Basty bet
Қыс қыр астында…
облыстық штаб отырысында 2025-2026 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды
Жайдары жаздың жайма шуақ жылы күндері күз мезгіліне ауысып, ауа райы құбылудың сәл-ақ алдында тұр. Қыркүйек басталғалы (алғашқы күндері) күннің суытқаны анық байқалып, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аудандарында алғашқы қар жауды деген мәлімет әлеуметтік желілер арқылы хабарланды. Демек, күннің райына байланысты қысқы кезеңге дайындықты тағы бір пысықтау қажет деген сөз. Қыстың қамына кіріскенде, ең алдымен азық-түлік қорын дайындаумен қатар, отын-суды да молынан дайындаған жөн. Бұл ретте қысқы жылыту маусымына дайындық барысын тағы бір пысықтап алған артық етпейді. «Қамданған қапы қалмайды» десек, осынау маңызды мәселені мықтап ескергеніміз жөн.
Өткен аптаның жұма күні аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облысқа қарасты Талас, Сарысу және Жуалы аудандарының 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы штаб отырысын өткізді.
Көшпелі штаб отырысына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Еркін Алтишев, білім басқармасы басшысының орынбасары Күнімжан Жанқожаева, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жансая Еруова, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Абирхан Жанкулов, т.б. басқарма өкілдері, сонымен қатар, Талас, Сарысу және Жуалы аудандары әкімінің орынбасарлары, жоғарыда аталған аудандардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары, білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен аудандық орталық аурухана бас дәрігерлері, газ шаруашылығы, ауызсуға жауапты мекемелер және электр желілерін тарату мекемесінің басшылары шақырылды.
Штаб отырысының жұмысына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза қатысты.
Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ашып, жүргізіп отырды. Қанатбек Қайшыбекұлы ең алдымен штаб мүшелерінің назарын алдымызда қыс мезгілінің жақын қалғанына аударып, осы бағытта қыс мезгілінде облыс аудандары тұрғындарының жүріс-тұрыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның ішінде, әлеуметтік мекемелерде жылудың тұрақты әрі үздіксіз берілуін қадағалау қажеттігін ерекше атап өтті.
Жиын барысында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев аудандағы әлеуметтік мекемелердің қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, қазір өңірде қысқы жылыту маусымына дайындық барысы қорытындылану үстінде. Мекемелердегі жылыту қазандықтарының жағдайы жан жақты зерделеніп, орын алған кемшіліктер жойылуда. Онымен бірге, қатты отынмен жылытылатын мекемелерге қажетті тас көмір қоры түсірілуде. Ал табиғи газбен жылытылатын мекемедегі қазандықтар да жіті тексерілген.
Штаб отырысына төрағалық етуші облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек ауданда мектептердің жылыту қазандығын табиғи газға ауыстыру жайын егжей-тегжейлі сұрап, жылыту маусымы кезінде білім беру мекемелеріндегі жағдайды тұрақты назарда ұстаудың қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, басқа да әлеуметтік мекемелердің жылыту маусымына дайындық барысына назар аударылды.
Штаб отырысында Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов өңірлердегі 2025-2026 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаса, сонымен бірге, облыстық басқармалардың басшылары да жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.
Штаб отырысын қорытқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек әлеуметтік мекеме қазандықтарындағы ағымды жөндеу жұмыстарын тездетіп аяқтап, жауаптыларға қысқы жылыту мауысымына дайындықпен кірісіп, проблемалардың алдын алуды, от жағушы операторлардың біліктілігін арттыруды, сонымен қатар, қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау қажеттігін де қадап тапсырды.