Basty bet
Шылым шегудің зияны
Темекі шегу – көптеген аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Статистика бойынша жыл сайын 6 миллионға жуық адам темекіні шегуден көз жұмады. Темекінің адам ағзасына зияны өте жоғары. Қазіргі заманғы қоғамда темекі шегу еркектердің, әйелдердің, сонымен қатар балалардың да күнделікті әдетіне айналып кетті. Шылым тартатын адамдардың жалпы саны миллиардқа жуық. Никотин тәуелділігі адам ағзасына қауіпті. 20 дана темекіде (шегушілерлің орташа тәуліктік мөлшері) 130 мг никотин бар.
Темекі түтінінің құрамы:
-цианид;
-мышьяк;
-гидрокси қышқылы;
-көміртегі тотығы және т.б.
-полоний;
-қорғасын;
-висмут және басқалар бар .
Темекінің ағзаға зияны:
Өкпе ісігімен (рак легких) ауратын адамдардың 90%-ы шылым шегушілер. Дәрігерлер бронхит пен эффизема ауруының 75%-ы темекінің шегуімен байланысты деп айтуда. Сонымен қатар, жүрек ауруы бар адамдар темекі тартудың нәтижесінде өмірлері едәуір қысқарады. Никотин есту аппаратына кері әсерін тигізеді. Улы заттар құлақтың ішкі құрылымдарының дұрыс жұмысын бұзады. Нәтижесінде бұл – ұйқының бұзылуына, иіс және дәм сезімінің төмендеуіне әкеледі. Никотин терінің нашарлауына, тістің қараюына және жағымсыз иістің пайда болуына ықпал етеді. Темекі шегетін адам тез қартаяды. Жүкті әйелдің жаман әдетке әуес болуы ұрықтың ағзасына зиянын келтіреді. Ішіндегі бала көбінесе мерзімінен бұрын туады. Туғасын олар жиі ауырып, дамуы жағынан құрдастарынан қалып қояды. Шылымнан келетін зиянды пайызбен, грамммен және басқа өлшеу бірліктерімен өлшеу қиын. Оның адам ағзасына қауіптілігі өте үлкен. Бұл жерде никотиннің рөлі аз емес. Сарапшылар никотинді есірткіге теңейді, өйткені ол тәуелділік тудырады, сондықтан оны тастап кету өте қиын. Никотиннан ең үлкен зардапты бауыр шегеді. Шылым шегуден болатын аурулар: -қатерлі ісік түрлері; -миокард инфарктісі; -инсульт; -өкпе тромбоэмболиясы; -атеросклероз; -соқырлық; -саңыраулық; -эндартериит; импотенция; бедеулік; өкпенің эмфиземасы; пневмония; созылмалы бронхит; тіс эмальіның бұзылуы; асқазан-ішек аурулары; дамудың артта қалуы; ерте өлім. Шылымның адамның ағзасына беретін зияны ізсіз қалмайды. Тіпті одан бас тартқан кезде де, оның әсері көптеген жылдар бойы сақталады. Темекі шегу бұл адамның өзіне-өзі мәйіт қазғанымен бірдей.
Темекіні тұтатқаннан кейін, оның құрамындағы улы заттар, шылым шегу арқылы өкпеге енгеннен кейін денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Ол улы заттар, ауыз және өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл заттарды үш топқа бөледі: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар.Бұл заттардың ішіндегі бәріне белгілісі – никотин. Ол өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа әртүрлі органдарға жағымсыз әсерін тигізеді.
Никотин – у, оны үлкен мөлшерде қолданғанда: тамыр соғуын жиілетеді, басты айналдырады, вестибулярлық аппараттың жұмысын бұзады, салқын тер шығып, құсықты тудырады және адам бозарып кетеді.Никотин темекі өсімдігінен шыбын-шіркейлерден қорғалу үшін синтезделеді, сондықтан оны табиғи инсектицид деп те атауға болады.
Егерде құстың (торғайлар немесе көгершіндердің) тек тұмсығына ғана никотинмен суланған шыбықты апарсаңыз-ақ болғаны олар өліп қалады. Үй қояны ¼ никотин тамшысынан, ал ит ½ никотин тамшысынан өліп кетеді. Адамды өлтіруге никотин мөлшері 50-100 мг болса- ақ жетіп жатыр, немесе 2-3 тамшысы да жеткілікті. Бұндай мөлшердегі никотин 20-25 сигаретті тартқаннан кейін-ақ адамның қанының құрамында жиналады. Шылым шегіп жүрген адам не себептен бірден өліп кетпейді? Себебі, ол сигаретті біртіндеп, ұзақ уақыт шеккендіктен тез өлуге душар болмайды. Оның тағы бір себебі темекінің құрамындағы никотиннің бір бөлігін басқа бір улы затформальдегид нейтралдайды.Шылымды ылғи тартудың салдарынан, өлімге апармайтын мөлшері, никотинге деген әдетті тудырып, шылым шегуге құмарлықты тудырады. Никотин адамның дене мүшелеріндегі зат алмасу құбылысына қатысып, бөлінбес бір бөлігі болып қалыптасады. Бірақ, егер бір реттік шылым шеккенде адам никотиннің көп мөлшерін алса, ол өлімге себеп болады.
