Basty bet
Футболдан өткен аудан чемпионаты өз мәресіне жетті
Дені сау ұлттың болашағы зор екені баршамызға аян. Сондықтан елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
Осы бағытта ауданда шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер арасындағы аудан біріншілігі, яғни чемпионат өз мәресіне жетті.
Шара барысында сөз алған аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов бұқаралық спортты дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жеңімпаздарды құттықтап, барша жарысқа қатысушыларға аудан спортының жандануына үлес қосқандықтары үшін алғыс білдірді.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен аудан чемпионаты екі айдан аса уақытқа созылып, аяқдоп аламанына 16 команда қатысып, өз бақтарын сынаған болатын.
Жарыс нәтижесі бойынша, I орынды аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының командасы қанжығасына байласа, II орынды «№15 мектеп-лицей» командасы иеленді. Ал, «Орман шаруашылығы» деп аталатын команда III орынды қанағат тұтты.
Сонымен қатар, дүбірлі додада «Аудандық аурухана» командасының қақпашысы Ернар Амангелді «Үздік қақпашы» номинациясының жеңімпазы атанды. Ал «Орман шаруашылығы» командасының ойыншысы Мадияр Дәуітов маусымның «Үздік қорғаушысы» номинациясына лайық деп танылды.
Аудан чемпионатының «Үздік шабуылшысы» номинациясында «№15 мектеп-лицей» ойыншысы Әміржан Құлжабаев топ жарды. «Үздік сұрмерген», «Үздік ойыншы» болып «Бұқаралық спорт» командасының ойыншылары Жандос Баетов және Жеңісбек Өмірзақов танылды. Сонымен қатар, «Ардагер ойыншы» болып «Жуалы газ» командасының ойыншысы Сәбит Мейірманов атанды.
Жарыс жеңімпаздары арнайы кубок, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, чемпионаттың өз дәрежесінде өтуіне қолдау көрсеткен мекеме басшыларына Алғысхаттар берілді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»