Basty bet

Қой қоздап, қорада шу…

Наурыз айымен қатар келетін мал төлдету малшы үшін аса бір жауапты науқан болып табылады. Өйткені, наурыздың алғашқы күндерінен-ақ жердің тоңы жібіп, диқан қауымы соқа-сайманын сайлап, малшы төлдетуге бел шеше кірісетін қарбалас шақ туады. Қорада жаңа туған төлдің бірден енесіне ұмтылып, еміріне емгені, құлдыраң қағып ойнап кететіні, бәрі-бәрі қарап отырсаң ғажап көрініс емес пе?!

 

Мал төлдету – жауапты кезең. Қыстан малды қоңды шығарып, оның төлін аяқтандырып алу малшылардың басты мақсаты. Биыл ақпан айы жылы болғанымен наурыз басталғалы толассыз жаңбыр жауып, оның соңы қарға ұласуда. Ара-тұра күн күркіреп, көктемнің хабаршысы Наурызкөк те келіп қалды. Ал, аптаның ортасында күн тұманды болып, қыстың күндерін еске түсіргендей. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына қарамастан Қосбөлтек ауылынан Алатауға қарай бет алған тұста орналасқан қыстаққа жол тарттық.
Мұнда қосбөлтектік азамат Еркінбек Қартабаев қыстап, қой шаруашылығын қолға алған. “Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” демекші, шаруа ұсақ малдың жай-күйін, оның пайдасын жақсы біледі екен.
Қыстақ маңында бірнеше қора орналасқан. Бірінші қора-жайда Еркінбек аға шаруашылығын дөңгелетуде. Қораның ішінде қой қоздап, қозы маңырап у-шу. Құдды бір берекенің, молшылықтың ортасы іспетті.
Шаруаның айтуынша, алғашында сүт бағытында сауынды сиыр ұстап, зауытқа күніне 250-300 литрдей сүт өткізген екен. Кейіннен денсаулығына байланысты қой шаруашылығына қарай бет бұрған.
-Шаруа қожалық 2000 жылдардың тұсында құрылған. Қожалыққа “Мәдәт” деген атау бердік. Осыдан екі жыл бұрын “Атамекен” кәсіпкерлер палатасынан алты пайызбен 3 млн теңге несие алдым. Оған 86 бас қой, жем-шөбін сатып алдым. Қазіргі таңда шүкір, мал басы көбеюде. Мұнда 170-ке жуық, яғни, 90 бас аналық саулық, 70 қозы бар.
Мал төлдету науқаны ақпан айында басталды. Осы айдың аяғына дейін толық төлдеп бітеді. Мал қоңды. Сақпан уақытын жақсы өткізудеміз. Мал төлдеген уақытта ұлым келіп қолғабыс етеді. Қозыны қойдан бөліп, оның жаурап қалмауын қадағалаймыз. Уақтылы енесіне емізіп, дер кезінде қарап тұру қажет. Бір апта тек таза шөп беріледі. Одан кейін жем беріледі. Ол жұмыстардың барлығын өзіміз отбасымызбен атқарып аламыз. Қыстан қысылмай шығамыз деп отырмыз. Жем-шөп жеткілікті, – дейді шаруа.
Жалпы Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар “наурыз төлі” деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді. Бұл ойды Еркінбек аға да құптап, ата-бабадан қалған осындай дәстүрлерді қайта жаңғырту керек екенін тілге тиек етті.
-Қазақ халқында ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар бар. Оның ішінде малдың кез келген түрінен алғашқы төлін “Малдың төл басы” деп сақтаған. Ырзық, несібе деп оған тиіспеген. Кең жайлауда, қыстақта мал ұстаған жұрт қыстың сызынан аман шығып, көктемнің шуақты күндеріне мал төлдету уақытын туралаған. Содан жаппай Наурыз айы мал төлдеу науқаны деп аталған. Наурызда төлдеген бірінші төлге тиіспей, оның берекенің бастауы, малдың басы деп тиіспеген. Болмаса зекетке береді, кейде үлкен ұлының баласына бәсіреге атайды. Әкем бұл ұстанымды қатаң ұстанатын. Ал, қазір расын айту керек, бұл дәстүр қалып бара жатыр. Дегенмен алдағы уақытта мен де немерелеріме бәсіреге малдың төл басын атаймын деп отырмын.
Наурыз – жыл басы. Ұлыстың ұлы күні. Береке мен бірліктің бастауы. “Бармасаң, келмесең, бір-біріңе жат боларсың” демекші, араздасқан адамдардың татуласатын, көрісетін кешірім айы. Ұлттық мерекемізде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, қайта жаңарады. Қыстан аман шығып, жер бусанып, күн мен түннің теңелетін шағы.
Наурыз мерекесі Наурызкөк құсымен ерекшеленеді. Оны көргенде өзіміз “Ассалаумағалейкум, Наурызкөк жыл құсы. Аман-есен жеттің бе? деп амандасамыз. Жылдың хабаршысын көргендер Наурызкөже таратуы керек. Ауылда жыл сайын ағайын-туыс жиналып, Наурызкөже таратамыз.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Қора малға толып, молшылық жыл болуына тілектеспін, – деп ақ тілегін білдірді Еркінбек шаруа.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close