Basty bet

“Жасыл ел” – экологиялық мәдениеттің мектебі

Елімізде жастарды қолдау мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жобалардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдарламасы екені анық. Аталған жоба жастарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастыруға, туған жердің табиғатын қорғауға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталғаны белгілі.
«Жасыл ел» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымдағы №632 қаулысына сәйкес іске қосылған. Бағдарлама жастарды маусымдық жұмыспен қамту, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру, орман қорын көбейту, сондай-ақ, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның аясында жастар экологиялық акциялар мен сенбіліктерге қатысу арқылы туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.
Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері Жуалы ауданында да жастардың еңбек жасағы құрылып, олар аудан аумағын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысуда.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы мамандарының мәліметінше, еңбек жасақтарының құрамына негізінен 14 мен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» бекітілген ережесіне сәйкес, өңірде 16-35 жас аралығындағы жастар “Жасыл ел” жасағының қатарына алынады. Қатысушылар белгіленген тәртіпке сәйкес өтініш беріп, қажетті құжаттарын тапсырады. Бағдарламаға қабылдау барысында жұмыссыз жастарға басымдық қарастырылады.
Биыл аудан бойынша 120 жасты «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Осы мақсатта 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Бауыржан Момышұлы ауылында және ауылдық округтерде көктемгі көгеріштендіру және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, жеке өтініштері мен «Мансап» орталығының жолдамасы негізінде білімгерлер, NEET санатындағы жастар және уақытша жұмыссыз жүрген 29 жас еңбекке тартылды. Олар сәуір айының соңына дейін аудан аумағындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты.
Сонымен қатар, 4 мамырдан бастап тағы 36 жас «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында жұмысқа кірісіп, мамыр айының соңына дейін өз міндеттерін атқарды.
Еңбек жасақтары аудан көлемінде қоршаған ортаны қорғау және тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жастар ағаш көшеттерін отырғызу, саябақтар мен көшелерді тазалау, арық-атыз жүйелерін күл-қоқыстан аршу, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, түрлі экологиялық акциялар мен сенбіліктер ұйымдастырып, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін насихаттауға үлес қосуда.
Жазғы маусымда да жастарды жұмыспен қамту жалғасын табады. Аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандарының айтуынша, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары бекіткен индикаторлық көрсеткішке сәйкес, 2026 жылдың жазғы кезеңінде ауданда 20 жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы маусымдық жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бағдарлама жастарға еңбек тәжірибесін жинақтауға, жазғы демалыс кезінде табыс табуға және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастар ұжыммен жұмыс істеуді үйреніп, жауапкершілік пен тәртіпке дағдыланады. Бұл олардың алдағы уақытта еңбек жолында қажетті тәжірибе жинақтауына оң ықпал етеді.
– Бүгінде қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Сондықтан жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда «Жасыл ел» бағдарламасының маңызы ерекше. Бағдарлама аясында жастар табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстарға тікелей қатысып, экологиялық жауапкершілікті сезінеді. Нәтижесінде олардың табиғатқа деген жанашырлығы артып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға деген ынтасы қалыптасады.
Алдағы уақытта «Жасыл ел» бағдарламасын одан әрі дамыту көзделуде. Жастар санын кезең-кезеңімен көбейту, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын күшейту, экологиялық акциялар мен сенбіліктердің ауқымын кеңейту, ауыл жастарының қатысу үлесін арттыру және еңбек жасақтарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Мұндай жұмыстар арқылы біз жастардың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық қасиетін арттыра түсеміз. Бүгінде “Жасыл ел” еңбек жасағы тазалық жұмыстарына белсене атсалысуда. Жастар тек еңбек етіп қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына өзіндік үлес қосты,- дейді аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұртілеу Төрен.
Жалпы, «Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың бойында патриоттық рухты, азаматтық жауапкершілікті және экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды жоба. Сондықтан бұл бастама аудан жастары үшін де үлкен мүмкіндік алаңы болып қала бермек.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close