Basty bet

Білімді ел – Мәңгілік ел!

Біз әріптес құрбым Айсұлу Датқабекқызы екеуміз әрбір келген жаңа жылдың қарсаңында баспасөзге уақтылы жазылуға күш саламыз. Оның ішінде, өзіміздің сүйікті басылымымыз – Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті, одан кейін Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Ана тілі» апталығы, республикалық «Егемен Қазақстан», «Сөз өнері», «Түркістан» және «Қазақ» газеттері, «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Денсаулық», «Емші», діни басылымнан «Иман» газет-журналдарына ерікті түрде жазыламыз.
«Білім босағадан басталады» дейді. Теледидар мен қалтафон қазіргі жастардың «бас ауруына» айналғаны жасырын емес. Үлкеннің де кішінің де таңның атысы мен күннің батысы соған телміріп отырғаны. Оның пайдасынан зияны шаш етектен.
Өкінішке орай, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің көбісі өзінің ана тіліндегі газет-журналдарды оқымайды. Даналық үйі саналатын кітапханаға аяқ баспайды. Көркем әдебиет оқу олардың түсіне де кірмейді. Бұл ұстаздар мен билік басындағыларға да тән құбылысқа айналып барады. Жасыратыны жоқ, отбасындағы қазақи тәрбие де оңып тұрған жоқ. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Балаға бірінші берілетін тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деген екен.
Елдік мәселе тіл тағдыры, ел мен жер тағдыры тартысқа түскен алмағайып тұстарда қаламгер қауым «бетің бар, жүзің бар» демей, билікке өз кесімін айта білгенін жақсы білеміз. Әсіресе аға буынның әрқашан шындық биігінен табылып, күрескерлік, қайраткерлік тұғырдан көрінгеніне тарих куә. Олармен халық та, билік те санасады.
Ел басқарып, әділ билік айтамын дейтін азаматтар, жас ұрпаққа сапалы білім мен жақсы тәрбие беруге құлықты ұстаздар ана тіліндегі басылымдарды үзбей жаздырып оқыса, олардың біліктілігі артпаса, одан кемімейді.
Таяуда Алматы облысының бір мектебінің жоғары сыныбының шәкірті сынып жетекшісінің басшылығымен 15 дана «Сөз өнеріне» жазылыпты. Осындай қолдауды ұстаздар қауымы қоғамға үлгі етіп көрсетсе, сауапты іс емес пе?!
Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан:
-«…Мемлекет идеологияға күнделікті бас ауыртуы керек деп ойлаймын. Ол идеологияның негізгі құралы газет. Ал, мемлекетке идеология керек болса, оған газетте керек. «Бұл – нарық. Газетке өзің жазыл. Оған ешкімді зорлауға болмайды» деген әңгіме Еуропада немесе Америкада жүретін шығар. Ол Қазақстанда жүрмейді. Сондықтан мәжбүрлеу керек! Бұл қадам «Оқы, адам бол!» деп мәжбүрлеу. Қазақта «Адамға намаз үйреткен – таяқ» деген нақыл бар. Адам жақсы нәрсеге талап қою арқылы үйренеді…
Мұғалім – …№1-ші зиялы. Сонда газет оқымайтын интеллигенция бола ма?! «Педагог мәртебесі» деген заң бар. Соған салсаң, «Газетке мәжбүрлеп жаздыруға болмайды… Ал енді кейбір мұғалімдердің әлеуметтік желіге жазғанын оқыңдаршы, бір сөйлемнен 7-8 қате кетіп отырады. Осы орайда менің бір өтінішім «журналистер туралы» бөлек заң қабылдау керек»,- дейді.
Ел газеті – «Егемен Қазақстанның» №65 санында Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның әлеуметтік желі арқылы білім саласының қызметкерлерін газет-журналға жазылуға шақырғаны туралы мақаласын оқып шықтым. Тілші Ғалымжан Елшібай да ойласуға «Баспасөзге жазылуды өзімізден бастайық» деген мақаласын оқырманға ұсынады.
Құрметті оқырман қауым! Ғаламтордың торлаған қауіпті бұлтынан арылу үшін Сіздерді газет-журналға жазылуға, яғни рухани азық алуға шақырамын. Ғаламторда тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпараттар өте көп. Одан абай болу қажет.
Газет-журнал – өмірдің нағыз айнасы. Онда басылатын материалдар негізінен өңделіп, бүтінделіп, сараланып барып қана жарияланады. Ұлттық идеология ұлттық баспасөзбен таралады. Бүгін газет-журнал оқымаған бала ертең кітап бетін ашпайтын сауатсыз болмай ма?! Соңғы жылдары «мәжбүрлемеңдер» деген бір сөзбен-ақ жазылымның жолы кесілуде. Мерзімді басылымдарды және әдеби кітаптарды көп оқитын мұғалімнің сөздік қоры мол, шешен болатыны мәлім. Көп оқыған адамның ой-өрісі де кең.
БАҚ – білі білгенге, үлкен құрал, идеологиялық қару. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Құрметті оқушылар» деген мақаласында газеттің не үшін керектігі жөнінде төрт себепті атап айтады: «…Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшінші газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші»,- дегені бар.
Жанат Арысбекқызының жалпы қоғамды мерзімді баспасөзге жазылуға бағытталған үндеуін қолдауға шақырамыз. Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңіз ең алдымен, өзіңіз еңбекшіл болуыңыз қажет. Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана жақсы азамат болып қалыптасады. Баланы жастан жұмсап, жүгіртіп істете беру керек. Еңбекшіл азамат содан қалыптасады.
Ардақты оқырман қауым! Газет-журналды және кітапты оқыған кезде осы ескертпелерді есте ұстаған абзал болар. Сонда ғана қара сөздің құлжасы, өлең сөздің ұстасы болатының анық.
Көңіл – гүл, тіл – бұлбұл. Ұлы Бабалардың тілі болған қазақтың гүл тілінде көсіліп сөйлеп, ой қорытып үйренуге жетелейтін ана тілдегі газет-журналға жазылайық!
Баспасөзге қолдау көрсетудің маңызы зор.

Айлин ҚАЙЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close