Basty bet

ТӘРБИЕЛІ, БІЛІМДІ ҰРПАҚ ЕЛДІ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында білім саласына ерекше тоқталды. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарттарының бірі екенін баса айтып, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы үшін түрлі ұлттық жобалар қолға алынатынын айтты.
Жалпы елімізде оқушылардың қауіпсіздігі, жан-жақты білімді болуы, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, өнерге баулу, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын жою мақсатында білім саласында көптеген жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар жасалуда.

Ауданымызда шалғайда орналасқан мектептің бірі – Қарабастау ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектеп. Мектеп тарихына қысқаша тоқталып өтер болсақ, Билікөл мектебі бастапқыда 1930 жылы Әулиеата уезіне қарасты Чапаев ауылында төрт жылдық мектеп негізінде құрылған. 1935-1936 оқу жылында жеті жылдық мектеп болып қайта құрылып, Билікөл совхозының орталығы Қарабастау ауылына көшірілген. 1971 жылы Билікөл орта мектебіне Әулиеата уезінде коллективтендіру науқанының белсенді мүшелерінің бірі Қарымбай Қошмамбетовтің есімі берілген болатын. Мектеп 1949-1950 оқу жылында орта мектеп болып, сол жылы алғашқы түлектерін ұшырды.
Билікөл орта мектебінің алғашқы директоры Ғаббас Исаев. №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп 63-ші түлектерін мектеп қабырғасынан ұшыруда. Оның ішінде 14 оқушы Алтын белгімен бітірген. Мектеп түлектерінің ішінде 21-і ғылыми дессертация қорғап, (оның ішінде) екі түлек ғылым докторы атанған.
№3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте білім алған түлектердің ішінде бүгінде елімізге танымал тұлғалар жетерлік. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Еңбек Ері», «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Білім саласының қайраткері Аягүл Миразова, ҚР Бас Прокуратурасының қызметкері, ІІІ сынып мемлекеттік кеңесші Ғабит Төреұлы, ҚР «Ерлігі үшін» медалінің тұңғыш иегері Оспанғазы Жанхожаев, тағы да басқалар. Орта мектепке 2015 жылдан бастап Динара Молдабаева (суретте) басшылық етіп келеді. Мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы мектеп директоры Динара Лесбекқызы баяндап берді.
-Мектепте 14 оқу кабинеті, бір спортзал, бар. Спортзал 2019 жылы мектепке жапсарлас құрылыс ретінде жаңадан салынды. Жылу қазандығы да осы жылы салынған.
Үш оқу кабинеті Президент тапсырмасына орай заманауи жиһаздармен жабдықталған. Тағы бір үш кабинет демеушілердің қаражатының есебінен жабдықталып отыр.
Мектепте оқушыларының қауіпсіздігін сақтау мақсатында 17 камера бар. Оның тоғызы ішке, сегізі сыртқа орнатылған.Мектепте 2022-2023 оқу жылында екі ауысымда 222 оқушы білім алды. Бүгінде 34 мұғалім қызмет етеді. Оның алтауы педагог-зерттеуші, сегізі педагог-сарапшы, алтауы педагог-модератор, біреуі І санатты жас маман. Жалпы маман тапшылығы жоқ. 2020 жылы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімін Тараз қаласындағы педагогикалық институтқа сұраныс жасап қабылдаған болатынбыз. Енді бір-екі жылдың көлемінде математика пәнінің мұғалімі зейнетке шығады. Сондықтан бұл маманға да ЖОО сұраныс жасайтын боламыз,- дейді мектеп басшысы.
Мектепте балалардың ой-өрісін дамыту, өнерге баулу мақсатында домбыра, шахмат, робототехника үйірмелері жұмыстарын жүргізуде. Аталған үйірмелерге қатысатын оқушылар аудан, облыс көлемінде түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Сонымен бірге мектепте күрес, асық ату, үстел теннисі үйірмелері де бар.
Алғашқы әскери дайындық пәнінен «Сапта жүріп ән айту» патриоттық әндер байқауынан оқушылар аудандық байқауда І орын, облыстық байқауда ІІ орынды иеленіп қайтты. Мектепте кітап оқуға құмар оқушылар жетерлік. 2018 жылы аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың ұйытқы болуымен оқушыларды кітап оқуға ынталандыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен «Кітап – ғажайып қазына» атты байқауынан Анар Қаңтарбаева атты оқушы бас жүлдені жеңіп алып, Астана қаласына тегін саяхаттап қайтқан болатын. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Үздік кондитер -2023» сайысы ұйымдастырылып, 9 сынып оқуышысы Роза Трибосын қатысып, ІІІ орынды иеленіп, бағалы сыйлық пен марапатталды. «Оқуға құштар мектеп» жобасымен да мектепте жүлделі орындардан көрініп жүрген шәкірттер жетерлік. Соның бірі 2022 жылы 3 сынып оқушысы Ақжібек Орынбай «Балалар оқулары» атты аудандық байқауының жеңімпазы атанды.
