Basty bet
ҚОҒАМ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАМУЫНА АТСАЛЫСУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ!
Мемлекет дамуының басты факторы әрі мемлекеттің басты байлығы да оның халқы екені дау тудырмайды. Бұл мақсатты Қазақстан Республикасында халықтың әл-ауқатын арттыру үшін, ел тұрғындарының тұрмысын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып, оның сапалы атқарылып жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы игі бастамалар мен нақты жұмыстар ары қарай да жалғаса беретінін ескерсек, алда әлі де атқарылатын жұмыс көп.
Мемлекеттің дамуы туралы, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыру жайын сөз еткенде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Қазақстанды жаңа заманға сай дамыту мен ел экономикасын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған реформаларына тоқталмай кету мүмкін емес. Бұл туралы биыл наурыз айында, дәлірек айтқанда, Амал мерекесінің қарсаңында Ақмола облысының Бурабай қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында кеңінен айтылғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым. Оны жақсы білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.
Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды» деп ел дамуы жолында түбегейлі реформалардың жүзеге асырылып жатқаны жайлы жайдан жай сөз қозғалған жоқ. Президенттің ойлағаны – елдің қамы, мемлекет болудың жайы. Түптеп келгенде, мұның барлығы ел халқының тұрмысын жақсартып, әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталып отыр.
Одан бөлек, ел дамуы мен саяси реформалардың жүзеге асырылуы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек» деп аталатын сегізінші бағдарында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деп атап өткені белгілі.
Сонымен қатар, Президент жоғарыда аталған бас құжатта: «Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деп жергілікті атқарушы органдарға жұмыс барысында тек заң аясында әрекет етіп, халыққа берген уәденің орындалып, ел сенімінің ақталуына байланысты пікір білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде, өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды екенін айтып, бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік беретінін, мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс екенін де баса айтты.
Бұл ретте Президент саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыру арқылы ел дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуды және оны мүлде болдырмауды қатаң тапсырып отыр. Шын мәнінде, қоғамға жат әрі жағымсыз құбылыс болып саналатын бұл кеселдің алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілермен қатар, барлық қоғам мүшелері күш біріктіріп оған қарсы тұрудың маңызы өте зор. Сонда ғана мемлекеттің дамуында өсіп-өркендеу, халықтың тұрмысында ілгерілеу мен даму болмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. Аталған қоғамдық кеселге қарсы мәдениет – бұл әрбір азаматтың саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Елдің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті! Сыбайлас жемқорлық дертімен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарының сапасын арттырудың маңызы зор.
Бұл дерттің жаппай жойылмау жолын халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, халыққа жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесу алғышарттарының бірі саналады.
Атап айтқанда, ол үшін, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейтіні анық.
«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 жарлығы жарияланды. Cтратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, оның кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда осынау «қоғам кеселінің» деңгейін төмендету.
Бұл ретте стратегияның мақсатын жүзеге асыру тұрғысында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен Сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және оны қабылдамау – саналы қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі екенін ұмытпаған жөн!
Әрбір азамат өз туған елі мен қасиетті Отанының нағыз патриоты болып, қоғамға жат құбылыс болып саналатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі керек! Қоғам мен мемлекет дамуына шын жанашырлықпен атсалысу – әрбір азаматтың міндеті әрі қасиетті борышы!
Жалғас МҰРТАЗА,
Жуалы ауданының әкімі