Basty bet

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет

облыстық комиссияның көшпелі отырысында жауаптыларға нақты тапсырма жүктелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткендей, қазір озық ойлы ұрпақ тәрбиелеп өсіру – қоғамның ортақ міндеті болып отыр. Жас ұрпақтың саналы болып өсуі ең алдымен аға ұрпақтың жақсы үлгі-өнегесі мен қоғамдағы орнықты тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты екені анық. Сонымен қатар, қазіргі таңда қоғамда өте өзекті болып отырған балалардың қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесі. Бұл ретте жасөспірімдерге жан-жақты көмек-қолдау көрсету – қоғам мүшелерінің ортақ міндеті.

Кеше аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Көшпелі отырысқа облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері, аудандық комиссияның мүшелері, жекелеген мектеп директорлары мен БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссияның Жуалы ауданында өткізілген көшпелі отырысын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізіп отырды.
Облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның күн тәртібінде балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдердің тәрбиесін қамтамасыз етуге қатысты бірнеше маңызды мәселе қаралып, жауаптыларға нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Жуалы ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу, суицидке жол бермеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауқымды баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде, балалардың жазғы демалысының ұйымдастырылуы, жазғы сауықтыру лагерьлерінің жай-күйі, олардың лагерьмен қамтылуы, одан бөлек, шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік, сонымен қатар, жасөспірімдердің құқығын қорғау бағытында аудандық прокуратурамен және полиция бөлімімен атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында қабылданған кешенді шаралар жайына кеңінен тоқталды.
Баяндамадан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ең бірінші кезекте жиналғандардың назарын жиналғандардың назарын балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын тиісті заңдылық тұрғысынан қамтамасыз етудің маңыздылығына аударып, бұл мәселенің ортақ міндет екенін ерекше атап өтіп, бұл бағытта негізінен орын алған жағдайлардың салдарымен күресу емес, қай мәселеде де алдын алу, профилактикалық түсіндіру, ағарту жұмыстарының сапалы ұйымдастырылуының маңызына тоқталды. Сонымен қатар, ол өз сөзінде, соңғы кезде Жуалы ауданының білім саласында арыз-шағымдардың тым жиілеп кеткенін айтып, аталған сала жұмысын ілгерілету үшін кейбір жекелеген мектептердегі ахуалды тұрақтандыру қажеттігін, сонымен қатар, мұғалімдердің тәрбиесіне де жете көңіл бөлудің қажеттігін атап өтіп, білім мекемелерінде туындаған проблемалық мәселелерді тек заңдылық аясында шешу керектігіне ерекше назар аударды. Айта кету керек, арыз-шағымдарға байланысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков жауап берді.
Екінші мәселе – 2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру, олардың бос уақытын сапалы ұйымдастырып, өткізуге арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы, кәмелетке толмағандардың еңбек тәртібінің сақталуы және лагерьлерге жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысы туралы облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндады.
Облыстық білім басқармасының басшысына да бұл бағытта жұмысты сапалы ұйымдастырудың қажеттігі ескертіліп, қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету міндеттелді.
Отырыста облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Салықбаеваның, Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекованың және Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің де ұсыныс-пікірі назарға алынды.
Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысын қорытқан Серік Сәлемов, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты міндет екенін айта келіп, жауаптыларға хаттамалық негізде нақты тапсырма жүктеді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close