Basty bet

Майдангер ұстаздың өмIр жолы өнегеге толы

Базарбай Байтақов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Жуалы ауданына қарасты қазіргі Рысбек батыр ауылында (бұрынғы Жамбыл ауылында) 1923 жылы туған. Әкесі Байтақ және анасы Зейнеп екеуінен төрт ұл, бір қыз тараған. Оның балалық шағы өсы өңірдегі Шұбарағаш ауылының баурайында өткен.

Кеңес ауылында ең алғаш ұстаздық қызметін бастаған тұста соғыс өрті де бұрқ ете қалды. Отан қорғауға аттанған барша ер азаматтармен бірге 1942 жылдың наурыз айында майданға аттанып, 543-ші қосалқы атқыштар полкына түскенде Базарбай небәрі 19 жастағы бозбала еді. Сталинград шайқастарында және басқа да қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында жүріп, 1944 жылдың қыркүйек айында ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Денсаулығына байланысты елге оралып, ұстаздық қызметін қайта жалғастырған. Жастайынан ұстаз болуды мақсат еткен көзі ашық азамат мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқара білді. Сол тұста партияның қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Тау баурайында туып-өскен жас өрен жастайынан өнер-білімге, табиғатынан қоршаған ортаны таза ұстауға, ұқыптылыққа, жинақылыққа, нағыз ерге тән бірсөзділікке тәрбиеленіп, дағдыланып өседі.
Бар ғұмырын білім саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған ізденімпаз, еңбекқор жан қолы қалт еткенде кітап оқып, жаңа дүниелерді игеріп-меңгеруге, үйдің әсемдігіне, бау-бақшаның жайқалып өсуіне, тал егуге жаны құмар болған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалды ұстанып, өзі тұрған үйінің айналасын түрлі жеміс ағаштарымен көмкерген бағбан да бола білді. Бауырларына үнемі қамқорлық жасап түзу жолда жүрулерін, еліне қалаулы азамат болу керектігін қадағалауда ұстаған. Волейбол спортын ерекше жақсы көрген.
1945 жылы Алшакүл есімді арумен отбасын құрып, Қасымбек есімді тұңғыш ұлдары дүниеге келеді. Одан кейінгі жылдары Түркістан қаласындағы педагогикалық техникумды аяқтап, 1952-1957 жылдар аралығында бұрынғы Қоғалы бастауыш мектебінің директоры қызметін атқара жүріп, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және 1960 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқи жүріп, ұстаздық қызметін жалғастыра береді.
1959 жылы Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің директоры болып тағайындалған. 1966 жылы өзінің тікелей бастамасымен мектеп ғимаратының алғашқы іргетасының қалануына және осында саналы, білімді ұрпақтардың тәрбиеленіп өсуіне аянбай тер төккен. Жалпы білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, тер төккен нар тұлғалы, көпке сыйлы азамат Базарбай Байтақовтың жас ұрпаққа саналы білім берудегі еңбегі ескеріліп, «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» және «За трудовое отличие» медалімен, «Ұлы Жеңістің 10 жылдығы» және «Еңбек ардагері» т.б. медальдармен марапатталған.
Ұлы Отан соғысының және білім, оқу-ағарту саласының ардагері Базарбай Байтақов отанасы Алшакүл әжей екеуі отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген көпке үлгілі отбасы болатын. Бұл отбасында тәрбиеленген ұл-қыздар – Қасымбек, Әлібек, Қалибек, Қанабек, Ағабек, Ғабит, Гүлнәр, Күлән және Гүлшарап өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Арасында әке жолын қуғандары да бар. Бүгінде ата-әжелерінің көзіндей болып, немере-шөберелер және шөпшектері бақытты ғұмыр кешуде. Өсірген ұл-қыздарының өмірде өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кешуі, білім мен ғылымға, тазалыққа, ұқыптылыққа, парасаттылыққа құштар болуы ардақты әке мен ананың оларға берген тәрбиесінің жемісі.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Байтақовтар әулетінің тұңғыш перзенті Қасымбек Базарбайұлы әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Ол ұзақ жылдар Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы қазіргі С.Бәйтіков атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Атаның салған соқпағын кейіннен немерелері де лайықты жалғастыра білгені көңілге медеу.
Қасиетті Жуалы топырағының дамуына және Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған ардагер азамат Базарбай Байтақов 1981 жылы 4 сәуірде 57 жасында дүниеден өткен. Бойында нағыз ұстазға тән парасаттылық, байқампаздық, шынайылық, әділдік секілді адами қасиеттерді жинақтай білген, асыл азаматтың өнегелі өмір жолы жас ұрпақтың жадында ұзақ жылдар жаңғыра беретініне дау жоқ. Оның үстіне ел таныған асыл азаматтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз бар. Ата ұлағатын ұлықтаған ұрпақтары Ұлы Отан соғысының ардагері Базарбай Байтақовтың 100 жылдығына орай жас ұрпаққа өнегелі іс-шаралармен атап өтуді жөн көріп отыр. Ұстаз ұлағатын жас ұрпақ ұмытпайды.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close