Үстіміздегі жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңіне белсене қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленгені үшін 9-11 сынып оқушылары Айляра Айшықбек, Ақниет Рысбек, Көркемжан Еділбай, Мөлдір Әділбай және Аруна Мірәлі аудандық білім бөлімі басшысының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
Сонымен қатар шахматтан Даяна Орынбай облыстан II-III дәрежелі дипломдармен, Жайнар Ақберген облыстық турнирде I дәрежелі, Ақсезім Ермағанбет II дәрежелі дипломмен марапатталды. Аудандық зерттеу жұмыстары шығармашылық жобалар конкурсының «Жаратылыстану» секциясында Ермұхамед Руслан, Айару Молдабай, Әділхан Нұрмахан II дәрежелі Дипломмен, «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің секциясынан Сания Тұрсынхан II дәрежелі Дипломмен марапатталды. Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде география пәнінен Назерке Әуесхан II дәрежелі дипломымен марапатталды. Оқушылар республикалық, халықаралық білім байқауларының жеңімпазы атанды.
Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде үздік тәжірибелері үшін тарих пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Саудабаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұргүл Қадырбаева білім бөлімі басшысының Алғысхатымен марапатталды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бектұрған Жарлықапов бұқаралық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін және облыстық білім басқарамасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» Құрмет грамотасымен марапатталған.
Мектеп түлектерінің білімін таразыға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының қорытындысына сәйкес, өткен оқу жылында аудандағы 30 мектептің ішінде №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп жақсы көрсеткішімен ІІ орыннан көрінді. Яғни, білім сапасы 89,5 пайызын көрсетті.
Мектепті өткен оқу жылында 16 оқушы аяқтаса, оның тоғызы ЖОО-на грантқа оқуға түсті, жетеуі ақылы негізде білім алуда.
Өткен оқу жылының түлегі «Елбасы» медалінің иегері Баян Әнуарбек мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен аяқтады. Мектеп түлектері негізінен Алматы қаласындағы үздік университеттерде мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда.
Ал, биылғы оқу жылында мектепті 13 оқушы тамамдауда. Бүгінгі таңда мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан өтуде. Еркеназ Сатылған, Мерей Ақберген 100 балдан аса балл жинады.
Мектепте ата-аналармен, мектеп түлектерімен байланыс жақсы жолға қойылған.
-Мектепте ата-аналарға арнап «Ашық есік күнін» өткен. Ата-аналармен түрлі тренингтер өткізіледі. Орын алған мәселелерді ортаға салып, бірлесіп, ақылдасып шешім қабылдауға тырысамыз. Жерлесіміз, аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Исаев, мәдениет үйі, ауылдық кітапхана, ардагерлер, әкелер, аналар кеңесімен мектеп тығыз байланыста.
Мектептің ардагер ұстаздары, түлектері де жиі кездесіп, тәжірибе алмасып тұрады. Түлектер ауылға келсе, міндетті түрде мектепке келеді. Мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылады. Оқушылар аға-әпкелерімен сырласып, сұхбаттасып, өздеріне қажетті мағлұматтарды алады, оларды өздеріне үлгі тұтады. Мұндай кездесулердің жастарға берері мол.
Ата-аналар да іс-шараларға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үлкендердің бала тәрбиесінде ықпалы зор. Сол себептен қандай да бір жағдай орын алса, ортаға алып, жан-жақты жұмыс жасайды.
«Адам ортаға білімімен емес, тәрбиесімен сияды» демекші, қазақы қаймағы бұзылмаған Қарабастау ауылында ауылға жанашыр, патриот азаматтардың қатары көп.
Мектеп түлектерінің алтын ұяларына деген көмегі зор. Мәселен, мектептің айналасындағы сәндік ағаштардың барлығы Миразовтар және Қошмамбетовтердің сыйы болатын. Одан бөлек мектептің қоршауы, баскетбол алаңының асфальтталуы, ауладағы субұрқақтың салынуы, 2013 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына тікелей асалысып келеді. Сонымен бірге жыл сайын үздік оқыған екі оқушыға компьютер, велосипед беріп, оқушыларды да ынталандырып, қуанышқа бөлеуде.
Сондай-ақ, жыл сайын мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер мектепке қажетті жиһаздармен қоса оқушыларға споттық киімдер, футбол доптарын алып береді. Мұның барлығы жас ұрпаққа үлгі болардық игі істер,- дейді Динара Лесбекқызы.
Иә, Билікөл өңірінен шыққан жасампаз, білімді, отаншыл, еңбекқор, өз ісінің майталманы бола білген азаматтардың қатары көп. Олардың бұл жетістіктері, мектеп басшысы айтқан игі істері жас ұрпақтың бойына ұлттық, адами құндылықтарды қалыптастырары сөзсіз.
Аталған мектептің мерейі әрдайым үстем болсын!

Айлин ҚАЙЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close