Basty bet

Chat gpt-ді қолданыстан шығару оқушыларды білімге талпындыра ма?!

Осыдан бірнеше ай бұрын Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жасанды интеллект туралы заңды талқылаған болатын. Талқылау барысында оқушылар арасында Chat GPT-ді қолдануды шектеу керегін баса айтты. Жасанды интеллект жастардың білімге, еңбекке деген талпынысын азайтып жатқандығы көпшілікті алаңдатуда.
«Әрине, технологияның дамығаны жақсы ғой, бірақ уақыт өте келе мұның бәрі миымыздың шектелуіне әрі оның ойланбауына алып келетін секілді. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары арасында ешқандай тапсырманы орындамай, жасанды интеллект – Chat GPT-ге салып, тапсырманың барлығы осы екен деп отыра береді. Менің ойымша, мектеп жасындағы оқушыларға қандай да бір шектеулер қойылуы керек сияқты. Егер шектеу қойылмаса, ертеңгі күні оқушыларымыз студент болып, кейіннен еңбек нарығына араласқан кезде, соның зардабын 20 жылдан кейін көреміз. Мұны елімізге келе жатқан үлкен қауіптің бірі деп санаймын. Заң жобасын жұмыс тобында қарастыру кезінде осы ұсынысқа мән беру керек,- деді депутат Дәулет Мұқаев Парламент Мәжілісінде ЖИ туралы заң жобасын талқылау кезінде.
Оның пайымынша, бұл шектеулер болмаса, кейіннен оның салдары өскелең ұрпақ үшін кері әсерін тигізеді.
Бүгінде жасанды интеллект қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуда. Әлеуметік желі нетизендері Chat GPT нейрожелісін барынша сынап, ол туралы қызықты жазбалармен бөлісуде. Әрқилы сұрақтар қойып, нейрожелінің сауаттылығына таңдануда. Мамандар да болашақта Chat GPT-дің мүмкіндігі кеңеймесе, азаймайтынын жеткізді. Енді көкейде бір ғана сұрақ бар. Нейрожелінің пайдасы көп пе, зияны ма?
Chat GPT – америкалық коммерциялық емес «OpenAl» компаниясы ұсынған нейрожелі. Кез келген мәтінді автоматты түрде бағалау және талдау жүйесін құратын Chat GPT үлкен жаңалық болды десек, қателеспейміз. Мамандардың айтуынша, нейрожелінің көмегімен кез келген сұраққа жауап табуға, студенттердің еңбегін дұрыс бағалауға және ұсыныс хат та беруге болады екен. Тіпті әр студенттің қызығушылығын ескеріп, арнайы оқу бағдарламасын да даярлауға қабілеті жетеді. Бұл оқудың тиімділігін арттыруға және студенттің жан-жақты ізденуіне мүмкіндік береді екен.
Расында нейрожелі адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, өмір сүру сапасын барынша жеңілдетуде. Бірақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамды алаңдататыны да жасырын емес. Мамандар жасанды интеллкттің қарқынды дамуы, нейрожеліні тұрақты қолдану білім сапасына кері әсерін тигізеді ме деп қауіптенеді. Оқу ордасында жасанды интелекттің көмегіне жүгіну қазіргі таңда қолданушылар арасында дау тудырып отыр.
Chat GPT басқа чат-боттар негізіндегі технологияға ұқсас болуы мүмкін. Бірақ ол өз алдына ерекше өнім болып қала бермек. Егер сіз оны жеке көмекші ретінде пайдаланғыңыз келсе, септігі мол, пайдасы орасан. Ал қауіп-қатер субъектілері бар екенін ойласаңыз, алаңдатушылық тудырады. Айта кетерлігі, «дайын асқа тік қасық» болғысы келетін киберқылмыскерлер Chat GPT қолданбасын зиянды бағдарлама жазу, алаяқтық веб-сайттарды құру, электронды хаттар жасау, жалған жаңалықтарды даярлау секілді әрекеттер үшін пайдалана алады екен. Осы ретте Chat GPT-дің пайдадан гөрі киберқауіпсіздік қаупі басым болуы мүмкін. Сол үшін қазіргі уақытта өмірге келген әрбір жаңа технологияның артындағы залалды тұстарын да сана-сезімімен салмақтау, таразылау тұтынушының өзіне байланысты.

Нұршат ӘБЗЕЛБЕК,
талапкер.
№10 Күреңбел орта мектебінің
биылғы түлегі.
Күреңбел ауылы

Таңдаулы материалдар

Close