Basty bet
Береке-бірлігі жарасқан Жартыбаевтар жанұясы
Өңірімізде өнегесімен көпке үлгі боларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп-ақ. Олардың осындай күнге жетуінде, әрине қазыналы қарттардың қажыр-қайраты, пайым-парасаты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді. Тіпті отбасында, ошақ қасында үйдің үлкендерінен көрген-білгенін бойына сіңіріп, отбасылық құндылыққа айналдырып жүрген ер азаматтар да, өзі түскен елдің керегесін алтынға балап жүрген келіндер де бар.
Мұндай отбасылардың бірі – Диқан ауылында тұрады. Жартыбаевтар жанұясын ауылдықтар жақсы біледі. Бұл отбасы көпке үлгі болып отырған жанұялардың қатарында. Алғыс айту күніне орай, ел сүйсіне қарап, ауыз толтырып айтатын, ауылына жанашыр азамат Бақтыбай Жартыбаевтың отбасын мақаламызға арқау етуді жөн көрдік.
Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Бақтыбай аға да бала күнінен ата-ананың жылулығы мен мейірімін сезініп, олардың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол жанұядағы ауызбіршілік пен ынтымақтың, ағайын арасындағы өзара сыйластықтың маңызы зор екенін жақсы біледі.
Әкесі Бекбосын Жартыбайұлы саналы ғұмырының 40 жылын білім саласына арнаған жан болса, анасы Еркебүбі Ақшалықызы 11 құрсақ көтеріп, оларды аман-есен дүниеге әкелген батыр ана. Бүгінде ұрпағы өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған Бекбосын атаның әулетінен тараған ұл-қыздары сан салада еңбек етуде. Немере-шөберелері де бабаларының есіміне кір келтірмей, абыройлы азамат болып қалыптасуда. Осы тұста бір айта кетерлігі, Бекбосын атаның немересі Ұлан Нұрханұлы «Болашақ» бағдарламасымен Канаданың Оттаво қаласындағы университетте магистратурада оқып келіп, бүгінгі күні Алматы қаласында туған елінің дамуына алған білімімен өз үлесін қосуда.
Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Ол үшін киелі саналады. Қара шаңырақ екенін біліп барған адам, әсіресе сол отбасынан өсіп-өнген ұрпақ бұрын иіліп кіріп отыратын болған. Қара шаңырақтың киесін жақсы түсінетін Бақтыбай аға мен Бақыткүл жеңге де ата-ананың ошағын өшірмей отырған жандардың бірі. Әкесінен қалған мол мұра кітаптарын да сақтап, әкесі оқыған кітаптарды өзі де балалары да оқуда. Өздері өсіп-өнген, алаңсыз балалық шағы өткен, әкесі мен анасының тұрған үйін сол қалпында сақтауда. Бауырлары ауылға келе қалса бірінші қара шаңыраққа бас сұғып, аналары жатқан төсекке бір аунауды, сол үйде қонуды әдетке айналдырған. Бұл балаларының ата-анаға деген шексіз құрметі болса керек.
– Баланың бас ұстазы – ата-ана. Отбасында әкенің балаға берер тәрбиесі бір бөлек болса, ананың мейірімі мен тәлімі бір бөлек. Әкенің айтқан сөзі оқ саналады. Біздің әкеміз қаталдау кісі еді. Өзі білім саласында еңбек еткен соң, балаларының жақсы азамат болуы үшін бар күшін салды. Әкеміз оқыған кітаптарды бізге оқытатын. Көзі ашық, көкірегі ояу балалар болсын дегені шығар. Еңбекке баулып, тіршіліктің көзін табуға үйретті. Адал жолмен жүріп, адал еңбекпен табыс табуға үндеді. Ешкімнің ала жібін аттамай, қай кезде де шыншыл болуымыз үшін ақыл-кеңесін аямайтын.
