Basty bet
Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру жолындағы игі бастамалар
Кез келген ел ең әуелі әлеуметтің әл-ауқатын реттеуге басымдық береді. Сол себептен де Президент Әлеуметтік кодексті әзірлеу туралы бастаманы 2020 жылы көтергенімен кейінгі Жолдауларында жобаны толықтыратын, тұздық болатын ұсыныстар айтып келеді. Демек Президент тапсырмасы қолданыстағы заңнамаларды жетілдіріп, біріздендіруге арқау болып отыр.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өсті. Осы жағымды жаңалыққа орай аудандық “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік коорпорациясы” КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Жуалы аудандық бөлімінің басшысы Мұрат Сапаевпен сұхбаттасып, халыққа барынша түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық.
-Мұрат Жамалбекұлы, үстіміздегі жылы әйел-аналар, жас отбасылар үшін жақсы жаңалықтың бірі бала күтімі үшін бір жасқа дейін берілетін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды. Бұл төлемақы 2023 жылы туылған балалар үшін ғана беріледі ме, әлде бұрын алып жүрген аналарға да беріледі ме? Сонымен бірге төлемақының көлеміне тоқталып өтсеңіз.
Жалпы ауданда бала күтіміне байланысты жәрдемақы алатын аналардың саны қанша?
-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында балалардың ең маңызды шағында ата-аналары жанында көбірек болуы үшін бұл мәселені айтқан болатын.
Төлемақы 2022 жылдың бірінші қаңтарынан кейін өмірге келген балаларға беріледі. Мәселен, бала 2023 жылы бесінші қаңтарда бір жасқа толса, төлемақы сол уақытпен тоқтап қалмайды, бір жарым жасқа автоматты түрде ұзартылады.
Ауданда бір жарым жасқа дейін төлемақы алатындар саны 2023 жылдың 1 қаңтарына 1167 адам.
Төлемақы бірінші балаға 19 872 теңге, екінші балаға 23 495 теңге, үшінші балаға 27 083 теңге, төртінші және одан жоғары бала саны үшін 30 705 теңге төленеді. Бұл еш жерде жұмыс істемейтін аналарға төленетін сомма.
-Бала туылғанда бір рет берілетін жөргекпұл көлемі өсті ме?
-Иә. Өткен жылы жөргекпұл көлемі 1-3 балаға 120 840 теңге болса, биылғы жылға бірінші, екінші, үшінші бала үшін 131 100 теңге, төртінші және одан жоғары бала туылғанда (өткен жылы 200 340 теңге болған) 217 350 теңге болып белгіленді.
-Көпбалалы отбасыларға бала санына қарай төленетін жәрдемақы мен “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне төленентін жәрдемақы көлемі жайлы айтып берсеңіз.
-Көпбалалы, яғни төртінші балаға (бала 18 жасқа толғанға дейін немесе күндізгі бөлімде оқитын болса, 23 жасқа дейін төленетін жәрдемақы) 55 304 теңге, бесінші балаға 69 138 теңге, алтыншы балаға 82 973 теңге, алтыншы және одан жоғары бала саны үшін 96 807 теңге төленеді.
Ал, “Күміс алқа” мен “Алтын алқа” үшін 22 080 теңге төленеді.
-Жыл соңынан бастап қазақстандықтарға бұл жәрдемақыларға тиісті орынға бармай-ақ, үйде отырып өтініш беру мүмкіндігі берілді. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші?
-Иә, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында “eGovmobile” қосымшасында “Цифрлық құжаттар” бөлімінде “Көпбалалы отбасына жәрдемақы алушы” санаты бойынша жәрдемақы алушыларға көпбалалы отбасы үшін куәліктің цифрлық нұсқасын көрсету қызметі енгізілді. Бұл қызметті жүзеге асыру көпбалалы отбасы үшін электронды нұсқадағы барлық деректері автоматты түрде жаңартылады.
Қысқасы, төлемақы алуға үміткерлер үйде отырып-ақ, электоронды түрде өтініш беріп, жәрдемақылары тағайындалуда.
-Зейнетақы мөлшері қаншалықты өсті?
-Бұрын орташа айлық есептік көрсеткіш 46 АЕК болса, қаңтар айынан бастап 55 АЕК болды. Осыған қарай зейнетақы мөлшері де көбейеді. Сонымен қатар ең төменгі, яғни ынтымақты зейнетақы 53 076 теңге болды. Базалық зейнетақы 24 341 теңгемен яғни 54 пайызбен есептелсе, биылдан бастап 60 пайызбен есептеледі. Зейнетақы он жыл еңбек өтілі бойынша осы есеппен есептеледі де әрі қарай әр жылға екі пайыздан қосылады. 30 жылға дейін солай есептеледі де әрі қарай қанша жыл болса да базалық зейнетақы 40 567 теңге болды.
Жалпы барлық жәрдемақылар жаңа белгіленген АЕК бойынша есептеліп төленеді.
-2023 жылға тағы қандай өзгерістер бар?
-Биылдан бастап Карабах жерінде әскери борышын өтеген азаматтарға да жәрдемақы тағайындалуда.
-Жоғарыда аталған жәрдемақылар мен зейнетақыны біздің ауданда қанша кісі алады?
-Жасына байланысты зейнетке шыққандар – 5710, мүгедектер – 1589, асыраушысынан айырылған жандар – 599, 153 тыл ардагерлері бар, 714 әртүрлі жәрдемақы алушылар.
Төрт баладан жоғары бала саны бар көпбалалы отбасылар – 2214, Күміс, Алтын алқа иегерлері- 1370, мүмкіндігі шектеулі балаларға қарайтын жандар саны – 321, жалпы барлық мемлекеттен түрлі жәрдемақы, төлемақы алатын жандар ауданда 18 713 жан.
-Әңгімеңізге рақмет! Лайым, халықтың әл-ауқаты жылдан-жылға көтеріле берсін!
Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”