Basty bet

Фармацевтика саласында еңбек етуде

Көк байрақтың астында жатырқамай, жатсынбай 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату тәтті ғұмыр кешуде. Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Қазақстан Республикасы бабалардан қалған және жалпыадамзаттық дәстүрлерді сақтай отырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беретін өз дамуының сарабдал саясатын таңдады. «Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнен артық ешқандай баға жоқ», – деген Президентіміздің сөзі әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде еліміздегі тұрақтылық, болашаққа деген сенімділік пен көркейіп келе жатқан мемлекеті үшін мақтаныш сезімін тудырады.
Адам баласын қиын-қыстау кезеңінде жалғыз қалдырмай, бауырына басып, бір үзім нанын үзіп беретіндей мейірімділік сезімі қазақ халқының бойына ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы арқылы бойына дарып, сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келеді. Бұл жайында Хакім Абай өлеңдерінде: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…», – деген сөздермен ерекше мән беріп өткен.
Бір шаңыраққа уықтай шаншылған түрі басқа болса да тілегі мен жүрегі бір өзге ұлт өкілдері «Біз қазақстандықтармыз!» деп тату-тәтті өмір сүргені ертеңгі күнге нық сенімділік пен жүрекке жылу береді. Олар өзгелерге үлгі-өнеге.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бірлігі мен ынтымағы жарасқан қасиетті Жуалы өңірі өзге ұлт өкілдері тұратын елдімекеннің бірі. Ауыл адамдарының татулығы мен ынтымағы біте қайнасқан тіршілігі бірден байқалады.
Ал, бұл мақалада ауданға қарасты Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны – Анастасия Николаевна туралы әңгімелейміз. Анастасия Цепкованың ақкөңіл, жайдарлы мінезі басқалардан ерекшелеп тұрады.
Анастасия Цепкова 1992 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны аяқтап, Жамбыл медициналық училищесіне «фармацевтика» мамандығына құжат тапсырады. Қазақ ауылында туылғандықтан қазақ балаларымен бірге ойнап, жақсы қарым-қатынаста болады. 2011 жылы аталған колледжді қызыл дипломмен тамамдайды. Еңбек жолын «Қоныс и Б» дәріханасында фармацевт болып бастайды. Жуалылық Тимофей есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, жұмысын аудан орталығындағы “Береке” дәріханасында жалғастырады. Қазіргі таңда екі перзентті тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі.
– Еліміз көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Ал, тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегінде топтастырушы, біріктіруші.
“Бірлік бар жерде ғана берекелі, жарасымды тірлік бар”,- дейді Анастасия Цепкова. Бірлігі мен татулығы жарасқан ұлт пен ұлыстың тұғыры әрдайым биіктей берсін!

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close