Basty bet
Жасөспірімдер қылмыс жасауға неге үйір?
Мың құбылған бүгінгі таңда жас ұрпақ тым қатыгезденіп бара жатқандай. Бүгінгі өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып,елді елең еткізіп отырғаны бәрімізді алаңдатып отырғаны рас. Жасөспірімдердің қауіпті жолға түсуі барып тұрған қасіретті құбылыс. Жасөспірімдер қылмыс жасай отырып өз басына ғана емес, қоғамға, өз отандастарының мүддесіне, өзінің туған-туысқандарына үлкен зиян келтіреді.
Әрине, көпке топырақ шашудың керегі жоқ. Жүрегі қазақ деп соғатын, еліміздің беделін шығарып,көк туын желбіретіп жүрген жастар қаншама. Бірақ, көп жастар оқуға, адал еңбекке ынта қоймайды, бос уақыттарын көбінесе құмар ойындарға, ішімдікке, нашақорлық және басқа да есеңгіртетін заттарды пайдалануға, ойынханаларда жат музыка тыңдауға, нәсіпқұмарлық іс-әрекеттермен айналасуға арнайды. Бұлардың көпшілігі тәрбиенің, бақылаудың жоқтығынан ерте бастан ішімдікке, кездейсоқ қылмыстық элементермен байланыс жасағандар.
Мұндай жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттау үшін баланың қандай іспен шұғылдануға бейім екендігін анықтап, сол іс бойынша еңбектенуге баулыған жөн. Бұл тұрғыда әрбір жастың жеке тұлға екендігін ескере отырып, бұл тұрғыда олардың пікірімен санасу да аса маңызды. Әлбетте, перзенттерінің өмірдегі өз орнын табуына алдымен ата-анасы барынша көмек қолын созуы керек. Бұл жолда ешбір ата-ана аянып қалмасы анық. Өйткені ұл-қызын жамандыққа кім қияды?
«Бала тәрбиесі – ананың құрсағынан басталады». Бұл ұстаным ертеңгі күні «Қолымды мезгілінен кеш сермедім…» демес үшін, бала тәрбиесін өсе келе емес, ананың бойына біткеннен бастауға үндейді. Өйткені, бала тәрбиесінде жіберген кішкентай қателіктің өзі қорыта айтқанда ертең орны толмас өкінішке апарып соқтыруы ғажап емес…
Жастар өздерінің қылмыстық әркеттерінің себебін жұмыссыздықтан, қазіргі әлеуметтік экономикалық жағдайдан көреді. Өздерін еш кінәлі санамайды. Қиыншылықтан шығудың басқа жолын қарастырғылары келмейді. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттің басты назарында болуы тиіс.
Қорытындылай келе, қазіргі уақытта жасөспірімдерге, жастарға деген көзқарас, әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, оны туғызатын себептер мен шарттарды жою тұрғысында күшейтілуі тиіс. Өйткені, қылмыс дегеніміз – әлеуметтік мәселе, ал жасөспірімдердің қылмыстылығы – өте үлкен мәселе, жасөспірімдер қылмыс жасап отырған кезде мұндай құбылысқа төзуге болмайды!
Сагина Абдраман,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
Конвергентті журналистика ББ-ның 3-курс студенті