Basty bet
ОТБАСЫНДАҒЫ ӘКЕ МЕН АНАНЫҢ РӨЛІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деп атап өткені белгілі.
2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заңға қол қойды. Соның ішінде: «Неке (ерлі-зайыптылық) туралы» заңының 5-1-бабына сүйеніп отбасын қолдау орталықтары туралы нақты жазылып, статус берілді. Қазіргі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болып, отбасылық дағдарысқа ұшыраған жайсыз отбасылармен жұмыс істейтін орталықтар Қазақстан бойынша барлық облыс және аудандарда ашылуда.
Осы ретте, қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында Жуалы ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 29 шілдедегі №202 қаулысымен «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, былтыр қазан айынан бастап өз жұмысын бастады.
«Отбасын қолдау орталығы» – қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға әлеуметтік, заңдық және психологиялық көмек көрсету үшін құрылған ұйым.
Бұл бағдарлама зорлық-зомбылықтың кез келген түріне: физикалық, психологиялық, буллинг және басқа да зорлық-зомбылық түрлері, суицидке бейімділігі бар балаларды, сондай-ақ отбасындағы жағымсыз психологиялық климатқа ұшыраған балаларды анықтауға арналған. Осындай балалармен жұмыс жасау әлеуметтік бас тартудың, отбасылық проблемалардың және жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының алдын-алудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Осыған орай, 22 мамыр күні «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің директоры Жәмила Қалымбетова мен орталық психологі Айгүл Дарибаеваның ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары» бағдарламасының аясында «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!» тақырыбында «Ашық есік күндерін» өткізілуін жоспарлай отырып, аналарға ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, психологиялық тренинг өткізді.
Кездесуге көпбалалы аналар, педагог-психологтар және орта мектептің 5,6 сынып оқушылары шақырылды.
Кездесу екі мақсатта ұйымдастырылды. Біріншісі – «Отбасын қолдау орталығы» туралы ақпарат беру, орталықтың мақсат- міндеттерімен таныстыру, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) өз құзыреті шегінде тиісті жағдайларда мемлекеттік органдардың қолдауымен жұмыстарды үйлестіру, атқарылған жұмыстар мен көрсетілген көмектер туралы атап өту.
Айта кетерлігі, орталықта өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) барлық жағдай жасалған. Мәселен, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге бір ай мерзімге дейін орталықта жатын бөлмелерде уақытша тұру мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, әлеуметтік, психология және заңгер мамандарынан кеңес алуға болады.
Ал екінші кезекте отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында аналар қауымына тәрбиелеп отырған балаларына отбасының басты тірегі әкені пір тұту, отбасындағы әке мен ана рөлінің және бала тәрбиесіне көңіл бөлудің маңыздылығын ашу мақсатында тренинг өткізілді. Тренинг алдымен әр қатысушы өзін таныстырумен басталды. Ары қарай «Жанұя бақыты» жаттығуы, «Сөйлемді аяқта» әдістемесі, «Тыныштық сәті» және «Фермер» жаттығуымен жалғасын тапты. Одан бөлек, «Тілек шамы» әдісі арқылы қатысушылар бір-біріне шамды ұсына отырып, тілек тілеумен қатар, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Кездесу орталыққа экскурсия жасаумен аяқталды.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»