Basty bet

“Қайран өлең, жан-арымның жарқылы, мен өлсем де, сен өлме!”

(жерлес ақын, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ілияс Ахметовтың 75 жасқа толуына орай)

Ілияс бала кезінен мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең-жырға тым әуес болды. Оның ең сүйікті ақыны от ауызды, орақ тілді өршіл ақын Махамбет Өтемісұлы еді. Ол Махамбеттің өлеңдерін ерекше шабытпен жатқа оқығанда өзінің де делебесі қозып, тым әсерленіп, басқа әлемге енгендей күй кешетін. Әдебиетке деген қызығушылығы осылай оянып, өзіне керек әлемді тапқандай сезімде жүргенде, сол әлем оны ақындық өлкесіне шақырғандай болып, бойында бұлықсыған бұла сезімдер бір тылсым дүниеге жетелей берді.
Оның ең алғашқы тырнақалды өлеңі – «Жуалылық жерлесім, өшпес есім, Өрлі есім» деп аталатын Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Дмитрий Федорович Пахомовтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі туралы жазылған өлеңі еді. Осы өлеңнен кейін Ілиястың ауылда «ақын бала» деген аты шығып, әдебиет пәнінің мұғалімдері бойында шайырлық бар десті. Ілиястың барлық дерлік шығармаларын алғаш елге жария еткен аудандық төл газетіміз «Жаңа өмір» болды. Ілияс өлең жазумен ғана шектелмей, ауылдың жағымды жаңалықтарымен елді хабардар етіп, газет тілшісі атанды.
Облыстық «Еңбек туы» газетінде де өлеңдері жарық көре бастады. Газеттің әдебиет бөлімін басқарған танымал ақын Жақсылық Сәтібеков оның өлеңдеріне «болашағынан үміт күттіреді» деп жоғары баға берді. Осыдан қанаттанған Ілияс «Еңбек туының» редакциясына келіп, үлкен ағалары Жақсылық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев, Асқаржан Сәрсековтермен жақын танысып, кейін етене араласып кетті. Облысымыздың аға газеті де Ілиястың тұшымды өлеңдерін жиі жариялап, елге танымал етті.
Ілияс өмірде әртүрлі салада еңбек етіп, көп нәрсені көрді, көңіліне түйді. Қоғамдағы келеңсіз жағдайларды, жағымсыз көрністерді тілші көзімен, ақын көзімен жіті көре, сезіне білді. Сөзімен, ісімен көмекке зәрулерге қол ұшын бергісі келді және бере де алды. Ол адалдықты ту еткен, еңбегімен көпке үлгі болған адамдарды өлеңіне де, мақаласына да арқау етті. Ілияс сол кезде нағыз қоғам белсендісі, ауылының, елінің шын жанашыры ретінде көрген-білгенін бүкпесіз ашық айтты. Оның ақын жүрегі кең еді, сол жүрегіне елінің ертеңіне, болашағына деген сенімін ұялата білді. Бұған дәлел – елді мекендердің орысша атауларын сынап жазған өлеңдері. «Ов-ка, Ев-ка» атты өлеңі Жуалы ауданының ономастикасына өзіндік үлесін қосты. Бұдан кейін Кремневка, Самсоновка, Алексеевка т.б. атаулары қазақшаланды.
Оның 1989 жылдары Мұхтар Шаханов бас редактор болып тұрған «Жалын» журналында жарияланған өлеңдері – көңіл-күй лирикалары мен арнау өлең. Соның бірі – заңғар жазушымыз, жерлесіміз Шерхан Мұртазаға арнаған «Қара бояу» өлеңі:
Жетімекті жол сақтар қара талға сүйендім,
Қара бояу мол шақтар неге түске жиі ендің…
Сол 1989 жылы «Жұлдыз» журналындағы «Аяулысың, табиғат» топтамасындағы «Бәйтеректер жыры», «Үйеңкімен сырласу», «Бәйшешек терген кездер-ай», «Жан жарасы әйелдің» деген өлеңдері – оның кез келген тақырыпқа түрлендіріп, өз сезімін өлең тілімен бере білетін ақын екенін дәлелдегендей.
