Basty bet

Заңнама талаптары тұрақты қамтамасыз етілуде

Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес және 2025 жылдың 26 қазанына тағайындалған Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлауына байланысты, т.б. комиссияда атқарылған жұмыстар туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрзия Алтыбаевамен сұхбат.
– Нұрзия Бахторазқызы, ең алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес қандай ауқымды іс-шаралар өткізіліп, нендей жұмыс атқарылғаны туралы айтып берсеңіз?
– Сайлау туралы Заңының 24-бабы 5-тармағына сәйкес, 2025 жылғы 1-ші қаңтардағы жағдай бойынша жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер қорының негізінде сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша олардың тізімін өзектендіру жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып, аудандық аумақтық сайлау комиссия аудан әкімдігі ұсынған сайлаушылар туралы мәліметтерді салыстырып, тексеру жұмысын жүргізді. Дәл осындай жұмыстар ү.ж. 1-ші сәуірі мен 1-ші шілде жағдайы бойынша атқарылды.
Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Б.Момышұлы ауылындағы М.Жұмабаев атындағы №29 орта мектепте, Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда, Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде «Таңдау және сайлау құқығы» және «Жастар сайлау мен басқаруға қалай әсер ете алады?» тақырыптарында кездесу ұйымдастырды. Кездесуге «AMANAT» партиясы, «Қазақстан халық партиясының» өкілдері, Б.Момышұлы ауылының әкімі, Ақсай және Қарасаз ауылдық округінің әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық сайлау комиссиясының және тиісті учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, аталған мектептердің жоғары сынып оқушылары мен колледжінің білімгерлер қатысты. Іс-шараларға 280 оқушы мен білімгер тартылды.
2025 жылдың 13 ақпанында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен аудандық сайлау комиссиясының тарапынан учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша оқыту семинары өткізілді. Оқыту семинарына 201 комиссия мүшесі қатысып, шара барысында іскерлік және зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, штаттан тыс жағдайлардағы комиссия мүшелерінің іс-әрекеттері қандай болуы керек туралы тұсіндірме жүргізілді.
Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ сайлау округтерін құру туралы және 2025 жылғы 18 мамырға Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын тағайындау туралы 2025 жылғы 9 сәуіріндегі №1, №2 қаулылар шығарылып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Аудан әкімдігімен бірлесе отырып, дауыс беруге арналған үй-жайлар ережеге сәйкес жарақтандырылды. Оның ішінде, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылданды. Жалпы мүгедектігі бар сайлаушылардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны – 91, оның ішінде, кресло-арбаларды пайдаланатындар – 43, естуі бойынша мүгедектігі барлар (саңырау және саңырау-мылқау) – 32, көруы бойынша мүгедектігі барлар (зағип және нашар көретіндер) – 16.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жалпы осы электоралдық кезеңде 2 қаулы, 11 шешім қабылдап, 38 отырыс өткізді. Газет бетінде 7 материал жарияланса, ресми сайтта 8 материал, ал әлеуметтік желіге 12 материал орналастырылды.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2025 жылдың 28 сәуірінде жоғарыда аталған 3 ауылдық округтің әкімдігіне үміткер 12 кандидатпен кездесу өткізді. Кездесуде кандидаттарға Сайлау туралы Заңға сәйкес сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібі, сайлау туралы заңнаманы бұзғаны үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндірілді. Кездесуге ауыл әкімдігіне 2 кандидатты ұсынған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының өкілдері қатысты.
Ағымдағы жылдың 14 мамырында сайлау өтетін ауылдық округтерге қатысты 8 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған «Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында аудандық «Достық» мәдениет үйінде оқыту семинары өткізілді. Қатысушылар саны – 53 адамды құрады. Оқыту семинарынан кейін комиссия мүшелерінің білім сапасын тексеруге арналған тест алынып, тестілеу нәтижелеріне оң баға берілді.
Ауыл әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі қалған жұмыстары Күнтізбелік жоспарына сәйкес қатаң жүргізілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауыл әкімдерінің сайлау қорытындылары туралы хабарламаны комиссияның интернет-парақшасына 2025 жылғы 19 мамырда орналастырды, ал аудандық газет бетіне 2025 жылғы 20 мамырда жариялады.
