Basty bet
«Сот кабинеті» сервисін пайдаланайық
«Сот кабинеті» – халық үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуі үшін жасалған, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе. «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап-арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады.
«Сот кабинеті» арқылы электрондық құжаттарды сотқа жолдау үшін азаматтар мен заңды тұлғалар, біріншіден, жоғарыда аталған «Сот кабинеті» ақпараттық сервисіне тіркелуі тиіс. Тіркелу үшін ЭЦҚ кілті керек. ЭЦҚ кілтін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы Департаментінің Жуалы аудандық бөлімінен қысқа уақытта алуға болады.
Нәтижесінде «Сот кабинеті» ақпараттық сервисіне тіркелген тұлға оның пайдаланушысы болып табылады. Қолданушылар сервис көмегімен электронды түрде талап-арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеумен қатар, сотқа электронды түрде жолдаған құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды қадағалай алады.
Сотқа ұсынылатын арыз, өтініш, шағым т.с.с. рәсімделуі Азаматтық, Қылмыстық процестік кодекстерінде көзделген талаптарға сәйкес болуы қажет. Айта кететін мәселе, сотқа құжаттарды жолдау кезінде уақыт жағынан қандай да бір шектеу қойылмаған, яғни тұлғалар құжаттарын сотқа кез келген уақытта жолдай алады. Сәйкесінше сотқа тиісті түрде ұсынылған құжат сот кеңсесінің мамандарымен қабылданып, тіркеледі. Тиісінше пайдаланушы ұсынған құжатының статусын байқау мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар «Сот кабинеті» сервисінде онлайн татуласудың функциялары да бар. Функционал сотқа талап-арыз беру кезінде сервис тұтынушыларының алдына автоматты түрде шығады. Медиацияны жүргізу туралы шарттар мен дауды медиация арқылы реттеу туралы келісім үлгілерін жүктеп алуға болады. Функционалды қолдану жеңіл әрі сервис қолданушысына бірқатар мүмкіндіктер береді: екі тарапқа да қолайлы шарттар бойынша дауды сотсыз әрі тиімді шешуге, уақытты, ұзаққа созылатын сот процестеріне кететін моральдық және материалдық шығынды үнемдеуге болады.
Адвокаттарға, заң консультанттарына, процестің басқа да қатысушылары сот отырысының өткізілетін уақыты туралы мәліметтерді «Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылары компьютер немесе қолындағы смартфон арқылы көруіне болады. Пайдаланушылардың сервис мүмкіндіктерін білуіне және үйренуіне еш кедергі жоқ.
«Сот кабинеті» сервисінің жаңа мобильдік қосымшасы да бар. Пайдаланушыларды мобильдік қосымшада тіркеу сервисінің «Сот кабинеті» веб нұсқасына қарағанда артықшылықтары бар. Пайдаланушыны тіркеу процесі үшін «Сот кабинеті» сервистерін қолдануға пайдаланушы келісіміне алдын ала қол қойып, пайдаланушының ЖСН мен ұялы телефонының нөмерін көрсету жеткілікті. Пайдаланушы көрсеткен ұялы телефон нөмеріне смс арқылы қосымшада авторлану үшін құпия сөз келеді.
Тапсырылған құжаттар сервисі, қосымша пайдаланушысына мобильдік қондырғыға жүктеу мүмкіндігімен сот органдарына «Сот кабинеті» веб-сервисі арқылы жолданған барлық құжаттарды көруге мүмкіндік береді. Хабарлау сервисі, пайдаланушыға сот органдарына берген сот құжаттарының мәртебесін бақылап отыруға мүмкіндік бере отырып, сот процесі қатысушыларының күнтізбесі сервис, күнтізбеге оқиғаларды қосуға, сондай-ақ сізге процесс қатысушысы болып табылатын сот отырыстары туралы мәліметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»