Улы заттар қан арқылы адам организімінде бар-жоғы 21-23 секундта айналып өтеді. Егер шылымшы сигаретті ұзақ сорып тұрмаса, онда никотин тіл және жақтың шырышты қабығы арқылы қанға өтеді.
Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн адам қайтыс болады екен. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Ал, Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгісек, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді.Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады. Қазір темекінің мыңнан артық зияны бар екені мәлім болып отыр. Сондықтан, темекі шекпейтіндер оған жоламай-ақ қойсын, шылымқорлар одан құтылудың жолын қарастырсын.Темекіде смола заттарының көп мөлшері болады. Ол заттар шылым шеккенде дене мүшелеріне жеңіл түрде өтіп кетеді.
Егерде адам күніне бір қорап сигарет тартатын болса оның өкпесіне 700 гр смола түседі, оның құрамында 100-ге жуық әртүрлі канцерогендік заттар бары анықталған. Ол канцерогендік заттардың (қатерлі ісік тудыратын заттар) ішіндегі ең қауіптісі бензпирен болып есептеледі.Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да айлап мейлі жылдап, ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай, өздеріне сай зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптарынан әсіресе полоний-210 және қорғасын-210 қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар болып табылып отыр. Бұл заттар темекі шегушілердің генетикасын зақымдайтын ең негізгі себептер. Адамды 200 рет рентгенге түсіргенде денеге өтетін радиациялық мөлшерді, адам күніне 20 темекі тарту арқылы-ақ қабылдап жатады.
Шылым шегудің зияны туралы бірнеше қызықты оқиғалар:
• Темекінің түтіні автомобильдердің шығаратын зиянды заттарынан да 4-есе көп зиянды болады.
• Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн. ыстың бөлшектерін құрайды.• Әрбір сигарет денедегі 25 мг С витаминін нейтрализдейді, бұл дегеніміз бір апелсиннің құрамындағы С витаминіне тең болады.
• Герман ғалымдарының зерттеуінше бір сигарет адам өмірін 12 минутқа кемітеді.
• 20 сигар тарту арқылы, адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе артық кір ауамен дем алғандай болады
.• Темекі тартатын адамның өкпесі темекінің түтінінен смолаға ұқсап кетеді. Бір жылда темекі тартқыш адамның өкпесіне 800 г. темекі смоласы жиналады
.• Егерде адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы 8 жылға қысқарады. 15 жасында темекі тарта бастаған адамдар 25 жасында темекі тарта бастаған адамдарға қарағанда 5 есе көп өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады.
Темекі – адам денсаулығына қауіптілігімен қатар өзіне тәуелді ететін өнім. Ашығында темекіні тастау адамның мықты ниетіне, ерік-күшіне, сабыр-төзіміне көп байланысты.
Темекі шегушілік – 90% өкпе қатерлі ісігінің, 70% бронх өкпе ауруларының, 25% жүрек қан-тамыр дерттерінің себебі болып табылады. Есірткілерді, алкогольді тұтыну, кісі өлтіру, өзін-өзі өлтіру, ЖҚТБ, жол-көлік оқиғалары болатын салдарынан болатын барлық өлім санынан, темекі шегуден болатын өлім саны анағұрлым артық.
Егер сіз темекі шегуді тастасаңыз, онда:
20 минуттан соң қан қысымы мен тамыр соғуы қалыпқа түседі;
8 сағаттан соң қандағы никотин және тұншықтырғыш газ деңгейі жартылай төмендейді, оттегі деңгейі қалыпқа келеді;
24 сағаттан соң тұншықтырғыш газ ағзадан толығымен шығарылады. Жедел миокард инфарктісінің қауіп-қатері едәуір төмендейді;
48 сағаттан соң ағзада никотин қалмайды;
48 сағаттан соң иіс сезу қабілеті жақсарады;
72 сағаттан соң адамның көңіл-күйі жақсарады;
2-12 аптадан кейін қан айналымы жақсарады;
3-9 айдан кейін өкпенің қызметтік қоры (резерві) 30%- ға өседі;
1 жылдан кейін миокард инфарктісінің қауіп-қатері 50%-ға төмендейді;
5 жылдан кейін өкпе, ауыз қуысының, көмей және өңеш қатерлі ісігімен ауыру қауіп-қатері екі есеге азаяды;
10 жылдан кейін миокард инфарктісінің қауіп-қатері ешқашан темекі шекпеген адамның денсаулығымен теңеседі;
15 жылдан кейін өкпе қатерлі ісігінің қауіп-қатері ешқашан темекі шекпеген адамның денсаулығымен теңеседі.
Зоя Бердіхожаева,
аудандық емхананың
нарколог дәрігері