және жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажеттігі ескертілді.
Ал, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Бақтияр Мағыртай төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және төтенше жағдай орын алған кезде дұрыс әрекет ету жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін айтып, әскери бөлім аумағында және тұрмыста қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, өрттің алдын алу, электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану және төтенше жағдай кезінде алғашқы әрекеттер жөнінде нақты кеңестер берді.
Кездесуде сарбаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларғамамандардан нақты жауап алды. Ашық форматта өткен жиын еркін пікір алмасуға мүмкіндік беріп, әскери қызметшілердің құқықтық және азаматтық көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етті. Қатысушылар заң талаптарын сақтау, тәртіпке бағыну және қауіпсіздік қағидаларын орындау әрбір азаматтың маңызды міндеті екенін ерекше атап өтті.
Мұндай мазмұнды кездесулер жас сарбаздардың құқықтық білімін арттырумен қатар, олардың бойында Отан алдындағы жауапкершілік сезімін нығайтып, әскери тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен бірге қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың мәнін түсіндіруге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Себебі, заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және қауіпсіздік талаптарын орындау – бейбіт өмірдің, қоғамдық тұрақтылықтың және елдің өркендеуінің басты кепілі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»