Basty bet

Қылмыстың алдын алуға тиіспіз!

Өткен аптада аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің 2023 жылға арналған жоспарының іске асырылуы бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі туралды мекемеаралық мәжіліс өтті.

Жиынның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков қатысты. Сонымен қатар жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері және учаскелік полиция инспекторлары шақырылды.
Мекемеаралық мәжілісті аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз аудан прокуроры Ильяс Тойшыбековке берілді. Ильяс Прмаханұлы өз сөзінде, есепті мерзімде аудан аумағында жекелеген қылмыстардың, оның ішінде, мал ұрлығы, алаяқтық қылмыстары, сонымен бірге кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың біршама өсіп отырғанын айтып, аталған мәселеге байланысты өз ойын білдіріп, оның алдын алу жолдары туралы айтты.
Осыған байланысты аудан прокурорының орынбасары Досымхан Махажанов талдаудың барысымен таныстырды.
-Жуалы ауданының прокуратурасымен қылмыстылықтың алдын алуға және болдырмауға бағытталған 2023 жылдың Жоспарына және оның тиімділігіне талдау жүргізілді. Статистикалық мәліметтерге тоқталмай, нақты кемшіліктерге тоқталсам, 2023 жылы комиссиямен бекітілген 15 тармақтаң тұратын Жоспардын алтауы қайталама (ол ЖКО, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Есірткіге карсы күрес), екеуі ол атқарылған жұмысты қорытындылау (жарты жылдық және жылдық) болып табылады.
Жоспардың жүргізілуге жататын іс-шараларына тоқталсақ, онда нақты қандай іс-әрекетер жүргізу қажеттігі көрсетілмеген. Аталған шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен (Сыбайлас жемқорлықтан басқа) қаражат бөлінбеген.
Оған дәлел, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдармен аудан аумағында жалпы 228 билборд ілінген. Оның ішінде, қылмыстын алдын алуға бағытталған 15 (барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы) билборд ілінген. Ал басқа жалпы қылмыстарға (алаяқтық, ұрлық жене т.б.) қатысты бірде бір билборд жоқ. Нәтижесінде, ағымдағы жылы небәрі бір жарым айдың ішінде ұрлық пен алаяқтық қылмыстары былтырғы жылдың жартыжылдық көрсеткішіне жетті (ұрлық -4, алаяқтық -13). Дәл осындай жоспар ағымдағы жылдың қаңтар айында бекітілген.
Ендігі мәселе, ол аудан көлемінде орнатылған бейнебақылау камераларына қатысты. Полиция қызметкерлерімен күнделікті заң бұзушылықтарды анықтап, жауаптылыққа тарту шаралары жүргізілмейді. Себебі, жедел бақылау орталығы құрылмаған. Бейнебақылау мониторы учаскелік тірек пунктінде орналасқан, бірақ сөндірулі тұр. Бақылау жүргізілмейді.
Жалпы аудан бойынша орнатылған 53 бейнекамераның, тек 24-і ғана жарамды, қалған 29-ы істен шыққан. Оны жөндеуге 2023 жылы 15,2 млн теңге қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, жұмыстар аяқталмауда. Сонымен бірге 24 елді мекен бейнебақылау камераларымен қамтылмаған,- деді аудан прокурорының орынбасары.
Сонымен қатар Д.Махажанов кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер, жол-көлік оқиғалары, отбасы-тұрмыстық саладағы кемшіліктер және есірткі бизнесімен күрес туралы талдау қорытындысын айта келіп, қылмыстың алдын алуды ұйымдастыру мақсатында құзырлы органдармен атқаруға жататын нақты іс-шаралар көрсетілген 10 тармақтан тұратын жаңа жоспардың әзірленгенін жеткізді.
Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселеге сәйкес, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркеғали Сартбаев құқық бұзушылықтың профилактикасы, жалпы қылмыстың алдын алу бағытында полиция бөлімі қызметкерлерінің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Жалпы мекемеаралық мәжілістің күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелерге байланысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков пікір білдіріп, жиынға қатысушыларды қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close