Basty bet
Жаңғыру – жазудан басталады!
немесе қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіру маңызды
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Жазу дегеніміз – тақтадағы таңбалар, ойдың жемісі, тарих куәгері, ұлттық мақтаныш. Ұлтымыздың жазу тарихына көз жіберсек, алыстан мұнартып көне руникалық жазбалар көрінеді. Арысы жұмыр жердің, берісі күллі Азияның айбынына айналған ата-бабаларымызбен біз әрқашан мақтана аламыз. «Тізеліні бүктіріп, басы барды идірген» батыр бабалардың ерлігі мен бектеріміздің даналығы бізге сол күйінде қаймағы бұзылмай көне жазулар арқылы жетіп отыр. Одан соң шығыс даласындағы философия, логика, математика, медицина, әдебиет салалары ерекше қарқынмен дамыған алтын ғасыр араб жазуларымен өзіне баурап алады. Ислам дінінің таралуымен қанатын кеңге жайған бұл жазумен біздің көшпелі халқымыз да медреселерде балаларына хат танытып, шығыстың озық мәдениетін игерді.
Алайда осы бір шашыраңқы да шұбырынды жазуларды бір ретке келтіретін жаңа реформа 1912 жылы жарық көрді. Ахмет Байтұрсыновтың ұсынған жазуын халқымыз жақсы қабылдап, тез үйреніп, оны «төте жазу» деп атады. Бұл әліппені қазақ халқы 1929 жылы латын әліппесіне көшкенге дейін пайдаланылды. Ол графиканың қазақ тілінің дыбыс ерекшелігіне, үндесу заңдылығына негізделіп жасалғандығын осы күнгі лингвист ғалымдар дәлелдеп отыр. Қазақ халқы 1929 жылы латын графикасының негізіндегі жаңа алфавитті қабылдады. Осы жылдары еліміздегі түркі тілдерінде сөйлейтін басқа халықтар латын алфавитіне көше бастады. Латын алфавитінің сауат ашуда болсын, баспа ісінде болсын, араб жазуы негізіндегі әліпбиге қарағанда, әлдеқайда прогрестік маңызы болды. Оның құрамында 29 әріп болды. Әрбір әріп өзінің жеке тұрғандағы қалпын сақтайтын. Осы алфавит сауатсыздықты қысқа мерзім ішінде жоюға көмектесті. Кейін 1940 жылы қазақ халқы орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиді қабылдады. Орыс алфавитіндегі 32 әріп түгелдей қабылданып, оған қоса орыс тілінде жоқ дыбыстарды таңбалайтын 9 әріп алынды да, әріп саны 40-қа жетті. Оған екі таңба (ь-ъ) қосылды. Міне, содан бері кириллицамен жазудамыз.
Сол кездегі қазақ жазуының мәселелерін көтеріп, оны шешу жолдарын кезінде Алаш зиялылары «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» сияқты баспасөз беттерінде жариялады. «Жазу тәртібі», «Тіл сақтаушылық», «Оқу мәселесі», «Школдарда ана тілімен оқыту», «Туған тілге» және т.б. осындай мақалалар мен өлеңдер жарық көрді. Осындағы жарияланған мақалалардың көздеген мақсаты біреу ғана еді. Ол – қазақ тілінің табиғатын бұзбау, акустика-артикуляциялық заңдылығын ұстау. Қазақ тілінің үйлесімділік заңын сақтау. Бәлкім, сол кезде зорлықпен кириллицаны енгізбегенде, қазір латын графикасына көшудің қажеттілігі туындамас па еді, кім білсін?…
Бүгінгі уақыттың өзі ұсынып отырған латын графикасына көшу талабы – ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан маңызды бастамалардың бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі таңдалатын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру – қабылдау – тану» талаптарына да сай.
Әліпби дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Сондықтан әліпби түзілгеннен кейін ереже соған сәйкес болуы керек.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады.
Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Осыған байланысты біз қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.
Мемлекеттік тілдің жаңа даму сатысына жетелейтін латын графикасына көшу мәселесі – уақыт талабы тудырған тарихи, рухани қажеттілік. Қазіргі жазуымыз бірнеше буынның білім алып қалыптасуына, елге қызмет жасауына мүмкіндік жасады. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін, ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани санамызды жаңғырту керек. Ал жаңғыру – жазудан бастау алады.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді
оқыту орталығының»
аудандық бөлімшесінің меңгерушісі