Basty bet

Менің атам майдангер

соғыс және еңбек ардагері Икрамбай Тұрғынбекұлының есімі мен еңбегі ел жадында

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл. Дүниежүзін дүр сілкіндірген сұрапыл соғыстың бел ортасында болып, жауға қарсы қару алып, қанды соғысты өз көзімен көргендердің арасында менің атам – Икрамбай Тұрғынбеков те болған еді…
Ол 1923 жылы 5 мамырда Жуалы ауданына қарасты Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. Бұрынғы Ақсай ауылындағы Мирзоян атындағы мектепте 5 сыныпқа дейін оқып, одан соң оқуын Б.Момышұлы ауылындағы (Бурное селосы) қазақ орта мектебінде жалғастырып, 9 кластық біліммен тамамдайды.

Атамның өмірдің қиын-қыстау кезеңдерін басынан кешіргенін, жоқшылыққа да мойынсұнбаған кездері болғанын әкем Ғабит Икрамбайұлы жиі айтып отырады.
5 жасында әкесі Тұрғынбектен, кейініректе анасы Хатшадан айырылған атам әпкесінің қолында өскен. Әкесі репрессияға ұшырап, Жымпитыға (БҚО, Сырым ауданына қарасты ауыл) жер аударылып, елге сол күйі оралмаған деседі.
Мектепті аяқтағаннан кейін 1943 жылы наурыз айында Сайрам әскери комиссариатынан майданға аттанады. Әскери шені – сержант. Ал қызметі автоматшы. Белгород облысындағы дала майданы, кейін 2-Украина майданына қатысып, Белгород, Харьков қалаларын азат етуге үлес қосқан. Сонымен қоса, Курская Дуга жеріне кавалериялық соғысқа да жіберілген. 1943 жылы қыркүйек айының 23-і күні жараланып госпитальге түсіп, қараша айының аяғында әскер қатарына жарамсыз деп тауып елге қайтарылған.
Атам Икрамбай Тұрғынбекұлының соғыстан кейінгі ғұмыры аудан өмірімен біте қайнасты. 1944 жылы алғаш колхозда тәбілші, қойма меңгерушісі, кейіннен Талапты ауылдық мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінде инспектор болып еңбек еткен. Ал 1958 жылы редакцияның шақыртуымен аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне жұмысқа орналасады. Қаруды қаламға айырбастап, алғаш екі тілде аудармашы, жауапты хатшы және бөлім меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп, Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданған. Атамның содан бергі барлық еңбек және өмір жолы аудандық газетпен тікелей байланысты болды.
Жараппын дүниеге болып адам,
Есем көп онан әлі ала алмаған.
Ол үшін күрес керек, еңбек керек,
Болмаса түгі де жоқ дайын маған,- деген өлеңімен игіліктің тек еңбекпен келетіндігін жеткізген, ол еңбекқор, білімді де іскер азамат ретінде газеттің қандай да күрделі әрі жауапты учаскесі болсын, сонда жіберіліп, оны абыроймен тиянақты жүргізіп отырған. Зейнет демалысына шыққанша аудандық газеттің сапасы мен өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Бұл жылдары қаншама жасты газет ісіне баулып, тәрбиелегені тағы бар. Өмірін ізденіспен, еңбекпен ұштап, қалам қуатын ел игіліне жұмсады десем артық айтқандық емес.
Атам газет-журнал, әдеби кітаптарды көп оқитын, шығармашылыққа жаны құмар жан еді. Ол кісінің жеке кітапханасында 200-ден аса кітап бар. Кітап сөрелерінен көркем әдебиет, энциклопедия, ғылыми зерттеу монографиялар, естелік кітаптар және т.б. табуға болады. Атамның бізге қалдырған баға жетпес рухани байлығы осы. Одан бөлек, домбыра, гитара және мандалин аспабында ойнап, өлең шығару қабілетіне ие. Осы күні ойлап қарасам, атамның бойына сан өнер тоғысқан екен.
Икрамбай ата ел ішінде беделді болған. Неге десеңіз, ол кісі ешкімді алаламады, басы артық сөз айтпады, оғаш мінезбен көзге түспеді. Тірі болса, биыл 102 жасқа толар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдан асықпай, аптықпай маңғаз басып өте шыққан атам шыншылдық пен адалдықты, ар-намысты бәрінен биік қоя білген ардақты азаматтардың бірі болды. Атам туралы жақсы сөздерді әкемнен бала кезімнен естіп өскен мен естеліктерді саралап отырсам, ол кісінің расында өз ортасында тұлғалық, ақсақалдық дәрежеге жеткенін көреміз. Бұл тұста атамның еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Ерлігі үшін» медалімен мен «Еңбек ардагері», «Бес жылдық озаты», «Социалистік жарыс жеңімпазы» және т.б. бірқатар мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Бүгінде Икрамбай атам мен Зәуре әжемнің 10 баласынан тараған 26 немере, 44 шөбере, 6 шөпшек өніп-өсуде.
Атамның елдің бейбіт өмірі үшін соғыста ел қорғауға қосқан үлесін, оның адамдық қасиетін, батырлығын мақтанып айтып жүру мен үшін үлкен абырой. Оқ пен оттың ортасында жүріп, Отанын қорғаған жауынгерлердің саны аз емес. Қилы заманның қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келген олардың ерлікке толы өмірі кейінгі толқынға ертегідей естілгенімен ол шындық. Осындай батыр аталардың арқасында бейбіт заманда өмір сүріп жатқан біз бақытты ұрпақпыз! Ерліктерін аңыз етер ел барда, аталар рухынан тәлім алған біз барда ата-бабалардың ұлағатты жолы ұмытылмақ емес!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close