Basty bet

Комиссия мүшелерін оқыту семинары

Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ағымдағы жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша Жамбыл облысы сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен көшпелі семинар-тренинг өтті.
Айта кету керек, үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан бастап учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту семинары басталды. Жоспарға сәйкес оқыту Тараз қаласынан басталып, 4-17 қараша аралығында оқыту семинары барлық аудандарды қамтитын болады.
Семинар-тренингке Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева, аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева, облыстық және аудандық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Жиынды Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар, ол Сайлау процесін ақпараттандыру және сайлауалды үгіт жұмыстарын ұйымдастыру туралы мәліметімен бөлісті.
Сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктерін ережеге сәйкес жарақтандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және азаматтарға тиісті сайлау комиссиялары орналасқан үй-жайларда сайлаушылар тізімімен таныстыру жұмыстарындағы ерекшеліктер туралы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов баяндады. Одан бөлек, Сайлау күні сайлау учаскесінде ұйымдастырылатын жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар дауыс беруге арналған үй-жайларының, дауыс беру пункттерінің қолжетімділігін ҚР ОСК бекіткен нұсқаулыққа сәйкес жарақтандыру және дауыс беру учаскесіне келу мүмкіндігі жоқ осы топтағы азаматтарға дауыс беруді ұйымдастыру туралы ақпаратқа облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Саят Қойшыбаев шолу жасады.
Сайлаудың өткізілуін байқауды жүзеге асыратын байқаушылармен жұмысты ұйымдастыру бойынша облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Жанар Бекбергенова түсіндірді. Ал, Сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Әлібек Қарабаев мәлімдеді.
Жиын соңында, дауыс беру күні УСК мүшелерінің учаске ашу, бюллетеньдер беру, ұлттық, халықаралық байқаушыларды, байқаушыларды, БАҚ-ты, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу, оның ішінде мүгедек адамдар үшін дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау және қорытындылау рәсімдері туралы іскерлік ойын ұйымдастырылды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close