Basty bet

Түркістан қаласына танымдық саяхат

Жақында облыс әкімдігі және облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Түкістан қаласына саяхат ұйымдастырылды. Түркі әлемінің қасиетті қақпасы іспетті қасиетті жерлерді зиярат етуге арналған саяхатқа жамбылдық зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және өнер майталмандары қатысты.
Зиярат етушілерді облыс әкімінің аппарат жетекшісі Лесбек Ілебаев бастап барды. Топтың құрамында ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, актерлар Әбиірбек Тінәлі мен Жүніс Әлімбек, «Салық тәртібі» республикалық газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабай, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов, облыстық «AQ JOL» газетінің тілшісі, ақын Есет Досалы және ақын Ғайни Әлімбекқызы бар. Сонымен қатар, Жуалы ауданынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов және «Әкелер» алқасының төрағасы Әбуғали Ералиев те осы делегацияның құрамынан табылды.
Қасиетті топыраққа қадам басқан азаматтар әуелі аталған облыстың Отырар ауданының аумағындағы Арыстан баб кесенесіне зиярат жасады. Осы жерде Мысырды билеген түркі тектес сұлтан Бейбарыс Сұлтанға, әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фарабиге арнайы белгі тас қойылған екен.
Жамбылдықтар қасиетті қорымда жатқан қазақтың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің рухына Құран бағыштады.
Мұнан соң зиярат етушілер Түркістан қаласына табан тіреп, қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етті. Сол қорымда мәңгілік тыныс тапқан қазақ хандары мен билерінің рухына құран бағыштады.
Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі, қасиетті жерлерді аралаушылар қатарында шетел азаматтарының да болуы. Түбі бір Түрік елінен келген азаматтар да көпшілікпен бірге Түркістан қаласының тарихи орындарына қадам басып, бізге өз әсерлерімен бөлісті. Олар Тараз қаласында өткен халықаралық ауыл шаруашылығы форумына қатысқан екен. Бұл 60-қа жуық түрік бауырлар үшін де маңызды сапар болғаны анық.
Қасиетті Рамазан айында сәті түскен сапарда түркістандықтар жамбылдық делегация мен Түркия мемлекетінен келген қонақтарға дәм татқызып, ауыз аштырды.
Ауызашардан соң қонақтар Түркістан қаласының жаңа құндылықтарымен танысып, көрікті жерлерін аралады.

Ғазиза Естаева,
аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close