Basty bet

Поэзия

Ғашықтық біліне ме келбетімнен?

Өлеңде болғанымен ғашығым көп,
Өмірде өзім білем ғашығым жоқ.
Жазғанмен бұл өлеңді бас көтермей,
Басатын өлеңімді басылым жоқ…

Өмірде ғашығым жоқ, шын айтамын,
Өлеңге ғашықпын деп сыр айтамын.
Сап-сары сағынышым сансыратса,
Жылатып жүрегімді мұңайтамын.

Өлеңді махаббатқа құрағанда,
Ғашығың кім еді деп сұрағанда.
Өлеңде болғанымен өмірде жоқ,
Білмеймін не дерімді сұрағанға.

Жазамын сүйемін деп, күйемін деп,
Көп өлең көкірегіме түйемін деп.
Бәріңе мақтанышпен айта аламын,
Өлмейтін махаббатқа иемін деп.

Білмедім, сүйдім бе екен, сүймедім бе?
Отына махаббаттың күйгенімде.
Бітпейтін бұл не қылған махаббат деп,
Сенімін жоғалтқандай сүйгенім де.

Бар ма екен, мен сүйген жан жер бетінде?
Ғашықтық біліне ме келбетімде?
Жауапсыз махаббатты жырлай жырлай,
Ақын қыз көздің жасын көлдетуде.

Ғашықтық біліне ме келбетімнен?
Махаббат бесігінде тербетілгем.
Білмеймін мен сүйген жан осы күнде,
Жоқ болып кетті ме екен жер бетінен?!

***

Осы күнде осындай күйдемін мен

Ақынға ең ауыр жол бұйырыпты,
Көп өлең көмейінен құйылыпты.
Өзін емес, өзгені көп ойлайтын,
Ақынның демес едім күйі мықты.

Аллам берген өнерді қайтара алмай,
Өлең жазсам жаным да жай табардай.
Өлеңіңді оқитын жан болмаса,
Өтесің ақынмын деп айта да алмай.

Жиырма кітап жазсам да айта алмадым,
Ақын боп жұрт көзіне байқалмадым.
Алпыс жастан асқанда өлең болып,
Келіп тұрған өнерді қайтармадым.

Осы күнде осындай күйдемін мен,
Алпыс асып ақындық күйге еніп ем.
Аллам өзі аузыма сөз салған соң,
Өлең келер төгіліп-түйдегімен.

Жаздым сосын ғашық боп, сүйгенімді,
Махаббаттың отына күйгенімді.
Сезімім сел боп ақса, сенесіз бе?
Ұмытып кетем кейде “Үйдегімді”

Қайдасың, қайдасың деп бала ғашық,
Жыр жазам, атар таңмен жағаласып.
Көңілім көтеріліп көкке ұшады,
Ақ бұлтпен, аспандағы араласып.

Жүргендей махаббатта есем кетіп,
Жыр келді жүрегіме кешелдетіп.
Бейнені кездеспеген елестетіп,
Көз жасымды төгемін нөсерлетіп.

Осы күнде осындай күйге енемін,
Демеймін махаббатта жүлдегермін.
Махаббаты мәңгілік маған деген,
Қосағым бар, ақ-адал үйде менің.

***

Жанымды жамандықтан тазалайды

Түкпірін жүрегімнің мекендеген,
Өлеңді қалай, қайтіп бөтен көрем?
Атаққа жету үшін ақын деген,
Әлі де парызым көп өтелмеген.

Әлі де парызым көп өтелмеген,
Үмітім үзілмесе жетем деген.
Жазу бар жүрегімде жазылмаған,
Ойда жоқ оны жазбай кетем деген.

Арманым бәрін жазып кетсем деймін,
Армандаған арманға жетсем деймін.
Көзді ашып жұмғандай мына өмірде,
Ешкімге өкпелемей өтсем деймін.

Босатпай жүрегімді өкпешіл мұң,
Өмірдің оны айтуға жетпесін біл.
Адам қонақ өмірге білген жанға,
Әр күнің бос әуремен өтпесін құр.

Жазамын дәйім жырды таң алдында,
Айтарым менің әлі бар алдымда.
Осы бір өлеңімді жаза берсем,
Керемет тұрғандай ма бақ алдымда!

