Basty bet
Құтқарушылар құрметке бөленді
19 қазан – адам өмірін сақтап қалуды өз борышы санаған ержүрек жандардың мерекесі. Бұл күн – қауіп пен қатердің ортасында жүріп, өзгенің амандығы үшін күресетін құтқарушылардың еңбегін дәріптейтін ерекше күн. Олар – ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігінің сенімді тірегі, бейбіт күннің нағыз батырлары. Осыған орай, өткен аптада ауданындық «Достық» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және Құтқарушылар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Жиынға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ардагерлер, аудан басшылығы да қатысты. Алдымен мәдениет үйінің алаңында төтенше жағдайларда қолданылатын техникалар мен құтқару құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Содан соң, мәдениет үйінің ішінде LED экран арқылы министрліктің имидждік бейнеролигі де ұсынылды.
Салтанатты шараның шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаевқа беріліп, ол төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерін мерекемен құттықтап, құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі ерекше екенін атап өтті.
Жиын барсында төтенше жағдайлар бөлімінің бірқатар қызметкерлері өздерінің кәсіби міндетін адал атқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен адам өмірін қорғаудағы еңбектері үшін аудан әкімінің, мәслихат төрағасының және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Алғысхаттарымен марапатталды.
Құтқарушылар күні аясында азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Олар – бұл саланың іргетасын қалап, талай жас мамандарға бағыт-бағдар берген, төтенше жағдайлардың алдын алуда ерен еңбегімен көзге түскен тұлғалар. Ардагерлерге де аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің Алғысхаттары табысталды. Бұл құрмет – олардың көп жылғы қажырлы еңбегіне деген зор ризашылықтың белгісі екені анық.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік шарада әсем әндер шырқап, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әуезді ән мен жүрекжарды сөздер мерекенің сәнін келтіріп, ерекше рухани әсер қалдырды. Жиын соңында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Құтқарушылар» әнін хормен шырқап, зал толы көрермен ұзақ қол соқты. Бұл әсерлі сәт барша құтқарушылар мен қызметкерлердің еңбегіне деген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісіндей болды.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»