Basty bet

30-дан аса шөбере сүйген тыл ардагері

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбек мылтықсыз майданмен тең еді. Соғыс – адамдардың жүректерінде өмір бойы өшпейтін, ұмытылмайтын із қалдыратын қасірет.
Тылда еңбек еткен әйел-аналарымыз бірі әкесін, бірі күйеуін, бірі бауырын, бірі баласын майданға аттандырып, олардың отбасына аман-есен оралуын күндіз-түні Алладан тілеп, бел жазбай еңбек етіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты.
Сағыныш – адам бойындағы тот баспайтын асыл қасиет болса, соғыс жылдары аналарымыз соның ең зарыққан шағын бастан өткізді.
Соғыс жылдары өмірге келген балаларда бақытты балалық шақ та болған жоқ. Сондай ауыр жылдары өмірге келген балалар бала болып ойнамай, жастайынан еңбекке араласты.
Бүгінде жыл санап арамызда тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің де қатары сиреп келеді.
Еңбек ардагері, 12 баланы өмірге алып келіп, тәрбиелеген батыр ана, Алтын алқа иегері Күлән Махашева Бақалы ауылында тұрады.
Күлән Қонысбекқызы 1937 жылы Айша бибі ауылында өмірге келген. 17 жасында Бақалы ауылының азаматы Орынбек Махашевқа тұрмысқа шығады. Қайын атасы соғысқа аттанып, қайтып оралмапты. Қайын апасы Жайнақыз байсалды, келініне жайлы, жанашыр жан болыпты.
Күлән апа 12 ұл-қызды өмірге алып келіп, біраз қатайтқан соң жұмысқа шығып кететінмін, балалардың барлығына “жалғызымның ұрпақтары” деп енем қарады дейді.
-Біз, біз дегенім менің замандастарым жұмысқа ерте араластық. Неге жараймыз, неге шамамыз келеді барлығын істедік. Колхозда біз істемеген жұмыс қалмады. Негізгісі картоп, қызылша суғардық, картоп тердік, қысқасы жұмыс талғамай істедік.
Күні бойы жұмыста болсақ, таң ертең ерте тұрып, үйді жинап, кірді жуып, тамақты істеп, сиырды сауып, өріске жіберіп барлығын апам мен балаларға дайындап беріп жұмысқа кететінмін.
Жолдасым көбінде басшылық қызметте болды. Ферма меңгерушісі, подвал меңгерушісі болды. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Бірінші Алланың, екінші еткен еңбегіміздің арқасында көпбалалы болсақ та таршылық көрген жоқпыз.
Жолдасым екеуміз балалардың барлығын оқытуға тырыстық. Екі баламыз ғана жоғары білім ала алмады. Қалғандары оқып, қолдарына дипломдарын алды. Бүгінге елге хал-қадірінше еңбек етіп келеді.
Аллаға шүкір, бүгінде өсірген жеті ұл, бес қызымыздан 27 немере, 30-дан аса шөбере сүйіп отырмын.
Жолдасым 56 жасында өмірден өтті. Мен соңғы бес жылда денсаулығым болмай арбаға таңылып қалдым. Алайда көзім көреді, сөйлей аламын бұған да Аллаға шүкір деймін,- дейді Күлән апа.
Тыл ардагеріне төртінші қызы Динара мен күйеу баласы Бақтияр қамқорлық жасап отыр екен. Әже екі ұлым Бақытжан мен Бауыржан арқамды уқалап, жанымда болып, баратын жеріме алып барып, көңілімді тапса, қызым мен күйеу балам асымды дайындап беріп, қас-қабағыма қарап отыр. Балаларыма ризамын дейді.
-Анамыз тазалықты жаны сүйетін, көпшіл, қолы ашық жан. Денсаулығы бар кезде замандастарымен жиі бас қосушы еді. Анамызды жасы үлкен де, кіші де сыйлайды.
Ұлы Жеңіс күні ауылдық округ әкімі үйге арнайы келіп, құттықтап кетеді. Анамыз үшін ол үлкен қуаныш, мәртебе,- дейді қызы Динара.
Ардагерлер – алтын қорымыз. Оларға құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.
Отанымыздың амандығы, тыныштығы, елдің ауызбіршілігі, ынтымағы – бәрінен де қымбат.
Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close