Basty bet
Бабалар жолын жалғастырған Жарасбек
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Ауған соғысында қара жердің бетін қызыл қанға бояп, қанша жанға қасірет қамытын кигізген отты жылдың қай жағынан алсақ та, жақтап алар тұсы жоқ. Сол соғыстың бірі – Ауған соғысы.
Бұл қанды қырғын 1979 жылы басталап, 10 жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз майдан даласында мерт болды. Иә, бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан Отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне қайтып оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды.
Ауған соғысының ардагері, аға сержант Жарасбек Рахимбердиев 1968 жылы Ертай ауылында (бұрынғы Кеңес ауылы) туған. 1986 жылы әскер қатарына алынып Ауған соғысына аттанып кете барды. Алғашқыда бес ай Түркіменстан Республикасының Тэджен қаласына әскери дайындықтан өтеді. Ол әскери борышын өтеп жүріп механик-жүргізуші куәлігін алады. Сол жылдың қыркүйек айында оларды Ауғанстан Республикасына Джелалабад қаласына апарады. Соғыста механик-жүргізуші болып Т-62 танк техникасын жүргізген. Ол ауған жерінде бір жыл жеті ай болған. Әскери шені – аға сержант.
-Посттарға танкімен оқ-дәрі тасимыз. Жау алдымен әскери техникаларды жоятыны белгілі. Өміріміз қыл үстінде жүреді. Тау-тастың арасы, жау қай жерден күтіп тұрғаны беймәлім. Жердегі техниканы ғана емес, көктегі ұшақтарды, тікұшақты да атып түсіргенін естиміз. Тосыннан шыға келіп гранатометпен, зымыранмен атқылауы мүмкін. Талай жастар қапыда дұшпан қолынан қаза тапты. Танкіні айдап келе жатқанда мина түсіп басымнан жарақат алдым.
Жас жігіттер майданда шыңдалғанымен, оның әсері әлі күнге дейін бар. Арамызда соғыстан мүгедек болып оралғандар да жүр. Ауған жеріндегі біздің көрген қиыншылығымыз ешқашан ұмытылмайды. Біз жат жерде дұшпандармен соғыса жүріп қаншама қаруластарымыздан қапыда айырылып қалдық,- деп еске алады сол бір сұрапыл жылдарды Жарасбек Қалтайұлы.
Ол 1988 жылдың мамыр айында азаматтық борышын абыроймен атқарып елге оралады. Ауылға келіп әкесіне көмекші болып, мал шаруашылығымен айналысады. 1993 жылы Рахила Сарыпбековамен шаңырақ құрған. Биыл олардың шаңырақ көтергендеріне 31 жыл толып отыр. Отбасында екі қыз, бір ұлы бар, қыздары тұрмыста, ұлы үйленген. Олардан тәтті немерелер сүйіп отыр. Ардагер «Ауған соғысының ардагері», т.б. мерейтойлық медальдардың иегері.
Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр десіп елге аман-есен оралған ардагер Жарасбек Рахимбердиев жауынгерліктің нақ үлгісін көрсете білген ержүрек батырлардың жолын жалғастыра білді. Олар бозбала шағында жат елге аттанып, соғысқа кірісіп, ел үшін аянбай күресті. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз қарсы шыққан жауына тойтарыс берді. Бүгінгі күні ардагер Ертай ауылында еселі еңбек етіп, бір әулеттің алтын қазығына айналған. Осындай интернационалдық парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп, құрметтеу – өскелең ұрпақтың борышы.
Елімізде өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ осындай батыр ағалардан үлгі алып, бой түзеп өссе дейміз. Осынау ойранға қатысып келген батырларымыздың дендеріне саулық, бастарына амандық тіледік. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды, жоғалмақта емес.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»