Basty bet
Қайраткер рухына тағзым
Түркістан облысының Түлкібас ауданында Алаштың аяулы перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, айбынды көшбасшы, түркі тілдес халықтарының бірігуіне ұйытқы болған тұлға Тұрар Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Іс-шараға Жуалы жұртшылығы да атсалысты. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері және мәдениет саласының мамандары қатысты. Жуалылықтар киіз үй тігіп, жұртшылыққа көрме ұсынды.
Аса ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі Жуалы жерімен тығыз байланысты екені тарихтан белгілі. Бұл туралы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің «Қызыл жебе» романында жазды. Қайраткердің ел үшін істеген қызметін танытатын кең тынысты шығарма Тұрардың балалық шағы мен өскен ортасын, тегін, Сібірге айдалып бара жатқан әкесі Рысқұлдың өмірін, әке кегін баяндаудан басталады. Халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Тұрар Рысқұловты «тірілткен» Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-эпопеясы ұлттың рухын көтерген бірден бір шығарма. Шераға өзінің бір сөзінде: «Жуалы өлкесі Тұрарды да түлеткен»,- дейді. Ол замандарда біздің өңір Түлкібас ауданының құрамында болған. Тұрар мен Шерханның рухани үндестігі осы кезеңдерден бастау алған шығар.
Жалпы Алашқа ортақ тұлға Тұрардың қайраткерлігі, халқы үшін жасаған әрбір ерлік ісі бүгінгі ұрпаққа өлшеусіз құнды өнеге.
Осы орайда жуалылықтар біртуар тұлғаның құрметіне арнайы киіз үй тігіп, Түлкібас өңірінде өткен рухани, мәдени маңызы бар жиынға белсене қатысты. Батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған қасиетті өлкеден барғандар тау тұлғаның рухына тағзым етіп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Ауылы аралас жатқан елдің бастамасына тілеулестік танытып, арнайы келген қонақтарға мәдени қызмет жасады. Жуалының шығармашыл ұжымы халық көңілін ән мен жырға бөледі.
Салтанат Мейіржанқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары