Basty bet

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУГЕ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу жүргізілуде. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында жүргізілуде. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет. Үміткердің жасын тексергеннен кейін жүйе оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік береді.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар Резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.
Үміткерлерге қойылатын талаптардың бірі – мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгергені туралы сертификаттың болуы. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау үшін үміткерлерге тестілеуден екі тәсілмен өту ұсынылады:
• ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің QAZTEST жүйесі (офлайн);
• ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST (онлайн).
Талаптарға сәйкес келетін үміткерлердің әрқайсысына арнайы жеке промокодты қолдана отырып, бір реттік тегін тестілеу мүмкіндігі беріледі. Тестілеуден өте алмай қалған жағдайда үміткерлер тестілеуді өз қаражаты есебінен қайта тапсыра алады.
Биыл жаңа резервшілер мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып іріктеледі. Кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады:
1) Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2) Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
3) Сыртқы саясат және инвестициялар;
4) Экономикалық және қаржылық саясат;
5) Цифрландыру;
6) Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс.
1) Құжаттарды қабылдау;
2) Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
3) Ситуациялық тапсырмаларды шешу;
4) Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат);
5) Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
6) Ұлттық комиссия отырысы.
Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылдың желтоқсан айында жарияланады. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы pkrezerv.gov.kz сайтында жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Үміткердің Президенттік жастар кадр резервінде болу мерзімі – 3 жыл. Атап өтсек, 2019 және 2021 жылдары өткен іріктеулерде 350 адам резервке алынған. Оның 264-і (75 %) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жұмысқа орналасқан.
Бүгінгі күнге ауданымыздан 30-ға жуық азамат іріктеуге қатысуға өтінім беріп, кандидат ретінде тіркелді. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет. Осыған байланысты, ел мүддесіне адал қызмет етемін деген аудан жастарын Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын!

Мағжан ТҰРМАҒАМБЕТ,
аудан әкімі аппаратының
персоналды басқару
қызметі бөлімшесінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close