Сеземін өлеңдерім бақ боларын,
Өлең қып сезімімді хатқа орадым.
Бірақ та білмеймін мен өлең үшін,
Кімдер дос, кімдер маған жат боларын?!

Осындай ойлар күнде мазалайды,
Ойымды жазбай қалсам-таза қайғы.
Жүректен шыққан осы өлеңдерім,
Жанымды жамандықтан тазалайды!

***

Ұрпағымен адамзат көгереді

Қырық кетті қарамай аты шулы,
Елестеттім елуге қатысуды.
Қырық жылдай хабарсыз қалып жүріп,
Достарменен қарсы алдым алпысымды.

Жетпіс жаста бәріміз басты қостық,
Бала кезден бірге өскен, қайран достық.
Қыңқыл-сыңқыл көбейіп, күнде-күнде,
Сексенді де сеніммен күтіп, тостық.

Сексенде де сендіріп немерені,
Әлдилейміз әнменен шөберені.
Немере де, шөбере аман болсын,
Ұрпағымен адамзат көгереді.

Ұрпағымен адамзат көгереді,
Күтуге де үміт бар неменені.
Қылығымен, солардың қызығымен,
Әжелер де, бақытқа бөленеді.

Аман болсын әрқашан жақындарым,
Бір жыл қалды, сексенге жақындадым.
Татулық – бұл табылмас бақыт деген,
Тыңдаған жөн үлкеннің ақылдарын.

***

Торығу. Өтіну
(Ақын Светқали Нұржанның «Алматы. Торығу» өлеңін оқығаннан кейінгі ой-түйіндеме)

Қалдырып кетпе, Тас қала жұтаған үйді.
Кеңсайға кетпе, Қасына Мұқағалидың.
Ақынсың ба Сен, Жан-дүниесі торыққан.
Тас қалаға кеп, Қамалудан қорыққан!

Қайда деп жүрсең, Баяғы бұла дауысым.
Өмір заңы бұл – Болып тұратын ауысым.
Түсінбей жүрсең, Тіліне сұр бет қаланың.
Биікке шығып, Саф ауасын жұт даланың.

Далаға жетсең, Кеудеңді кеулеп самалы.
Тұтқын емессің, Бәрі де артта қалады.
Шығады жырың, Тамырдан қаның ағады.
Қақпасын ашып, Жүрегің от боп жанады.

Басына барып, Еске алсаң Мұқағалиды.
Жүрісіңнен-ақ, Сені ол бірден таниды.
«Мұңыңды айтшы, Жырыңды оқы, кел»,-дейді.
Ақын деген ол, Ешқашан мәңгі өлмейді.

«Келдің бе?-дейді, Келе ғой нағыз ақыным!»
Қимағандай ма, Қалдырып кеткен жақынын.
Қарғып тұрып ол, Естелік саған айта ма?
Мүрдесі қалып, Рухы бірге қайта ма?

Айтады ма екен, Тірлікке сыймай кеткенін.
Айтады ма екен, Кеңсайға қалай жеткенін.
Малдас құрып-ап, Сөз еткен кезде өмірін.
Көзіңе жас кеп, Босайды сонда көңілің.

Болса да сенің, Мұқағали ең жақының.
Елес боп сенде, Жоғала көрме Ақыным!!!
Басына бар да, Жан-жараңды бір емдеші.
Барып тұр, бірақ, Қасында қала көрмеші!

Өлең ғана өлмейді…

Кітапты көп оқыдым жас шағымнан
Күндіз қолда-
Түнінде бас жағымда.
Алпысың да жақсы екен, жетпісің де,
Сексенің де кеп қапты-ау қас-қағымда!

Сексен келіп қалғанда қас-қағымда,
Өмір бітіп қалғандай сасқанымда.
Өлеңіммен сырластым күндіз-түні,
Бәрін жиып басқаның тастадым да…

Өлең мені түсінді,
Мен өлеңді.
Не көрсем де өлеңнен көрем енді.
Өзге ештеңе мен үшін маңызды емес,
Тек өлеңмен көсегем көгереді.

Деген оймен қолыма қалам алып,
Осы сәтті жаныммен қалап алып.
Дүние-мүлік бәрі де қолдың кірі,
Өлең ғана өлмейді –
Қалады анық…

Мәңгі біргемін

Күйбең тірлік күйзелткен күндерімде,
Күнде ертеңмен күйбеңдеп жүргенімде.
Қайта айналып келмейтін қайран жастық,
Қадіріңді білдім бе, білмедім бе?!