Баурайын кезіп бөктердің,
Көбелек-көңіл көншімей.
Бейкүнә гүлді көп тердім,
Бәйшешек ғұмыр – бал қылық,
Ақшаңқан сезім – алғашқым… деп балалық шақтың ұмытылмас сәтін бір сәт еске алса, «Жан жарасы әйелдің» өлеңінде өмірі құрсақ көтермеген ананың қасіретін:
Жанардың шарасында жатқандай мұң,
Қашанғы басынбақшы қатқан қайғың.
Еркекке әке атану оңай тиер,
Анаға бала таппау – батпандай мін… деп көрсетеді. Ілиястың жырлары өміршеңдігімен, шынайылығымен құнды. Өйткені ол қалам тербесе де, айтайын деген ойының тереңдігімен оқырманына ой салатынымен қауышып жатады.
Ілияс өз заманындағы ақын-жазушылардың өлеңдерін үзбей оқып, өлең жазудағы заман талабын, ерекшелігін зерделеп отырды. Ол ешкімді пір тұтпады. Бірақ оның өлеңдерін сүйіп оқитын ақындары көп болды. Ол сөз зергері, ақын Қадыр Мырза Әлиді жоғары бағалады. Ілиястың ең жақсы қасиеті – ақындардың өзіне ұнаған шумақтарын жаттап алушы еді. Өз заманының мықты ақындары Жұматай Жақыпбаев, Темірхан Медетбек, Заида Елғондинова, Гүлнар Салықбаева т.б. өлеңдерін үзбей оқып, өз пікірін білдіріп отыратын.
Ол Фариза Оңғарсынова және Күләш Ахметова сияқты әпкелерін де ұмытпай, Фариза апасын «ер мінезді ақын» деп бағаласа, Күләшті фамилиялас болған соң өзімсініп: «менің сыршыл, сырбаз әпкем» деп меншіктеді. «Еңбек туы», «Жаңа өмірде», республикалық басылымдарда жарық көрген барлық ақындардың өлеңдерін, жерлесі, қарасаздық Бектұрсын Тұрлыбековтің, ақындар Рафаэль Ниязбековтің, Зернебай Шілдебайұлының, Серік Томановтың өлеңдерін оқып, Серік Томановтың талантты ақын екенін мойындағаны талантты талант танығаны емей немене!
Ілиястың кеудесі күмбірлеп, өлең-жырға толып тұрса да, пейіл кеңдігінің, жаны жомарттығының арқасында өзімен үзеңгілес жыр әлемінде жүрген, өзінен үлкен де, қатар да, кіші де ақын-жазушылардың өлеңдерін, әсіресе Қуандық Шолақты, Нарша Қашағановты іздеп, талғап оқыды. Ол өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар Тыныштықбек Әбдікәкімов, Есенғали Раушанов, Бауыржан Үсеновтың өлеңдеріне ерекше пікір білдіріп отырды. Ол облыстық газетте еңбек еткен қаламдастары туралы, қарымды журналист Мақұлбек Рысдәулетті және жазушы-журналист інісі Көсемәлі Сәттібайұлын «қаламының желі бар» деп жақсы көрді.
Ілиястың өлеңдерінің ішінде әр жылдары жазылған терең толғанысты монологтары, толғаулары бір төбе: оның «Мәдімар болыстың», «Ақан серінің», «Құрманғазының», «Хан Кененің», «Батырбек датқаның», «Мұқағалидың монологы» – қайталанбас дүниелер. Бұдан ақынның ішкі толғанысын, кейіпкерлермен біте қайнасқан жан дүниесін көреміз. «Қожа Ахметтің монологында»:
Жастанып өтсең бәйіттеріңді,
Қараша жұртым, қасқасың…
«Хикметіммен» байыт төріңді,
Алладан күткін басқасын!- деп Қожа Ахметтің халқына арнаған тілегін жеткізеді.
Ол жыл сайын өзінің сүйікті газеттері «Еңбек туы» мен «Жаңа өмір» газеттеріне жаппай жазылуға елді жұмылдырып, жыр-арнау жазып отырды. «Ақжолыма» деген жыр-арнауы:
Ақылға азық төл басылымым,
Теңедім сені мәзір асқа мен…
Биыл да саған жазылып қойдым –
Бұрында сенен ажыраспап ем.

