Basty bet
Ізгілік пен мейірбандықтың мейрамы
Құрметті жамағат, қадірлі жерлестер!
Баршаңызды күллі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!
Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.
Біздің елімізде осынау жарқын мейрамның алғашқы күні арнайы демалыс күні ретінде жарияланып, адамдардың құрбан шалуына, Аллаға жалбарынып, ізгі тілектер тілеуіне жағдай жасалған.
Баршаңызды қасиетті мейраммен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақыт, тыныштық, амандық пен өсіп-өркендеу тілеймін!
Айт қабыл болсын!
Игі тілек білдіруші,
аудан әкімі
Жалғас МҰРТАЗА