Қадіріңді білдім бе, білмедім бе?!
Өлеңменен өткізген түндерімде.
Өлеңдерім өлмесе –
Мен де өлмей,
Өлеңменен мәңгілік біргемін де?!

Өлең қалса артымда өлмейтұғын,
Алыстарға құлашын сермейтұғын.
Сексен келсін бәрібір, тоқсан келсін,
Жаза берем күн-түні көрмей тыным.

Дегеніңе көндіреді

Бергің келеді –
Беретінің де жоқ.
Көргің келеді-
Көретінің де жоқ.
Сенгің келеді-
Сенетінің де жоқ.
Күнде күтесің-
Келетінің де жоқ.

Ойланып отырамын,
Өлең жазу-
Ол жай «шоқырағым».
Аллам,
Балаларымның алдында
Бұйырта көр,
Туған жерімнің топырағын.

Айтқың-ақ келеді,
Бірақ бастағы ой да бітті.
Мына жаста-
Біздер үшін той да бітті.

Жатсаң –
Ұйқың келмейді.
Күлкінің де сыйқы келмейді.
Бәрі жоқ болған соң,
Ақын да жаза бермейді.
Жазбайын десе –
Ақын жүрек маза бермейді.

Өнер қайда қалды?
Өлең қайда қалды?
Жас келген соң,
Сезім де «майдаланды».

Ыңылдасаң-
Ән де келмейді.
Ешкім оған көңіл бөліп,
Не болды деп,
Мән де бермейді.

Жазбаймын-ақ десе де,
Ақын жүрек жазады.
Сағат тілі сыртылдап,
Уақыт шіркін озады.

Жазғандары –
Жанының жалауы.
Осы емес пе,
Жүрегінің қалауы?!

Баратын жерге,
Өлеңсіз бара алмайды.
Сондықтан тағы,
Жазбай тыныш қала алмайды.

Осылай,
Өмір өтіп жатыр.
Өмірге біреу келсе,
Біреулер кетіп жатыр.

Жүрек жұлқынады,
Сезімі сендіреді.
Бәріне «кінәлі» ақындық,
Дегеніне көндіреді.

Ақын жүрек сезімге беріледі

Өлең келіп өзен боп құйылады,
Ақынның да бір Аллам сыйынары.
Жасағаным бір өзің жар бола гөр,
Қандай тағдыр алдымнан бұйырады.

Өлең келіп өзен болып құйылады,
Бар сияқты өлеңге «сыйым» әлі.
Күнім бітіп,
Талқаным таусылғанда,
Өлең өзі-ақ сол кезде тиылады.

Өлең келіп өзен болып құйылады,
Жақсы ойлар жаныма жиылады.
Төсегінен төрт тұрып ақын сол кез,
Аллам өзің жар бол деп сыйынады.

Өлең келіп осылай өріледі,
Жүрегінен жыр болып төгіледі.
Түн ұйқысын төрт бөліп өлең жазып,
Ақын жүрек сезімге беріледі…

Ақын жүрек көнбейді

Иә, Аллам, жар бола гөр, Жаратқаным,
Ұйқыға бүгін тағы қаратпадың.
Төрт тұрып төсегімнен өлең жазып,
Тағы да күтемін бе таң атқанын?!

Жатсам да ұйқы құрғыр келер емес,
Түрткілеп өлең маза берер емес.
Өлең мен ұйқы екеуі шайқасқанда,
Өліспей бірін-бірі жеңер емес.

Ұйқы – өліге тең дейді,
Өлеңді ұйқы жеңбейді.
Жазбайын деп жатса да,
Ақын жүрек көнбейді!

Жетер дедім

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Сырт көзге ұйқышыл боп көрінбегем.
Төрт бөліп түн ұйқымды,
Түнде тұрып,
Ұйықтамай жыр жазуға ерінбегем.

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
Өткені қанша сағат саналмаған.
Ұйықтарда оқымасам бір-екі өлең,
Бойыма ішкен асым таралмаған…

Өлеңді оқымасам нетер едім?
Өмірден өлең жазбай өтер ме едім?
Қалдырсам жазып-жазып жаным барда,
Жоғалмай келешекке жетер дедім!

