Basty bet

Спорт – бейбітшілік елшісі!

жастар мен мектеп оқушылары шаңғы тебуден жарысты

Қыстыгүні қар молынан түсетін Жуалы ауданында шаңғы спортын дамыту ісі осыдан үш-төрт жыл бұрын бастау алған болатын. Осынау саламаттылық салтына ауданнын сол тұстағы басшысы Бақтияр Көпбосыновтың тікелей бастамашылық жасағанын да жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне, «Болашаққа бағдар: ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ауданда «Саламатты өмір салты» жобасы қолға алынып, осының негізінде аудан мектептеріне барлығы 137 дана шаңғы сатып әперіліп, әр мектеп оқушыларының санына қарай бөлініп берілген болатын. Міне, содан бері таулы өңірдің балалары шаңғы тебуді біршама үйреніп алды деуге болады. Қыстың жылы күндері аудан орталығында шаңғы тебуден жарыс ұйымдастыру ісі де жолға қойылды.

Осыған орай кеше Бауыржан Момышұлы ауылындағы Жастар аллеясының маңында аудан жастары және мектеп оқушыларының арасында шаңғы тебуден аудандық жарыс өткізілді. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйытқы болып, «Спорт – бейбітшілік елшісі!» тақырыбымен ұлдар және қыздар арасында өткен аудандық жарысқа аудан мектерінен барлығы 50 ер бала және 10-ға жуық қыз қатысты.
Шаңғы жарысының ашылу салтанатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев сөз сөйлеп, олар жалпы ауданда жастар саясаты және білім мен спорт салаларының ілгері дамып келе жатқанын айта келіп, мектеп оқушыларының білім алып, өнер үйренумен қатар, саламатты өмір салтын ұстанулары қажет екенін, ол үшін жазда алаңда доп теуіп ойнаса, ал қыстыгүні бір мезгіл табиғат аясына шығып, шаңғы тебуге болатынын баса айтты.
Айта кету керек, шаңғы тебуден ұлдар арасындағы жарыс бір шақырым қашықтық аралығында белгіленсе, қыздар 500 метрге жарысты. Иә, шаңғы тебу спорты біздің өңірдің тұрғындары үшін көбіне-көп таңсық спорттың түрі екені жасырын емес. Оның үстіне, бұл жолғы шаңғы жарысына қатысқан балалардың дені шаңғы теуіп, аса шыңдала қоймаған. Ал алдын ала белгіленген жарыс жолы да тақтайдай тегіс емес. Ойлы-қырлы. Сондықтан болар, шаңғыны аяғына байлаған балалардың арасында тайып құлап жатқандарын да байқадық.
Сонымен, бір шақырым болып белгіленген жарыс жолынан Қызыларық ауылдық округінен қатысқан жас спортшы Әлішер Әбілдаев бірінші болып келді. Екінші болып келген оқушылар Әли Жақсыбай және Бинұр Ғабитұлына жүлделі екінші орын берілсе, Мұхамедәли Әлібек, Нұрислам Орысбек, Елнұр Лесбекке үшінші орынның жүлдесі табыс етілді. Ал қыздар арасындағы жарыста Әселхан Орысбекова, Дильназ Срайыл, Арай Қаупмамбет жүлделі орындарға ие болды.
Жарыстың жеңімпаздары мен қатысушыларын аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев Диплом және Алғысхаттармен (белсенді қатысқаны үшін) марапаттап, естелік сыйлықтардың сертификаттарын табыстады. Сонымен бірге, шаңғы жарысына қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.
Шаңғы тебу спортының пайдасы туралы айта кететін болсақ, шаңғы тепкен адам өзін шапшаңдық пен төзімділікке шыңдап қана қоймай, сонымен қатар жақсы тынығуға да мүмкіндік алады. Бұл спорт түрі жасқа қарамайды. Онымен жас та, кәрі де айналысады. Шаңғы тебуді үйрену арнайы ережелерді талап етпейді. Жаттығуларды қарапайым жай жүрістен бастаған дұрыс. Егер сіз шаңғы тебуді үйренем десеңіз, келесі бірнеше кеңеске құлақ түріңіз.
Шаңғы тебуді үйренудің қарапайым тәсілі – екі аяқпен адымдап, алға қарай сырғанау. Осы әдіс екі аяққа салмақты алма-кезек түсіруге негізделген. Адам сол аяқпен адымдағанда таяқ ұстаған қолды алға, ал оң аяқпен адымдағанда сол қолды алға қарай сермейді. Осылайша, алма-кезек адымдау кезінде таяқ жерді бір рет қана тірейді. Бұл әдіс шаңғы ізімен жүргенде және қар енді ғана түскенде де қолданылады. Шаңғы ізімен немесе өрден төмен сырғанағанда, екі аяқты қатар қойып, таяқпен қос қолдап, серпе сырғанаған тиімді. Осындай әдісте екпін алу үшін бірнеше адым алға жасап, қос қолдап таяқпен серпу керек. Шаңғы тебудің қарапайым әдістерін меңгеріп алғаннан кейін, оның күрделі түрлерін серуенге шыққан сайын жетілдіруге болады. Егер сіз шаңғыға алғаш рет тұрсаңыз, сіздің серуендеріңіз үш шақырымнан аспауы тиіс. Әдетте шаңғы тебуді кәсіпке айналдырған адам үшін 10 шақырым түк емес.
Ендеше, деніңіз сау болсын десеңіз, саламатты өмір салтын ұстанып, әркез табиғат аясында серуендеп, спортпен айналысыңыз!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close