Basty bet
Әке ұлағатын ұрпақтары ұмытпайды
Менің әкем Мейман Қожаназаров 1924 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Ол да өз замандастарына еліктеп, есейіп ержеткен соң мұғалім болуды армандады. Мейман Қожаназаров өзінің жалынды жастық шағын соғыста өткіземін деп ойлаған жоқ еді.
1941 жылы алғашқылардың біpi болып әскерге алынған ол төрт жыл бойы Калинин майданының 332-дивизиясындағы 119-шы полкінің 1-батальонында соғысты. Кейіннен Украина, Беларусия, 1-Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысты. Осынау сұрапыл соғыстың соңына дейінгі жорықта қатардағы жауынгерліктен әскери бөлімше командиріне дейін көтерілді. Қан майданда жүріп қазақ батырларына тән батылдық пен өжеттілік, алғырлық пен тапқырлық, қырағылық сияқты барлық қасиеттердің бойында бар екенін көрсете білді.
1943 жылы Украина майданында батальон командирі майор А.Евсеев екеуі орман ішінде үш неміс барлаушысымен бетпе-бет келіп, автоматтан оқ жаудырып, екеуін жер жастандырып, ал біреyін тірідей қолға түсірген. Осылайша біздің әскер командирлерінен «тіл» әкетпек болған жау барлаушыларының өздерін қапы қалдырып, қақпанға түсіргендері үшін әкеміз М.Қожаназаров Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен марапатталған.
Жоғары Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығы бойынша Витебск қаласын азат еткендері үшін «Алғыс хатын» 1944 жылы шілдеде бөлім командирі, майoр Блиндер өзі қол қойып, әкемізге табыс еткен. Бұл әкеміздің соғыстағы ерліктерінің бір-екеуі ғана. Сұрапыл соғыс кезінде үш рет ауыр, екі рет жеңіл жарақат алып, 1945 жылы өзінің туған еліне үлкен қошеметпен оралды.
Әкеміз ақ құба өңді келбетті, етжеңді ірі денелі кісі болатын. Домбыра, сырнай тартып, мылтық атып, салт аттың үстінде атойлап шабатын кездері аз емес еді. Ол кіcінің майдандағы ерлігі туралы Жуалы aудандық «Жаңа өмір», Жамбыл облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газеттерінде көптеген мақалалар жарияланды. Жамбыл облыстық теледидарынан бірнеше мәрте арнайы хабарлар берілді. Бұрынғы Казанка, қазіргі Кәріқорған aуылының орта мектебінде 1985 жылға дейін ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, зейнетке шықты. Сол жылғы наурыздың 11-ші жұлдызы күні I дәрежелі Отан соғысы орденімен екінші мәрте марапатталды.
Әкеміз Мейман бейнеттің зейнетін бір жыл ғана көріп, 1986 өмірден өтті. Өмірдегі өз парызын өтеп кеткен әкемізді ұрпақтары, ел-жұрты ұмытпайды. Кәріқорған aуылының орталық көшеcіне ол кісінің есімі беріліп, жыл сайын облыс, ауданаралык М.Қожаназаров атындағы бокстан өткізілетін турнир соның дәлелі. Жамбыл облысының орталық мұражайында деректер жинақталып, Тараз қаласының Ұлы Отан соғысы аллеясында ол кісінің есімі мәрмәр тасқа қашап жазылған.
Сол кезеңде аудандык партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен әкімі, мәслихат хатшысы қызметтерін атқарған азамат Естемес Аманбеков, біршама жыл аудан көлемінде ұстаз болған, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев әкеміздің сауатты, үлкен жүректі, елге сыйлы ұлағатты ұстаз болғанын айтады.
«Орнында бар оңалар» демекші, Мейман әкемізден тараған ұрпақтары әке салған сара жолмен жүріп келеді. Ұлағатты ұстаз, үлгілі отбасының отағасы болған әкеміз Мейман мен анамыз Анар төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар болатын. Ол кісінің жолын ұлы Шарханбек, келіндері Құрбанкүл, Бағдат, Шамкүл, Умиягүл, немерелері Аян, Клара қазіргі таңда ұстаздық қызметті абыроймен атқаруда.
Біздің үйде әкемізден мұра болып қалған, әрі сұрапыл соғыстың куәсі болғандай Ұлы Отан соғысының І, II дәрежелі ордендері, 12 медаль және де ең құндысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі даңқты қолбасшы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры, Германиядағы кеңестік әскери әкімшілігінің басшысы, әрі сондағы кеңестік әскерлердің бас қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы, Г.К.Жуков пен әскери Одақтың мүшесі, генерал-лейтенант К.Ф.Телегиннің 1945 жылы 17 қазан күні әкемізге берілген «Алғыс хаты», 1948-1950 жылдары Жуалы ауданында қызметте болған, даңқты партизан, Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтың визиткасын (есім хат) бойтұмардай сақтап келеміз.
Әкем марқұм «Ешкімнің шуда жібін үзбе, ешкімнің шынжырына көнбе» деген мақалды жақсы көруші еді. Тәрбие-тағылымы да солай болды. Еңбек ет, оқы, еңбек ет! «Еңбек еткеннің мерейі биік, кер жалқаудың көргені күйік» дегенді аузынан тастамаушы еді. Балалары айтқандарын екі етпеуге үйрендік. Кішкене кезімізден қолымыздан келгенді атқарып, берген тапсырманы орындап, тырбанып бақтық. Елдің алды болмасақ та, көштен қалған жоқпыз.
Қазір заман басқа. «Нарық дәуірі» дегенге етіміз үйреніп, соның ыкпалына мойынұсына бастадық. Әйтеуip, әрекет істеген адамның aузы ақтан арылмайды екен. Бүгінгі ғылым адамның санасынан тыс бір күш бар екенін мойындап отыр. Ал, біздің бабаларымыз, ол күшті Тәңірге, Құдайга, Аллаға балаған. Әруақ дегеннің бар екендігіне, оның бізді желеп-жебеп жүретініне күмәнсізбін. Өйтені, қатты қиналған, торыкқан сәттерімде немесе бір жақсылыққа бөленер алдында ата-анам түсіме кіреді. Мұны аталарымыз «аян берді» деп те жатады. Ертесіне таңертеңгі аста шелпек пісіртіп, Құран оқимын. Содан соң көңілім саябыр тауып, сабасына түсіп, бір түрлі орныққандай күй кешемін.
Бір сөзбен айтқанда, әкеміз бен анамыздың ұлағаты ұмытылмайды.
Рүстем ҚОЖАНАЗАРОВ,
майдангер Мейман Қожаназаровтың ұлы.
Ауданның Құрметті азаматы.
Кәріқорған ауылы