Кейбір кезде

Кейбір кезде түсінбеймін өзім де,
Бой алдырып түсініксіз сезімге.
Өзім жазған өлеңдерді оқысам,
Мөлтілдеген жас тұрады көзімде.

Кейбір кезде түсінбеймін өзімді,
Не деуіме болады бұл сезімді?
Сыр бөлісер жан таба алмай жанымнан,
Іштен тынып, тауысамын төзімді.

Күлкі қашып, ұйқы қашып түнімен,
Сөзбен айтып бере алмаспын мұны мен.
Өз жайымды кімдер білсін өзімдей,
Сондай сәтте өлеңге кеп жүгінем!…

Жүрегімде жоқ болса

Бағым менің өлеңнен жанады ма?
Мені біреу ақынға санады ма?!
Махаббатты жырласам өмірімде,
Ақын қыз деп оң көзбен қарады ма?

Махаббатқа арналған өлеңдерім,
Дей алмаспын, одан мен төмендедім.
Жазар ма едім, жазбас па ем сезім жайлы,
Жүрегімде жоқ болса егер менің.

Жүрегімнің жазамын қалағанын,
Махаббат деп бұл жүрек салады әнін.
Өлеңдерім 18 кітап болды,
Оқыса егер түсінер балаларым…

Өлеңді оқып түсінсе балаларым,
Білмеймін не деп мені бағаларын?
Бұл неғылған бітпейтін махаббат деп,
Бөтен ойға қимасын аналарын.

Түсінсеңдер өлеңнен ана жанын,
Жаным барда жақсы өлең жаза аламын.
Тоқсан келсін бұл анаң тоқтамастан,
Махаббаттың әлі де салады әнін…

Сұрамайын десем де…

Заманым, сені сөз қылдым:
Десең де,
Неге сөз қылдың?
Түйсіксіздіктерді оздырдың,
Дарындыларды тоздырдың.

Заманым, сені сөз қылдың.
Десең де,
Неге сөз қылдың?
Есерлерді есіртіп,
Ерлеріңді ез қылдың.

Ертеңді қойдың ойлауды,
Жетістік дедік тойлауды.
Жалғандыққа жалпақтап,
Ойыншық еттік сайлауды.

Арамдықтар бұйырды,
Адамдықтар тиылды.
Көш басына көбейіп,
Парақорлар жиылды.

Қашанға барар бұлары?
Қара халықтың сұрағы.
Сұрамайын десем де,
Көкейімде тұрады…

Өлеңімде жүреді атым менің

Өлең айтқым келеді күнде менің ,
Өлең жазғым келеді түнде менің.
Келін болып келдім де кісі үйіне,
Өлең, өнер жайында үндемедім.

Үндемедім, 40 жыл үндемедім.
Білгенімнен көп еді білмегенім.
Алпыс келсін бәрібір жетпіс келсін
Жүрек өзі таңдады кім керегін.

Жүрек өзі таңдады кім керегін,
Өлең болып төгілді тың дерегім.
Жайып салдым жанымды жалпақ жұртқа,
Жүрегімде жасырып жүрген едім.

Өлең жаздым ағымнан ақтарылып,
Қалсын дедім өмірім хатқа кіріп.
Қуат берсе Құдайым алпыс жаста,
Ақындыққа жол тарттым «атқа мініп»

Ұрпағыма бұл жазған хатым менің.
Келмейді өзімді әлі ақын дегім,
Кейнгілер оқыса кітабымды,
Өлеңімде жүреді атым менің.

Мен білмеймін?

Мен білмеймін біреуге шағынуды,
Мен білмеймін біреуге жағынуды.
Қайран менің жүрегім, маған жұмбақ,
Қашан қояр екенсің сағынуды?

Қашан қояр екенсің сағынуды?
Жастайымнан жан едім жаны мұңды.
Сағынышым бітті ме деп жүргенде,
Есіме салдың бүгін тағы кімді?!

Есіме салдың бүгін тағы кімді?
Бүгін оның тыныш па, таңы нұрлы?
Қалам алып, хат жазсам қара өлеңнен,
Сағынышқа жеңдіріп сабырымды.

Сағынышым тауысса сабырымды,
Өлеңіме айтамын шағымымды.
Қалам алып қолыма ақ қағазға,
Селдетем екі көзден «жауынымды»…

Жеміскүл ІЛГЕРБАЕВА,
ақын, ардагер ұстаз, ардақты ана.
Қошқарата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close