Basty bet

“Домбыра жүрегіммен үндес едің…”

аудан орталығында 70 домбырашы бір мезгілде бірнеше күй орындады

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Есте жоқ ескі замандардан бері қасиетті домбыра халқымыздың жан серігіне, шежірешісіне айналып, халық өмірімен бірге біте қайнасып келеді. Сондықтан өнерді сүйетін, мәдениетті жоғары бағалайтын халқымыз үшін домбыраның қадір-қасиеті өте жоғары.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен шілде айының бірінші жұлдызы – Ұлттық домбыра күні мерекесі болып бекітіліп, бұл күн ұлттық құндылықтың ұлық мерекесі ретінде жыл сайын атап өтілуде.

Домбыра – халқымыздың көнеден келе жатқан асыл мұрасы, қазақтың қасиетті қазынасы. Көшпелі өмірдің шежіресін шерткен көне аспап әр кезеңнің тарихи куәгері ретінде сыр шертеді. Өйткені, қазақ пен домбыра егіз ұғым. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!», деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырға қосқандай, домбыра – Қазақ елінің көнекөз шежіресі.
Қоңыр домбырадан шыққан үн – халықтың үні. Ол үн – ұлтқа қайрат беріп, бірлік пен тұтастыққа шақырар ұран. Сондықтан қазақ халқы ықылым заманнан-ақ домбыраны үйдің төріне іліп, оны ерекше қастер тұтқан.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қасиетті домбыра туралы өлеңінде: «Домбыра жүрегіммен үндес едің, Өзіңмен сырласымдай тілдесемін. Бабамнан қалған мұра сен болмасаң, Өнердің не екенін де білмес едім», деп жырлағанын бүгінде әрбір қазақ баласы біледі. Сондықтан, қазақ үшін домбыраның алатын орны айрықша.
Домбыраның қасиеттілігі соншалық, оны бір мезгілде бірнеше мың өнерпаздың бірдей шертіп, күй құдіретін әлемге танытқанына халқымыз куә. Қара домбыраның қасиетін кетірмей, дәріптеу – ұрпақ парызы.
1 шілде – Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінің ауласында 70-ке жуық домбырашы бір мезгілде бірнеше күйді орындады. Атап айтқанда, ауданға қарасты ауылдардан және мәдениет ошақтарынан жиналған өнерпаздар жергілікті композиторлар – Садыхан Әубәкіровтың «Өрлеу» күйін және есімі елге белгілі күйші композитор Әбдімомын Желдібаевтың әйгілі «Ерке сылқым» күйін, сонымен қатар, әйгілі қазақ халық композиторы, күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай» күйлерін және Түркештің күйі «Көңілашарды» орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close