Basty bet
«Ішімдіксіз ауыл» жобасы – қоғамды ізгілікке бастайды!
алкогольді ішімдіктен бас тартып, арақтан ада ауылдардан алар үлгі-өнеге көп
Жасыратын жоқ, өткен ғасырдың аяқ тұсында ел өміріндегі «өліара кезең» саналған «тоқырау жылдары» ауылдарда әрбір екінші үйде спирттік ішімдік ашықтан ашық сатылып, онсыз да «Кеңестік дәуірдің» тәлімін алып, тәрбиесін көрген азаматтар ішімдікке одан сайын үйір бола бастағаны белгілі. Ең өкініштісі сол, сондай жандардың қатарында әлі де кәмелет жасына тола қоймаған өрімдей бозбалалар да бар. Біздің білетініміз, сол қиын жылдары ауылдарда мал ұрлығы, басқа да ұсақ-түйек қылмыстар көптеп орын алып жататын. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» демекші, орын алған қылмыс пен құқық бұзушылықтардың дені ауыл ақсақалдары мен үлкендердің араласуымен тоқтатылса, кейбірінің ушығып кетіп, заң бұзушылыққа себеп болғандардың бірқатары «темір торға» тоғытылып, отырып шыққаны да бар. Бір сөзбен айтсақ, ішімдіктің араласуымен жасалған қылмыстардың саны басқалардан қарағанда едәуір көп. Бұдан спирттік ішімдік адамды жақсылыққа апармайды деген қорытынды жасауға әбден болады…
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көрушіні лағынеттеді!» деп, арақтың бүкіл жамандықтың көзі екенін айтып, оған тыйым салғанын хадистерден жақсы білеміз Бұл не деген сөз?! Арақты ішкен адам ғана емес, оны сатқан, тіпті, өзі ішпесе де, өзгеге құйып берген адам да Алланың қарғысына ұшырайды деген сөз. Саналы адамға мұнда үлкен сыр жатқаны анық…
Аллаға шүкір, бүгінде ел өңірлерінде арақ, басқа да спирттік ішімдік сатылмайтын, мүлдем ішімдік ішілмейтін үлгілі ауылдардың саны жыл санап артып келеді. Бұл – ауылдардың дүкенінде ішімдік атаулы сатылмайды, той-мерекенің дастарқанына арақ-шарап қойылмайды деген сөз. Бұл – қоғам болып үлгі алуға тиісті ізгі іс. Осылайша іргесі берік алақандай ғана ауылдар бүкіл ел-жұртқа үлгі-өнеге болып отыр. Ол қандай ауылдар? Саламаттылыққа ұмтылу арқылы спирттік ішімдіктен бас тартып, оны қоғамға ұдайы насихаттаумен келе жатқан мұндай үлгілі ауылдар бізбен көршілес орналасқан Түркістан облысында көптеп саналады.
Мәлімет үшін айта кетсек, Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасында барлығы – 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінде спирттік ішімдік мүлдем сатылмайды. Себебі, ауыл қариялары бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізу арқылы ішімдікті мүлдем тыйған деп айтуға болады. Арақтан бас тартқанының арқасында бұл ауылдың берекесі артып, қоғамдық өмірі едәуір өзгеріп отыр.
Дәл осы Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды дегенге сенесіз бе?! Шындығында солай. 1 100 тұрғыны бар бұл ауылда қазір 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда үш дүкен болса, оның ешқайсысында ішімдік сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. Ауыл жастары қариялардың сөзін екі етпейді. Айтпақшы, ауыл жастары темекі де тартпайды. Содан болар, бұл ауылда соңғы сегіз жылдан бері қылмыс түгілі, бұзақылық оқиғасы тіркелмеген. Ауылдар саламаттылыққа ұмтылып, имандылыққа жан-тәнімен бұрылып жатса, бұған қалай қуанбассың?!
Саламаттылық – салтымыз. Имандылыққа шындап бет бұрып, арақ-шарап сатуды тыйып, өздері де спирттік ішімдіктен ішінара бас тартып жатқан ауылдардың қатарында ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылы да бар. Айта кетсек, ынтымағы жарасқан бұл ауылда бұдан біраз жыл бұрын тұрғындардың бастамасымен және жекелеген жанашыр, қалталы азаматтардың демеушілігімен зәулім мешіт бой көтеріп, небәрі бес-алты айдың көлемінде Алла үйінің құрылысы толықтай аяқталып, жамағатқа пайдалануға берілді. Бұл – қуаныш емей, немене?! Қариялар мен жастардың Алланың ақ жолына түсіп, имандылыққа бет бұруының нәтижесінде, қазір бұл ауылда ішімдік сататын дүкендердің саны едәуір азайған. Осыған байланысты мұнда қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейін төмен деп айтуға болады.
Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылы 2024 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында үздіктер қатарынан табылып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Оған берілген қомақты қаражат ауылды дамытуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға жұмсалуда. Ауылдық округке қарасты Диқан да (146 аула бар) үлгілі ауылдардың алдыңғы қатарында. Айта кету керек, қазір Қайрат ауылында – 383 аулада екі мыңнан астам тұрғын тіркелген. Сонымен қатар, 13 көше бар.
Спирттік ішімдік пен арақ-шараптан бас тартқан өңірдегі ауылдың тағы бірі – Ақбастау ауылы. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында орын тепкен бұл ауылда былтыр Алланың үйі бой көтеріп, ауыл тұрғындары имандылық жолын тұрақты ұстанып келеді. Ауыл жастарының спорт пен саламатты өмір салтын ұстануға деген ынты-ықыласын байқаған жанашыр азаматтар бір жылдары осында шағын жаттығу залын салып бергенін де жақсы білеміз. Қарасаз ауылдық округіне қарайтын бұл ауылда «Асарлатып үй салу» жобасымен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға баспана беріліп, жоқ-жітіктерге ірі қара малдың еті таратылу үстінде. Мұның барлығы тұрғындардың бір-біріне деген жүрек жылуы мен өзара жанашырлығын білдірсе керек. Ауданға қарасты Билікөл ауылдық округінің Жылыбұлақ ауылы да биыл жыл басында «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енді. Жобаға ұйытқы болып жүрген азаматтардың айтуынша, дүкендерде спирттік ішімдік саудаламауға ауыл қариялары мен тұрғындардың өзі бастамашы болған көрінеді. Есесіне, аталған ауылдарда соңғы бес жылдың көлемінде ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл – қуантарлық жағдай!
– Ішкі істер министрлігінің және жергілікті атқарушы орган және ауыл жанашырлары өзара бірлесіп қолға алған «Ішімдіксіз ауыл» жобасын ауданның байырғы тұрғыны және имам ретінде қуана қолдаймын. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолдаған және тұтастай қоғам тарапынан құптарлық іс.
Тау халқында: «Жақсы қариясы жоқ ауылда, жақсы жастар өніп-өспейді» деген нақыл сөз бар. Сол айтқандай, жастар иманды, жақсы болуы үшін аға буын қариялар жиғанды болуы керек. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» дейді дана халқымыз. Алдыңғы толқын – ата-апалар той-жиынды ішімдіксіз өткізсе, оны көрген жастар да бұдан жақсы тәлім алатыны сөзсіз. Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әр нәрсенің анасы бар. Сол сияқты барлық күнәнің анасы – арақ» делінген. Сондықтан арақты тұтынуға болмайды. Арақ – қасірет. Қоғамда қаншама отбасы арақтың кесірінен қайғы-қасіретке душар болып жатыр. Оған өзіміз күнделікті өмірде куәміз. Дүкенінде арақ-шарап сатылмаған ауылда ғана береке-бірлік орнап, ұрыс-жанжал болмайды. «Бір күнгі ұрыс қырық күндік ырыс-берекені қайтарады» деген. Ішімдік ішкен адамдар мастықтың әсерімен түрлі қылмысқа барып, жол-көлік апаттары да осының кесірінен орын алуда. Оны да жақсы білеміз.
Қасиетті Жуалы ауданындағы Ақбастау, Жылыбұлақ, Кәріқорған және Т.Дүйсебайұлы ауылдарының ішімдік атаулыдан бас тартып, оны дүкендерде саудаламау жөніндегі ізгі ниетіне қуанып жатырмыз. Сүттей ұйып отырған әулетті, ауылды бүлдіретін нәрсе – ол арақ, басқа да түрлі уытты ішімдіктер. Сондықтан ауылдық аймақтарда ішімдік атаулыны сатуға және оны тұтынуға саналы түрде қарсы тұрған дұрыс. Одан ешкім кем болмайды. Бұл – ең біріншіден қоғамды ізгілікке бастайтын амал. Ел-жұрт болып ұйымдасып, осынау ізгі істі мықтап қолға алайық. Сол арқылы біз үлгілі ауыл атанып, былайғы жұртшылыққа үлгі-өнеге көрсете аламыз,- дейді Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков.
Иә, аудандық полиция бөлімі мәлімдегендей, ІІМ-ның «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енген ауылдарда соңғы бес жылдың көлемінде ешқандай құқық бұзушылық фактілері тіркелмеген.
– 2025 жылдың 6 айында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 200-бабының талаптарын орындамағаны үшін, дәлірек айтқанда, түнгі мезгілде спирттік өнім сатқаны үшін 12 дүкеннің иесі тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін аудан көлемінде тәулік бойы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұған байланысты есепті мерзімде барлығы 123 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, спирттік ішімдік ішіп, автокөлік құралын басқарған 22 азамат 15 тәулікке қамаққа алынып, жеті жылға жүргізуші құқығынан айырылды. Бір сөзбен айтқанда, масаң күйде жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жаза қатаң. Тұрғындар алкогольді ішімдікті тұтынбас бұрын осыны терең ойланғаны дұрыс,- дейді АПБ бастығының орынбасары Ардақ Әміребек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»