Basty bet

Халықтың билерге деген сенімі артуда

Ауданымызда қазіргі таңда 43 Билер кеңесінің мүшелері тіркелген.
Жыл сайын осы құрметті қарияларымыздың еңбегінің арқасында жергілікті тұрғындар дауларды сотқа дейін жеткізбей өзара татуласып шешуде.
Билер әсіресе көп шешетін даулардың қатарына отбасы тұрмыстық, еңбек, жер, қарызды өндіру даулары, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша денсаулыққа зиян келтіру оқиғалары бар.
Халық соңғы жылдары сотқа барып уақытты құр кетіргенше, дауласушы жақтар Билерге жүгініп екі тарап өзара келісімге келген дұрыс шешім деп санай бастады. Бұл жолсыздық емес, бұл – өмірдің талабы. Сотта дауласып айлап жүргенше, Билерге жолығып дауды ортаға салып, қариялар дұрыс бір шешімін тауып беретініне күмән жоқ екенін кейбір жергілікті тұрғындардың көздері жетіп жатыр.
Әрине, сот арқылы шешемін деген азаматтар бар, алайда сот шешімі тура сол күні қарызын өндіріп бере алмайды, оның орындалуына уақыт қажет, заңды күшіне енуі керек, одан кейін сот орындаушыға сот актісі мен атқару парағы жолданады.
Мысалы, қарызды өндіретіндер бойынша сот шешімі сот орындаушыға жіберіледі, ол өз тарапынан қарызгерден өндіре бастайды. Алайда қарызгерде өндіретін табысы жоқ болса, атында мүліктері жоқ болса одан қалай және не өндіріледі, әрине сот орындаушы қарызгердің атында мүліктің және табыстың болмауына байланысты өндірісті орындаусыз кері қайтарады. Одан кейін, сот орындаушымен қайтарылған атқару парағы сот арқылы қайтадан сот орындаушыға жіберіледі, осылай уақыт өте береді, өндіруші қарызын өндіре алмай уақытын кетіреді.
Ал Билердің екі дауласушы жақты татуластыру үшін қолданатын әдісі – ол «Медиация».
«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан.
Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған үшінші тарап ретінде медиаторды яғни Биді танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің немесе сотқа дейінгі дауласушы жақтардың белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек:
2023 жылдың 5 айында, билермен сотқа дейін 34 азаматтық, 6 әкімшілік дау тоқтатылған. Сот барысында 48 азаматтық, 4 әкімшілік дау тоқтатылған.
Бұл көрсеткіш өсуде, яғни жергілікті халық Билерге деген сенімі артуда!

Рахат Мұсабек,
аудандық соттың
бас маманы,
сот жасауылы

Таңдаулы материалдар

Close