Basty bet

Арманы – спорт саласының дарабозы атану

Жұлдызы биік Жуалы жұртшылығы осынау қасиетті топырақтан түлеп-ұшқан аты әлемге әйгілі батырларымен және генералдарымен мақтанатыны белгілі. Біздің ауданның жұртшылығы спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты ұл-қыздарымен және әлемдегі жоғары байрақты бәсекелерде елімізге олжа салып жүрген чемпиондарымен де мақтанатыны сөзсіз.
Спорт – денсаулық кепілі екеніне ешкім де қарсы дау айта алмасы анық. Спорт пен дене шынықтырудың адам денсаулығына тигізер пайдасынан бөлек, ол адамның ішкі рухын да қоса шыңдайтыны белгілі. Әлбетте, үлкен спорттың мемлекет мерейін де өсіретін жағымды жақтары бар.
Осы ретте біздің Жуалы ауданынан жастайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырап, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген даңқты азаматтарымыз аз емес.
«Толқыннан толқын туады» демекші, Жуалыдай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты спортшылардың жолын бүгінде кейінгі жас буындардың жалғастырып келе жатқаны бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Қазіргі таңда үлкен спортта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен жас буын спортшыларымыз жетерлік.
Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген азулы спортшыларымыз баршылық. Соның бірі – армрестлингтен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Нұржауған Мұқатай.
Армрестлинг – бүкіл әлемде кеңінен таралған спорт түрі. Қазақ «қол күрес» деп атайды. Осы спорт түрінің қазақстанда жақсы дамығанын айта кету керек. Кей спорт түрлерімен салыстыра қарағанда қол күресі әділ өтетін жарыстар санатына жатады. Білек пен жүректің, ақыл мен айла, күш-жігер сыналған сәтте мықтының мықтысы, күштінің күштісі ғана жеңіске жетеді.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жуалылық жас қол күресінің немесе армрестлингтен спорт шебері Нұржауған Мұқатай облысқа қарасты Мойынқұм ауданының тумасы. Ата-анасының Жуалы өңіріне қоныс аударуына байланысты баланың бойындағы ерік-жігер және спортқа деген құштарлық осындай қасиетті топырақтан дарыған. Оның үстіне бұл өңір оның нағашы жұрты. Қазіргі таңда жас өрен Көлбастау ауылында тұрады. №13 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте білім алып, оны биыл бітіруде.
Нұржауған бала кезінен актер болуды армандаған екен. Оның спортқа келуіне өзіндік себебі бар. «Бірінші байлық – денсаулық» нақыл сөздің салмағын жете түсінген жас спортшы дене бітімінің дұрыс қалыптасуына спортсыз өмірін елестете алмайтынын түсінеді. Яғни дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастар еліміздің түп қазығы. Осылайша кіршіксіз сенім өміріне жарық сәуле шашып, жол сілтеп үлкен спортқа алып келді. Баланың спортшы болу арманына жол ашқан оның қияға қанат қақтырған білікті жаттықтырушысы Ерғали Сыздықбаев болды. Биылғы мектеп бітіруші түлектің арманы – спорт саласының дарабозы атану. Жас спортшының айтуынша, қай спорттың да қауіп-қатері қатар жүреді.
-«Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын сезінбесе биік белестерді бағындыра алмайтыны анық. Жаттығулар оңай емес. Қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек,- дейді жас чемпион Нұржауған Мұқатай.
Нұржауған Мұқатай қол күресімен 11 жастан бері айналысып келеді. Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те үлкен арманның, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды.
Әлем чемпионатына алғаш рет 2021 жылы барды. Жасөспірімдер арасында чемпион атанды. 2022 жылы Самарқанд қаласында Бас жүлде, одан кейінгі әлем чемпионаттарында топ жарды. «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші тынбай дайындық пен еңбектің арқасында 2022 жылы Дубай қаласында өткен XXІ пара армрестлинг Әлем біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Жуалыдан барған спортшы жүлделі орын иеленіп қайтты. Әлемнің әр мемлекетінде спортшылар бақ сынасқан додада ҚР-ның Ұлттық қол күрес спорт түрінің биіктен көрінуі, біздегі қол күрес спортының жақсы дамығанын тағы бір қырынан көрсетіп берді.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші жас чемпионның жеңісті жолы алда деп білеміз. Нұржауғандай жас өреннің арманның биік шыңына жететініне сенеміз!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close