– Жамбыл облысының басқа аудандарында аумақтық сайлау комиссияларының жанынан «Жас сайлаушылар» клубтарының құрылып жатқанынан хабардармыз. Ауданда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бар ма?
– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2025 жылдың 9 қыркүйегінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан «Жас сайлаушылар» клубын құру туралы №5 қаулы қабылдады. 12 қыркүйекте аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанындағы жас сайлаушылар клубының бірінші отырысы өткізіліп, күн тәртібінде ұйымдастыру мәселелері, «Жас сайлаушылар клубы туралы Ережеге» сәйкес, Жастар ресурстық орталығымен бірлескен жылдық іс-шаралар кешені жоспарын әзірлеу қажеттігі туралы түсіндірілді. Жас сайлаушылар тарапынан флэшмоб ұйымдастырылып, бейнеүндеу жасалды.
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай аудандық сайлау комиссиясының тарапынан өткізілген іс-шараларға тоқталған артық болмас…
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 8 іс-шара өткізіп, оған 18 білім мекемесі тартылды. Іс-шараларға жалпы 524 оқушы мен білімгер қатысты. Тиісті материалдар аудандық газетте жарияланып, әлеуметтік желілерде орналастырылды.
– Аудан сайлаушыларының сайлауға қатысуының маңыздылығын насихаттауға бағытталған іс-шаралар туралы да айтып өтсеңіз?
– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2025 жылдың 10 қыркүйегінде сайлауды даярлау мен өткізу барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының озық тәжірибелерін дамыту және сайлау ұғымын кеңінен таратуға бағытталған «Саналы түрде таңдаңыз!» тақырыбында конкурс ұйымдастыру туралы №6 қаулы қабылдады.
«Саналы түрде таңдаңыз!» конкурсының аясында «Үздік қоғамдық іс-шара» номинациясымен аумақтық сайлау комиссиясының қатысуымен іс-шаралардың бағдарламасына сәйкес, аудандық білім, мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерінің және Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өтетін 8 түрлі іс-шарадан тұратын бағдарлама бекітіліп, оның үшеуі өткізілді.
– 2025 жылдың 26 қазанына тағайындалған Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлауына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2025 жылғы 27 тамызда №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлауды тағайындау туралы №4 қаулы қабылдады, қаулыға қосымша есебінде сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Аталған Күнтізбелік жоспарына сәйкес, аудандық газетке 5 хабарлама жарияланып, интернет-парақшаға 4 хабарлама орналастырылды.
2025 жылғы 25 қыркүйекте сағат 18:00-де Жуалы ауданында 2025 жылғы 26 қазанға Жуалы ауданының №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлауда кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды.
Сайлау науқанының барысында барлығы 6 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 1-уі саяси партиядан, 5-уі өзін-өзі ұсыну тәртібімен. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 5 ер адам және 1 әйел адам бар.
1 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партиясының мүшесі болып табылады, 5-уі саяси партияға қатыстылығы туралы ақпарат көрсетпеген. Орташа жас – 37 жасты құрайды. Кандидаттардың барлығы жоғары білімді. Кандидаттардың 5-уі бюджеттік мекемелерде, 1-уі коммерциялық құрылымда жұмыс атқарады.
Ұсынылған 6 кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясында және Сайлау туралы Заңында оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы №13 округтік сайлау комиссиясы хаттамасын рәсімдеді. Кандидаттардың тіркеу аяқталу мерзіміне дейін, яғни ағымдағы жылдың 30 қыркүйекте сағат 18:00 ге дейін, 2 кандидат өздерінің өтініштеріне байланысты ұсынылымнан алынып тасталынды, ал 1 кандидат бойынша тіркеуге керекті құжаттарды толық ұсынбағаны үшін тіркеуден бас тартылды.
Сонымен, Жуалы ауданының №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына өтетін сайлауға 3 кандидат тіркелді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өзінің 2025 жылғы 1 қазанда өткен отырысында барлық кандидаттармен кездесу өткізіп, Заң талаптарына сәйкес сайлауалды үгітке қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тіркеу аяқталған сәттен бастап кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кіріседі. Ол 2025 жылдың 25 қазанында жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close