Basty bet
Кемел ойдың ордасы
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ағымдағы жылы қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» ұйымдастырылуда.
Осы ретте Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылдық модельді кітапханасында түрколог-ғалым, профессор, жазушы Немат Келімбетовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Кемел ойдың ордасы» атты портрет кеші өтті.
Шараның мақсаты – оқырмандарға ғалымның баға жетпес әдеби мұрасы, көркем туындылары мен аудармалары, ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалалары дүниежүзілік мәдениет пен әдебиетке асыл қазына болып қалғанын жеткізу.
Шараны ауылдық модельді кітапхананың кітапханашысы Жаңыл Мірсейітова жүргізді.
Кеш барысында №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушылары жазушы Немат Келімбетовтың «Ұлыма хат», «Қариялар» аталатын эсселерінен және «Күншілдік» сұхбат-диалогы, «Алып Ер Тоңға» дастаны, «Күлтегін» батырлар жыры, «Шіркін, біздің Шушикент!» көркем аудармасынан үзінділер оқып, «Үміт үзгім келмейді» атты монологынан Сұрым ауылдық клуб маманы Төремұрат Суалиев көрініс көрсетті.
Ал, кітапхана әдіскері Меруерт Сәтбай «Ұлттың рухын ұлықтаған жазушы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, оқырмандарды кітап оқуға шақырды. Сонымен қатар, кітапханашы Жаңыл Мирсейітова құдық тәрізді жасалған кітап инсталяциясына «Білім құдығы» деп ат бергенін айтып, инсталяцияның жасалуына кеңінен тоқталды.
Кешті қорытындылай келе, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Күләш Таубалдиева сөз сөйлеп, жиынға қатысқан белсенді оқушыларды және Сұрым ауылдық клуб маманы Төремұрат Суалиевті Алғысхатпен марапаттады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»