Basty bet

Республикалық конкурсқа қатысушылар марапатталды

Рухы мықты, жаны ізгі жандар ғана өмірде батылдық пен қайырымдылық таныта алады.
Жұма күні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен “Қайырымдылық керуені” VІ республикалық конкурсына қатысушылар марапатталды. Қосбөлтек ауылдық клубында өткен марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысып, Алғысхат иелерін құттықтады.
Жалпы, жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту. Республика көлемінде өткен байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатысты.
Конкурсқа ауданнан “Туған жер” номинациясы бойынша №2 Өнер мектебінің директоры Талғат Тойшыбеков, зейнеткер Раушан Үсенова, “Мейірім жолында” номинациясы бойынша Ләззат Нүрпейісова, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Ербол Сейітқұлов, “Қайырымдылық тарихы” номинациясы бойынша аудандық “Жаңа өмір-Новая жизнь” қоғамдық-саяси газетінің ұжымы қатысты.
Конкурсқа қатысқан жеке тұлғалар бірі ауылына мешіт, бірі спорт кешенін салып берсе, бірі аз қамтылған отбасына үй алып берген, енді бірі үнемі демеушілік, қайырымдылық істермен айналысып жүрген жаны жомарт жандар болса, бірі адам өмірін құтқаруға себепші болған бүгінгі бейбіт өмірдің батыры. Ал, аудандық басылым қолы ашық, жүрегі жомарт жандардың игі істерін насихаттап, қоғамды мейірімділік пен бауырмалдыққа үндеп жүрген ақпараттық, рухани қызметі үшін марапатталып отыр. Конкурсқа қатысушылар қор директорының Алғысхатымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close