«Жаңа өмірге жазылайық» деген өлеңінде:
Құптарлап іс, оқырманым, қазіргін,
Мерзімінен қалып кетпей жазылғын.
Кейбіреуің ақысынан қысылсаң,
Демеушің де боп кетуге әзірмін.

Ілиястың өлеңдері алуан тақырыптылығымен ерекшеленеді. Олар көбінесе көңіл-күй, табиғат лирикаларына нақышталған десек те, оның сегіз қырлы, бір сырлы ақын екенін өлеңдерімен таныса келе біле береміз. Замандастарына арнаған арнау өлеңдері, жемқорлықпен, парақорлықпен, ковид кезінде шығарған өлеңдері жұртты қиын кезде мойымауға, сары уайымға салынбауға, алдағы күннен үміт күтуге шақырады; елімізді жемқорлар мен парақорлардан аластауға, олармен күреске үндейді.
«Жемқор – жегі құрт» өлеңінде:
Тисе-дағы қолға мына азаттық,
Қазақпыз ғой жер бетінде аз-ақ тым.
Дей тұрсақ та, жемқор атты жалмауыз,
Теспей қанын сорып бітті қазақтың.
Ердің есін түсінсе екен ел дұрыс,
Жөндей білсек, түзілердей кем-бұрыс.
Жемқорларға ұлы майдан ашайық,
Халқым-жұртым, бізбен бірге кел, кіріс!
Ілияста адам ретінде де, ақын ретінде де алысты көре алатын көрегендік қасиет бар еді. Ол алдағы өміріміздің болашағына сене білді, еліміздің әрбір жаңалығына, қуанышына ортақтасып үн қосып отырды. Еліміздің Тәуелсіздігіне шын қуанып, бірнеше өлең арнады. Оның бірі – «Жасай бер, Тәуелсіздігім»:
Тәуелсіздік бедеріне бек сенем,
Бәрін уақыт өз кезінде екшеген.
Заман осы – Бұқар жырау аңсаған,
Заман осы – Хан Кенелер көксеген.
Еліміздің бас қаласы Астана туралы да біраз өлеңдер жазды:
Азат елімнің жаңа Астанасы,
Азаматтарымнан бата аласың да.
Даламда туған Алаш баласы –
Жүз отыз ұлыстың ата-анасындай.
Тіл тағдырына да немқұрайлы қарай алмады. «Тілім менің – ділім менің» өлеңінде:
Тілім ғой!.. Жырлап жұптағандарым,
Әмісе бұрар тіліме бұл кеудем.
Қазақша тілі шықпағандардың –
Боп жүрсін, қайттым, көзіне шіркеу де… деп күйінді.
Жазған өлеңдерін ерекше әспеттеп, жанындай жақсы көріп, ынты-шынтысымен сүйген Ілиястай ақын жоқ шығар. Бұған дәлел – «Өлгенім – өзім», «Өмірнамам – өлеңім», «Өзің барда», «Өлеңім – өркешім» өлеңдері:
Түп-дүние айналуда шыр көбелек,
Сен отырдың оянсам іргеме кеп.
Есіл өлең екінші жаным сынды,
Бірде бірге, қайтейін, бірде бөлек.

«Өзің барда» өлеңінде:
Беу, өлең, біз бір дембіз, бір денеміз,
Сезімбіз – дінмен егіз, ділмен егіз.
Уды да бірге іштік, суды бірге,
Көрде де, түбінде де бір гүлденеміз?!

«Өлеңім – өркешімде»:
Әруақтансам қаламын жеңілденіп,
Сырты әсер тисе де дүре құсап.
Біздейлерге тартардай өмір нені,
Тәп-тәуір болып қаламын жыр оқысам.

«Өмірнамам» өлеңінде:
Өмір сүрем өлең жазу арқылы,
Көнгім келмей әлпеші кем әлемге.
Қайран өлең, жан-арымның жарқылы,
Мен өлсем де, сен өлме! деп өзі өмірден өтсе де, өлеңінің өміршеңдігіне сенген нағыз ақынның сөзі қалды. Өлеңі барда ақын өлмейді, рухы өшпейді, оның өмірдегі әрбір сәті, жан толғанысы әрдайым жүрегімізде. Өршіл, сыршыл өлеңдеріңмен мың жаса, Жуалының тумасы!

Жұбайы Сайраш Пралиева,
Шақпақата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close