Basty bet

Жұмыста нақты нәтиже көрсету тапсырылды

Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза төрғалық етті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау аясындағы нысаналы ииндикаторлардың орындалуы және шекара аймағындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы, Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының іске асырылуы туралы және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол белгілері мен бейнекамералардың жай-күйі туралы.

Отырысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, сөз кезегін аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребекке берді. Ол өз баяндамасында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен 2025 жылдың 9 айында аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалып, мұндай аймақтарда барлық жеке құрамды тарта отырып, локалдық жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілгенін жеткізді. Іс-шаралар барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталғанын айтып өтті.
Ауданда 2025 жылдың 9 айында 62 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде, 102 адам дене жарақатын алып, төрт адам қаза болған. 2024 жылы 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 133 адам дене жарақатын алып, 15 адам қаза болған.
Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Әміребек жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол белгілері мен бейнекамералардың жай-күйі туралы да баяндады. Оның сөзінше, жол жүру ережесінің қағидаларын сақтамау бойынша 9 айда жалпы – 3 098 жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандық ПБ-мен «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» т.б. жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, жол-көлік оқиғалары көп орын алатын автожолдарда полиция бекеттері күшейтілуде.
Баяндамашы алдағы уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар өз жалғасын табатынын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда аудан орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған 32 бейнебақылау камерасы аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне қосылғанын жеткізді.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Аят Болаттың, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Жарқымбаеваның және аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Дамировтың баяндамалары тыңдалды.
Баяндама барысында аудан прокуроры аудандағы құқықбұзушылық төмендетуге бағытталған ойларын қосса, Жамбыл облысы ҰҚК Департаментінің аудандық бөлімшесінің бастығы жастар арасындағы және мектеп оқушылары арасындағы бейресми көсбасшыларды анықтауға бағытталған жұмыстар ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
-Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы ахуалды жақсартып, жұмысты әлі де ширату қажет. Аудандық полиция бөлімі жеке құраммен бірлесіп тиянақты әрі нәтижелі жұмыс атқару қажет. Ауданда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қашанда бірлескен жұмыс маңызды. Сол себепті де бұл жұмыста бірлескен нәтижелі әрі нақты жұмысты көрсетуді тапсырамын, – деген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімі қоғамдық тәртіпті сақтау аясындағы нысаналы индикаторлардың орындалуы және шекара аймағындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша берілген тапсырмамен қатар, «Көксай» демалыс орталығына баратын жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аудандық полиция тарапынан нақты ұсыныс жасауды тапсырды.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша аудандық білім бөлімі полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе жоспарлы түрде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жаяу жүргіншілер өтетін жолдар мен мектеп маңайларына жасөспірімдердің жасанды макеттерін, ал Б.Момышұлы-Қошқарата және Күйік-Билікөл бағытындағы жолдарға үй-жануарларының макеттерін орналастыруды тапсырды.
Комиссия отырысында көтерілген мәселелердің және берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша жыл соңындағы қорытынды отырыста қаралатынын және нәтижесі бойынша нақты шаралар қабылданатыны туралы ескертілді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close