Әкем өмірден ерте озды. Анамыз 85 жас жасап, немере-шөбере сүйді. Анамыз сабырлы жан еді. Балаларына деген шексіз мейірімі мен сүйіспеншілігі ерекше болатын. Отбасымыздағы балалардың бір-біріне деген бауырмалдығын, сүйіспеншілігін, мейірімділігін және өзара ынтымағын қалыптастырды. Бізге балаға байлықты емес, білім алуды үйретіңдер деп отыратын. Анамыздың білімге құштар бала, ертең жаман адам болмайды деген сөздері санамызда мәңгілік сақтаулы,- дейді отағасы Бақтыбай Бекбосынұлы.
Ол отбасында әкеден алған мол тәлімімен балаларын да тәрбиелеуде. Балаларын өтірік айтпауға, артық сөз сөйлемеуге, уәдеге берік болуға, адамгершілік қасиеттен аттамауға, айналасына жанашыр болуға, имандылыққа, бастысы, білім алуға баулыды. Бүгінде ұл-қыздары өз қалауларымен таңдаған мамандық иесі атанып, ел игілігіне еңбек етуде. Үйдің тұңғышы Айжан Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығымен бітіріп, қазір Тараз қаласында денсаулық сақтау мекемесінде жұмыс істеуде.
Ал, ұлдары Мақсат – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірген. Қазіргі таңда капитан шенінде Жамбыл облыстық полиция департаментінде қызмет етуде. Отбасында Аяулым екеуі Төлеби және Әліби есімді екі ұл тәрбиелеуде.
Немерелері Төлебидің есімін Бақтыбай аға қазақтың төбе биі Төле би секілді сөздің турасын айтатын турашыл, білімді, еліне жанашыр азамат болсын деген ниетте қойғанын атады. Ал, үйдің кенжесі Самат Тараз өңірлік университетін бітіріп, аудандық өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші болып еңбек етуде.
Бүгінде Бақтыбай Бекбосынұлы мен Бақыткүл Кеңесқызы да ұрпақ тәрбиесіне араласып, төрт немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отыр.
Отанасының айтуынша, балалары дастарқан басынан қол жайып бата бермей, алғыс айтпай тұрмайды екен. Өйткені отағасы балаларына үнемі алғыс айтуды бойына сіңіріп өсірген. Ата-анасының елге деген жанашырлығын көріп өскен олар да өзгелерге көмектесуге асығып тұрады екен.
-Біздің отандасқанымызға биыл 34 жыл болыпты. Бұл әулетке бала келін болып келген сәттен бастап атамыз бен анамыз бізден мейірімділігін аяған жоқ. Сабырлығымен көпке үлгі болды. Күлімсіреп, түсіндірер сөзін жай ғана сөзімен ұғындыратын. Көбінесе, бас иеңе қарап сөйлеме. Отбасындағы тыныштық, бірліктің болуы әйелге байланысты деп отыратын. Үндемеу арқылы жанұядағы береке мен бірлікті сақтауға да болатынын айтатын. Қара шаңырақ болған соң, үйден қонақ үзілмейді. Анамыздың жол сілтеуімен отбасындағы барлық тірліктің көзін тауып, алғысын алдық. Үнемі ризашылығын білдіріп, батасын беріп отырды. Біз үшін қариялардың ақ батасы мен алғысын алу бір бақыт әрі мәртебе. Ата-ананың разылығы бала үшін үлкен демеу, – дейді отанасы.
Бақтыбай аға ел Тәуелсіздік алған алғаш жылдардан бастап «Ерке» шаруа қожалығының жұмысын қолға алып, сол уақыттан бері егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Ұлттық спорт көкпармен де шұғылданып, бос уақытында кітап, газет-журнал оқуды әдетке айналдырған еңбекқор азамат.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, береке-бірліктің қаймағы бұзылмаған, татулық пен тұрақтылықтың бесігіне айналған елді мекен Диқан ауылын елін сүйер азаматтардың мекені десек қателеспейміз. Бақтыбай Бекбосынұлы туған жерді түлетуге, ауылын көркейтуге өз үлесін қосып жүрген атпал азаматтардың қатарынан. Бүгінде ауыл үшін жасалатын әрбір игі бастама мен жақсы істердің басы-қасынан табылып, диқандықтармен бірге туған жеріне жанашырлық танытуда.