Basty bet

Заң талабы – баршаға ортақ

дегенмен заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын естен шығармаған жөн!

Ауданда кәмелет жасқа толмағандармен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастырушы, аға инспектор, полиция майоры Нұрлан Базарбеков тікелей жұмыс жасау үстінде. Оның негізгі қызметтік міндетіне аудан көлемінде бөлімдегі алты қызметкердің жұмысын дұрыс ұйымдастыру кіреді. Сондай-ақ, аудандағы 39 мектептің, бір колледждің кәмелетке толмағандарың жұмысына тікелей жауапты маман.

Ювеналды полиция тобы қызметкерлерінің мәліметінше, өткен жылы аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған балалардың саны артып, есепті мерзімде олар тоғыз баланы есепке алған. Сонымен қатар, былтыр жасөспірімдер арасында үш қылмыс орын алса, өткен жылдың 11 айының қорытындысымен кәмелетке толмағандарға қарсы төрт дерек анықталған. Одан бөлек, аудан көлемінде «Бала құқығы – адам құқығы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Абайлаңыз, балалар!» және «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акцияларының ұйымдастырылуы жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға өз септігін тигізуде.
Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жауапкершілік тәртібін қалыптастыру мақсатында білім беру орындарында профилактикалық лекция, әңгіме-сұхбаттар өткізілген. Жасөспірімдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бөтен біреудің автокөлігіне отырмау, бөгде адамдардан тәттілер немесе сыйлықтар алмау керектігін үйрету, көшенің қараңғы жерлерінен, көпшілік көп жүрмейтін саябақтармен жүрмеу, жазғы демалыс кезінде белгіленбеген жерлерге шомылмау секілді ережелер түсіндіріліп, жалпы жасөспірімдермен 452 жиналыс өткізілуі де қоғамда кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылыққа жол бермеуіне септігін тигізері сөзсіз.
Ювеналды полиция тобының қызметкерлері өткен жылдың 12 айында 401 хаттама толтырып, оның ішінде, кәмелетке толмағандармен 288 әкімшілік хаттама толтырған. Түнгі рейдттік жұмыстар жүргізу барысында түнгі сағат 23.00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз үй-жайдан тыс жерде жүргені үшін 222 бала ұсталып, олардың заңды өкілдеріне ескертулер жасалған. Оның ішінде, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеті үшін 12 жасөспірім анықталып, заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған және полиция бөлімінің есебіне алынған.
Аудандық полиция бөлімінің тізімдік есебіне жеті жасөспірім бір жыл ішінде екі рет әкімшілік құқық бұзғаны үшін тізімдік есепке алынған. Ата-аналардың балалар тәрбиесі жөніндегі өз міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін 15 отбасы профилактикалық есепке алынып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде ювеналды полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандардың ата-аналарына әртүрлі тақырыпты қамтыған 218 түсіндірме жұмыстарын, дәріс лекцияларын және олардың бала алдындағы жауапкершілігі туралы тақырыптық жиындар өткізген. Аудандағы білім ошақтарында бопсалау деректері анықталмағанымен, керісінше, кәмелетке толмағандардың арасында ұрлық дерегі байқалуда.
-Қоғамда кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс ең жауапты жұмыстардың бірі деп білемін. Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін сақтау, құқықбұзушылыққа жол бермеу – біздің басты міндетіміз. Бұл міндеттерді орындау мақсатында аудан көлемінде түрлі жұмыстар қолға алынып, оның барлығы да балалардың қауіпсіздігі үшін жасалуда. Әрине, әр отбасында баланы әркім өзінің өмірлік ұстанымына қарай тәрбиелейді. Дегенмен, қоғамда ата-аналармен жұмысты күшейту қажет. Өйткені, ата-аналарға құқық қорғау саласының маманы ретінде болған жайтты түсіндіру өте қиын. Мәселен, кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз жүруге болмайды. Түнгі рейд кезінде осы уақыт аралығында ұсталған баланың ата-анасын шақыртып, болған жайтты түсіндіру, олармен жұмыс істеу қиындай түседі, – дейді аға инспектор, полиция майоры Нұрлан Өмірбайұлы.
Аға инспектор баланың аудандық полиция бөлімінің тізімдік есебіне қойылуы оның ертеңгі күніне, болашағына әсер етпей қоймайтындығын айтып қынжылады. Бала күнгі білместігі оның болашақта мамандық таңдауына, қала берді жұмысқа орналасуына кері әсерін тигізетіні өкінішті жағдай екенін айтады. Полиция бөлімінде есепте бала әртүрлі жағдайға байланысты бір жыл тұрады. Дегенмен, осы бір жыл есепте тұрғаны туралы дерек өмірбақи алдынан шығып отыратыны да әрине, кімді болса да толғандырады. Сол себепті, әрбір ата-ана баласының ертеңі үшін білместікпен жаза басып, болашағына балта шауып алмауы үшін дұрыс құқықтық тәрбие беруі тиіс.
Аға инспектор Нұрлан Өмірбайұлының айтуынша, мұғалімдер де балалардың тәртіпсіздігін жасырып, жұмысты қиындатып жатады. Мәселен, олар орта білім алауға міндетті балалардың уақтылы сабаққа жиі келмеуі және балалар арасындағы өзара түсінбеушіліктерді, тағы да басқа жайттарды жасыруға тырысады екен. Дегенмен, оқушының тәртіпсіздігін жасырамын деп, ұстаздың өзі де 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайтынын естен шығармаған жөн. Мұғалім баланы сабақтан себепсіз босатпауы керек. Сонымен қатар, ата-ана баласының маусымдық жұмыстарда жұмыс істеуіне тыйым салуы қажет.
-Әрине, біз де балалардың болашағы жарқын, құқықтық сауаты жоғары болғанын қалаймыз. Балалардың тәртіпті болғаны біз үшін де жақсы. Десек те, қоғам болған соң кейде заңбұзушылықтар мен тәртіпсіздіктер орын алып жататыны заңды құбылыс. Мұндай сәттерде адамгершілік тұрғысынан кешірім берсек, олар өздерінің іс-әрекеттерін ұмытып, қайта қылмысқа барады. Сондықтан да кез келген адам заң алдында жауапкершілікке тартылмай, өз қателігін түсіне бермейді, – дейді өз сөзінде аға инспектор.
Аудандық ювеналды полиция тобының қызметкерлері алдағы уақытта да аудан мектептерінде оқушылармен, ата-аналармен кездесулер ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Есепте тұрған 15 жайсыз отбасымен жұмысты үйлестіріп, түнгі рейдтік шаралар да өз кезегінде жалғасын таппақ. Сонымен қатар, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «AMANAT 111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталыққа кез келген уақытта хабарласып, зорлық-зомбылықтың немесе өміріңізге төнген қауіпті жағдайдың алдын алуға болады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close