Basty bet
Бау-бақшаның бағбаны
Кең-байтақ елімізде ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті күн кешуде. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде өз салаларында жемісті еңбек етіп келеді. Біз Күреңбел ауылдық округіндегі көпбалалы ана, бау-бақшаның бағбаны Ольга Кошкина жайында әңгімелеуді жөн көрдік.
Ольга орыс ұлтының қызы. Өзге ұлт өкілінің азаматшасы болса да қазақ тілін жетік меңгерген. Өнерге жақын, жаны тазалықты, әдемілікті сүйеді. Қазір ол №10 Күреңбел орта мектебінде бағбан. 17 жасында жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, төрт қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп келеді. Ольганың қыздары Наталья, Дарья мен Мария, Дина мектепте жақсы оқып, аудандық және мектепішілік түрлі ән-би, сурет салу байқауларында жүлделі орындармен отбасын қуантып жүрді. Тұңғыш қызы Наталья тұрмыста, бүгінде анасын тәтті немерелерімен қуантуда. Дарья және Мария қыздары Тараз қаласындағы медициналық колледжде білім алуда. Өздері тұратын жергілікті жердегі медицина саласы мамандарының тапшылығы оларды да алаңдаптай қоймады. Сол себепті осы салада білім алуды жөн көрген. Болашақта мықты маман болуды арамандайды. Олар үздіктердің қатарында. Кенже қызы Диана мектеп оқушысы. Ольга үйіндегі қарт анасына да қамқорлық жасап келеді.
Ольга 20 жылдай сауыншылықпен де айналысқан. Ол ешқашан жұмыссыз отырған емес. Үнемі еңбектеніп, шаруаның бел ортасында жүрді. Асырауға мүмкіншілігі жоқ қазақ балаларын жеті жылдан бері өз қамқорлығына алып, олардың да өсіп-жетілуіне жәрдемдесуде. Олардың ең үлкені 16 жаста, ең кенжесі 10 жастағы балалар.
Жалғызбасты ананы барлық істе табандылылығы мен қайтпас қайсар мінезі алға жетелеумен келеді. Ольга табиғатынан тік мінезді, бірбеткей шыншыл адам. Өз үйлерінің шатырын жөндеу, бау-бақшасын реттеу, қорадағы малын барлығын өзі барынша табандылықпен атқарып келеді. Ол мектептің айналасының әсем кейіпке айналуына да үлесін қосуда. Өзінің бар ықылас-пейілмен еккен дәнді-дақылдары жыл сайын мол өнім береді. Бау-бақшасының сұлулығында шек жоқ. Мұнда картоп, сарымсақ, сәбіз, қызанақ, қияр, құлпынай, жалбыз, алма, алмұрт, өрік ағаштары жыл сайын мол өнім береді. Бау-бақшасын үздіксіз еңбектің нәтижесінде осындай гүлзарбаққа айналдыра білген еңбекқор жан. Ол оны балалардың несібесі әрі бейнетқорлықтың нәтижесі деп біледі. Бақшасын жыл сайын күтіп-баптап, топырақты тыңайтып, қажетті дәрі-дәрмекпен дәрілеп, сәндеп аялап қарайтынын жасырмады.
– Мен гүл өсірумен 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Әр сенбіні арнап, түске дейін бөлме гүлдеріне, түстен кейін ауладағы гүлдеріме көңіл бөлемін. Гүл аса қамқорлықты қажет ететіндіктен, әрқайсысына мұқият назар аударып, сырласамын.
Гүлді жайқалтып, жақсы нәтижеге жеткізу үшін арнайы витаминдер беріп, уақтылы дәрілеп тұрады. Өсірген гүлдерімді сатып, пайда табайын деген ойым жоқ. Бұл менің жеке қызығушылығым ғана, – дейді Ольга.
Иә, машақаты көп болса да, гүл өсірудің әдісін меңгеріп, хоббиіне айналдырып, өзі тұрып жатқан ауласын гүлзар баққа айналдырып отыруы үлкен күш.
«Гүл табиғат – ананың сыйы» деп бекер айтылмаса керек. Гүл – көздің жауын алып, сәндік көрініс берсе, жұпар иісімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кей дерттерге шипа болатын қасиеті – өн бойыңа күш береді.
Мұндай кереметті күтіп-баптауға отбасы мүшелерінің барлығы бір адамдай атсалысып көмектесіп келеді. Тіпті немерелері де әжелеріне қол үшін береді. Олар ұйқыдан ерте оянып гүлге су құяды. Кейіпкеріміз ауласын тек жасыл-желекке бөлеп қана қоймай, тауық асырайды. Одан бөлек төрт түлігі тағы бар. Ауыл – берекенің ортасы, онда сүт пен құрт, айран мен қатық, ашытпа дастарқаннан үзілмейді. Өмірдегі түрлі жағдайларға бей-жай қарап отыратын адамдардың қатарынан емес. Оның бұл істері көпке үлгі. Этнос өкілдері де осылайша өңірдің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір