Basty bet
2024 жыл: Ел азаматтарын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Әлқисса!
Әрбір жаңа күннен, ағарып атқан таңнан, тарихтың жаңа парағын ашып енген әрбір жаңа жылдан жақсылық күтетін халықтың өкіліміз. Аллаға жалбарынған сәтте: «Ескі жылда есірке, Жаңа жылда жарылқай гөр» деп тілейтініміз де сондықтан болса керек…
Қоян жылын тарих қойнауына шығарып салып, күні кеше ғана бүкіл халық болып есігімізді ашып кірген Ұлу жылын жақсы ниетпен қарсы алдық. Шын мәнінде, әрбір келген жылдың өзіндік өрнегі мен өзіне тән ерекшеліктері болатынын жақсы білеміз. Қоян жылы да ел өмірінде айтарлықтай әрі халықтың өміріне әсер етерліктей өзгерістердің көп болғаны анық. Қазір оның қайсыбірін тізбектеп отырамыз.
Бірақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты бастамасымен елімізде қолға алынған саяси реформалар өз жемісін бере бастады деп айтуға толық негіз бар. «Мемлекеттің басты байлығы мен негізгі капиталы – адам» дейтін болсақ, кейінгі жылдары халықтың тұрмысын жақсартуға мемлекет деңгейінде шындап көптеп көңіл бөліне бастады. Оның ішінде, алыс ауылдық елідмекендерде тұратын тұрғындарға тұрмыстық иігіліктердің қолжетімділігін арттыру жұмыстары барлығымыздың көңілімізге қуаныш ұялататынын қайтіп жасырамыз?! Өңірлердің қуаттылығын арттыруға да басымдық берілу үстінде. Мұның барлығы адамның өмір сүруіне жасалып жатқан жағдайлар екеніне күмән жоқ.
Ұлттың ұрпақпен өсіп, көбейетінін ескерсек, 2023 жылы Қазақстан халқының саны – 20 миллион адамға жетті. Бұл – ұлт санының ғана емес, ұрпақ сапасының да жыл санап артып келе жатқанын көрсетсе керек. Демек, бұл бабалардың өз ұрпағына қалдырған ұлан-ғайыр даласына ие болатын парасатты жас буынның қатары көбейіп келе жатыр деген сөз. Бұған да тәуба дейік!
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Табалдырықтан аттаған Ұлу жылынан көп үміт күтеміз. Болжамға сәйкес, бұл жыл халықтың тұрмысына жайлы, табысты әрі молшылыққа және сәттілікке толы жыл болады деген сенім бар. Лайым, жақсылық көп болсын.
Ал 2024 жылы Қазақстанда қандай өзгерістер болмақ? Халық тұрмысын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылмақ? Ұлу жылы басталар тұста осынау маңызды мәселелерге бір шолу жасағанды жөн көрдік.
Отандық ақпарат көздерінің мәліметтеріне қарағанда, биыл еліміздің бірқатар заңдарына енгізілген өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Осыған сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері өседі, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталып, балалар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы қандай өзгерістер болады? Бұл туралы алдағы топтамада толығырақ айтылады.
Қазақстанда ең төменгі зейнетақы, жалақы және ең төменгі жалақы көрсеткіштері өзгереді
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, ең төменгі жалақы 85 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды.
Ең төменгі жалақының өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға әсер етеді деген болжам бар. Сондай-ақ жалақы деңгейлерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын санатаралық біліктілік жүйесін ескере отырып қайта қарайды.
Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмысшының, оның ішінде, 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай кірісі артады деп күтілуде.
Декларациялаудың үшінші кезеңі енгізілді
2024 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады. Бұған дейін елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайларына қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Бұл кезеңде барлығы 2,6 миллион адам қамтылған болатын.
1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлемді қолданудың мерзімі аяқталады. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі енгізіледі.
Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми түрде іске қосылды
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін балаларға есептеуді көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пәрменімен аталған жобаның басталғаны туралы отандық телеарналар реми түрде хабарлады. Осыған сәйкес, балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алынбайды. Ел тұрғындары ең алдымен осыны ескергендері жөн.
Аталған жоба туралы қосымша айта кететін болсақ, Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үйді сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орындарында оқуға мүмкіндіктер бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Баланың туған күнінен немесе Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылып отырады. Шотта жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда мұндай құқығынан айырылады.
Біржолғы мемлекетік жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы өседі
Жаңа жылдан бастап сәби дүниеге келгенде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жәрдемақының көлемі өседі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Тиісінше көпбалалы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұлдың мөлшері көтеріледі. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайты хабарлап отыр.
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттің есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 140 296 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 232 596 теңге.
Ал отбасында егіз, үшем немесе төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.
Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы.
Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 21 266 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 143 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 32 859 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды.
Көпбалалы отбасылар қанша алады?
Кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы отбасына баланың санына қарай беріледі.
2024 жылы оның мөлшері:
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 118 366 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 14 768 теңгеден.
Марапатталған аналардың жәрдемақысы
2024 жылы «Алтын алқа» алқасы немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 7,4 АЕК немесе 27 321 теңге төленеді. Ал «Күміс алқа» алқасымен марапатталған аналарға 6,4 АЕК немесе 23 629 теңге жәрдемақы беріледі.
Марапатталған аналарға жәрдемақы ай сайын бюджет есебінен төленеді.
Зейнетақы мен жәрдемақы өседі
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 %-ға, ынтымақты зейнетақыны – 9 %-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға ілгерілеп арттыру көзделген.
2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды (2023 жылы – 120 838 теңге).
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше мысалы:
• 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды;
• мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;
• I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады.
Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 %-ға ұлғайтылады. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырады.
Арнайы әлеуметтік төлем енгізіледі
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге өнеркәсіп пен салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесін ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу жоспарлануда. Бұл ретте қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесі ескеріледі.
Кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алатын болды. Өткен жылы Президент тиісті Заңға қол қойды. Арнайы төлемді кемінде 7 жыл міндетті зейнетақы жарналарын төлеген 55 жастағы азаматтар ала алады. Сонымен қатар мұндай төлемнің түрі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға да беріледі. Қазір елімізде осы санатта 37 мың адам бар. Оларға жаңа жылдан бастап ай сайын 208 мың теңге көлемінде төлем беріледі деп күтілуде.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының аясында бірқатар тәсілдер әзірленді.
Заң жобасында төрт төлем көзінен тұратын МКҚК қарастырылған, оның бірі республикалық бюджеттен төленетін арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы.
Сонымен қатар қызметкерлерге қолданыстағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары арқылы БЖЗҚ-дан төлемдер алу құқығы берілген.
Төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін сізге зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстан шығу қажет болады. Яғни, қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады (еңбекақы мен жәрдемақы алады) немесе еңбек демалысына шығып, зейнетақы тағайындалғанға дейін төлемдерді ала алады.
Шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылғаны белгілі.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады. Осылайша, бақылаудың барлық салаларында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі.
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдан 2023 жылға дейін, яғни уақытша қабылданған еді. Ол 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Осыған байланысты Бірыңғай әлеуметтік төлемді төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық режимін таңдауы қажет.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады.
Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.
Бұл шара жас буынды қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен болады.
ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.
Газ баллонды жабдығы бар автокөліктерге байланысты өзгерістер туралы
Сонымен қатар жаңа жылдан бастап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы керек. Өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысының ережелерінде белгіленген болатын.
Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар, сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлікті оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттарды алған кезде саусақ іздерін тапсыру рәсімі басталады. Әзірге бұл процесс Қазақстан азаматтары үшін ерікті болады. Бірақ елімізге келетін шетелдіктер үшін бұл ереже міндетті болмақ.
Табиғи аумақтарды пайдалануға қатысты енгізілген өзгерістер
1 қаңтардан бастап Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемнің жаңа мөлшерлемесі енгізіледі. Бұл «Бурабай» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнына да әсер етпек.
2024 жылға арналған алым мөлшерлемелері мыналарға негізделеді:
– жаяу жүргіншіден – 0,1 АЕК (369 теңге);
– мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);
– жеңіл автокөлікке – 0,3 АЕК (1 108 теңге);
– сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 АЕК (3 692 теңге);
– 32 орынға дейінгі автобустар үшін – 2 АЕК (7 384 теңге);
– 32-ден астам орындық автобустар үшін – 3 АЕК (11 076 теңге).
Оның ішінде жеке/заңды тұлғалардың автокөліктерінен төлем ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін алынады.
Ең төменгі жалақының мөлшері
70 мың теңгеден – 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда ең төменгі жалақының мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.
Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде, бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері артады деп күтілуде.
Бірінші кезекте ЕТЖ-ны арттыру «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.
1 қаңтардан бастап балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды
Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік баждың мөлшерлері өзгереді. Осылайша, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты үшін мемлекеттік баж келесідей болады:
24 бет – 14 768 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 бет – 29 536 теңге (8 АЕК);
48 бет – 44 304 теңге (12 АЕК);
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты – 738,4 теңге (0,2 АЕК). Қазақстан Республикасы азаматының бір жыл ішінде екі реттен артық куәлік жоғалуына байланысты – 3 692 теңге (1 АЕК), азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі үшін – 29 536 теңге (8 АЕК).
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды. Бұл халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған нормалардың негізінде өзгеріп отыр.
«Қабылданған нормалар кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетуді, паспортты беру үшін оның беттерінің санына қарай, яғни мемлекеттік баж ставкаларын енгізуді көздейді. 16 жасқа дейінгі балаларға – 4 АЕК, 36 беттен тұратын төлқұжаттар – 8 АЕК, 48 беттік төлқұжаттар – 12 АЕК болады» деп хабарлайды ҚР ІІМ-ның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ құжат бастапқы жоғалған күннен бастап бір жыл ішінде жоғалған құжатты қалпына келтіруге екі және одан да көп рет жүгінген кезде жеке куәліктерді бергені үшін мемлекеттік баж салығы 0,2 АЕК-ден 1 АЕК-ге дейін ұлғайтылады.
Жалақының көлемі өседі
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы азаматтардың жалақысын көтеруге қанша теңге бөлініп отырғанын айтқан болатын. Осыған байланысты бұған дейін «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Мәжілісте таныстырылды.
Жауапты ведомствоның басшысы халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн теңге көзделіп отырғанын атап өтті.
Оның ішінде, 1,5 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін 100 млрд теңге бөлініп, тиісінше, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанып отыр,- дейді қаржы министрі Е.Жамаубаев.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге қатарстыру көзделген. Бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын төлейді
2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражатының есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудара бастайды. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде мұндай жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі.
«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады
2024 жылдан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие бола алады.
Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттардың негізінде келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Оны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінеді.
Автогаздың шекті бағасы бекітілді
Энергетика министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығымен республикадағы жанармай құю станцияларын тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілді.
Осылайша, 1 литр үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) есепке алғанда ең жоғары бөлшек сауда бағасы:
Астана – 76 теңге;
Алматы – 81 теңге;
Шымкент – 64 теңге;
Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге;
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге;
Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды облысы. – 76 теңге;
Жамбыл облысы – 71 теңге;
Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары. – 64 теңге;
Павлодар облысы – 74 теңге.
Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге.
Облыстың орталығынан шалғайдағы (200 шақырымнан астам) елдімекендер үшін де шекті бөлшек бағалар бекітілді. Бұйрық 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Айыппұлдың мөлшері айтарлықтай өседі
2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңгеге тең болатын. Енді 2024 жылдан бастап ол 242 теңгеге өспек.
2024 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептеп көрсек.
Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.
2024 жылдан бастап 1 АЕК 3 692 теңге, демек 3 000 АЕК 11 076 000 теңге болады.
Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2023 жылы – 18 460 теңге.
Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 73 840 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 184 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.
Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 2 АЕК, яғни 7 384 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынады.
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі
Ұлу жылындағы тағы бір өзгерістің бірі – бірыңғай уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты болып отыр. Биыл наурыз айынан бастап Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілетін болады. Бұған дейін ғалымдар мен сарапшылардың қызу талқысында болған мәселеге Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі нүкте қойды. Осыған сәйкес, тиісті түзетулер жобасы дайындалды.
Ендігі кезекте 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Осылайша, еліміздің барлық аймағы 5-ші сағаттық белдеуде орналасады.
Бір жыл бойы зерттеу жүргізген ғалымдар осындай ұсыныс жасап отыр. Қазір екі уақыт белдеуі бар. Бірақ сарапшылар елдегі табиғи уақыттың сәйкес келмеуі адам ағзасына теріс әсерін тигізуде дегенді алға тартуда. Биологиялық сағаттың бұзылуынан күйзеліс пен стреске шалдыққандардың саны көбейген. Сондықтан, мамандар тұтас ел бойынша уақытты бір сағатқа ауыстыруды ұсынып отыр. Тиісті бастама адамның өмір сүру ұзақтығына оң әсер етуі мүмкін. Мәселені түбегейлі зерттеу үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Зерттеулердің нәтижелері көпшіліктің назарына ұсынылып, алдағы уақытта қоғамдық тыңдауларда ашық талқылауға түспек.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі UTC+5 және UTC+6 жұмыс істейді. Батыс өңірлерді қоспағанда, еліміздің көп бөлігі UTC+6 уақыт аймағына бағынады.
Алайда, ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адамның денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынады. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағы бойынша бірыңғай стандартты уақыт белгіленетін болады.
Иә, қорыта келгенде, биыл ел өмірінде бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл – ең біріншіден уақыттың талабы болғанымен, екіншіден осынау оң өзгерістерді енгізу арқылы халықтың тұрмыс жағдайлары мен қарапайым тұрғындардың әлеуетін арттыруды көздейтіні айдан анық. Міне, Президенттің байыпты бастамалары биыл да халықтың игілігіне бағытталып отыр.
Отандық ақпарат көздері
мәліметтерінің негізінде дайындаған
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»