Basty bet

«Заң және тәртіп» қағидаты

Заң және тәртіп – елдің дамуы мен қоғам тұрақтылығының берік негізі!

Қоғамда Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында аудан көлемінде еңбек ұжымдарымен және өңірге қарасты ауылдық округтің тұрғындарымен маңызды жиындар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Өткен аптада осы бағытта Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Заң және тәртіп – адал еңбек, жауапкершілік және сапалы қызмет көрсетудің негізі» тақырыбында аудандағы коммуналдық сала және мекеме қызметкерлерінің қатысуымен пайдалы жиын ұйымдастырылды. Жиынның негізгі мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы заң үстемдігін нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды мәселелерді талқылау. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашып, құқықтық мәдениетті дамыту, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ортақ жауапкершілік екенін айрықша атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Заң және тәртіп» қағидатын ұсынғаны белгілі. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» консцепциясы бүгінгі қоғамның тұрақұтылығы мен дамуының негізгі тірегіне айналды. Бұл қағида жай ғана құқықтық нормаларды орындап, сақтау ғана емес, ол қоғамдық тәртіптің, азаматтардың құқығы мен бостандығының шынайы қорғалуын, мемлекеттік биліктің тиімділігіне қамтамасыз ететін кешенді идеология.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды» деп атап өткеніндей, Заң мен тәртіп – ең алдымен Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматына және барша халыққа ортақ құндылық. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған Тұжырымдама бекітілген. Атап өтетін болсам, Тұжырымдаманың аясында мынадай бағдарлар айқындалды.

Біріншісі- адам құқықтық сана мен мәдениеттің маңыздылығын түсінуі тиіс. Дәлірек айтқанда, құқықтық нормаларды үстірт қабылдаудан оларды саналы түрде сақтауға көшуге бағыт-бағдар алған жөн. Екіншісі – кез келген азамат мемлекеттің қауіпсіз орта қалыптастырып жатқанын, құқықтық тәртіпті бүзғаны үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын сезінуі керек. Үшінші – адам тек заңдарда сақтауға ғана емес, сонымен бірге мұндай мінез-құлықты өз ортасында насихатауға және қоғамның дамуына үлес қосуға ұмтылуы тиіс. Осы себептен біз бүгінгі жиында Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын Сіздерге жан-жақты түсіндіріп, талқылайтын боламыз,- деп атап өтті Анар Садыққызы.

Жиынның күн тәртібіне байланысты «Интернет алаяқтықтың алдын алу және жасөспірімдерді цифрлық қауіптен қорғау» тақырыбында аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ринатхан Заппаров баяндады. Баяндамашы интернет алаяқтықтың алдын алу және цифрлық сауаттылық мәселелері туралы кеңінен қозғап, жиналғандарға интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтықтың түрлері, жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын заңсыз әрекеттер туралы түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтарды «дропер» ретінде заңсыз әрекеттерге тартудың жолдары мен оның құқықтық салдарына назар аударылды. АПБ бастығының міндетін атқарушы Р.Заппаров тұрғындарды жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылай келе, заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Заңға құрмет – ел мен қоғамға көрсетілген құрмет! Ал, тәртіп пен жауапкершілік орныққан қоғамда ғана тұрақтылық пен қауіпсіздіктің нығая түсетіні анық…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close