Basty bet
Сәулембек салған сара жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде адал да таза еңбек етіп, өз мамандығының қыры мен сырын өте жоғары деңгейде меңгерген адам ғана еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қоса алатынын үнемі айтып келеді. Президенттің «Еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген қанатты сөзі біздің бұл айтқанымызға айқын дәлел. Қай салада жұмыс істеп, қызмет жасасаң да еңбегіңнің жемісті болуына өзің ғана жауапты болатының айдан анық.
Қасиетті Жуалы ауданының дамуы мен жергілікті тұрғындардың әлеуетін арттыру бағыты ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты екені белгілі. Ал бұл салада тұрақты еңбек етіп, шаруашылықты дамытумен бірге ауылдың өсіп-өркендеуіне және өңірдің дамуына атсалысып келе жатқан әр істің көзін таба білетін еңбекқор азаматтар арамызда аз емес.
Ауыл-аймаққа белгілі осындай азаматтың бірі Сәулембек Көмекбаевты біз Күреңбел ауылына барғанда жолықтырдық. Өткен аптада Сәукеңнің отбасында болғанымызда, іскер азаматпен жақынырақ танысудың сәті түсті.
Сәулембек Көмекбаев аталған ауылда туып-өсіп, әлі де осында ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етуде. Әкеден ерте айырылып, қиындықты көп көрген бала Сәулембек есейе келе еті тірі, пысық жігіт болып өсті. Ол отбасында ұлдан жалғыз. Әкесі Құрақбай дүниеден озғанда, ол небәрі үш жастағы бала болатын. Ауыл еңбегіне қанығып өскен ол мектеп бітіргеннен кейін біршама жыл ауылдық мәдениет үйінде меңгеруші болып жұмыс істеген. Музыканы және жалпы өнерді қатты қадірлейтін азамат 1998 жылға дейін мәдениет саласында еңбек етіп, кейіннен жаңа заманның ағымымен ауыл шаруашылығы саласына біржолата ауысады.
Алғашқыда осындағы «Чапаев» атындағы колхозда әртүрлі жұмыстар істеп, кейіннен қырман меңгерушісі болып еңбек етті. Ауыл шаруашылығынан аз ғана хабары болмаса, жалпы егін шаруашылығын жақсы білмейтін талапкер жас сол тұстағы колхоз бастығы, іскер ұйымдастырушы Қуат Асабаевтан бастап, ұжымшардағы басқа да тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйренді.
-Әлі есімде. Біздің колхоз ол тұста аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымшарлардың бірі саналатын. Колхозда 30 мыңнан аса қой бағылып, 3-4 мың гектарға дейін егістік егілетін. Ұжымшарда агротехникалық шаралардың сақталуына байланысты онда егістіктің әр гектарынан 36 центнерге дейін астық бастырылатын. Кейіннен колхоз тарап, әркім өз алдына жеке-жеке бөлініп кеткеннен кейін мұндай үрдістен мүлдем айырылып қалдық. Колхоз тарады. 2004 жылдары болу керек, мен де ұжымнан жерді бөліп алып, жеке тірлік жасауға көштім. Міне, содан бері осы ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егістікпен байланысты жұмыс жасап келемін,- дейді Сәулембек аға.
Сол жылдары құрылған «Нұран» шаруа қожалығында алғаш құрылған жылдары 20 гектардай ғана егістік жер болатын. Алғашқыда қиын болғанымен, кейін іскер азаматтың тірлігіне тәнті болған ауылдың бірқатар шаруалары Сәулембектің жанынан топтаса бастады. Тірлік осылай жүріп жатты. Кейін ойлана келе, астық тұқымын тазалауға көңіл бөліп, қазіргі таңда кәсіптің осы түрін ағайындарымен және өзінің екі баласымен бірге жалғастыруда.
Ауылдағы ағайынның негізгі тірлігі мал және егін шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, астық дәнін тазалайтын қондырғыларды жайлап өз қаражатына сатып ала бастады. Қазір сағатына 6-7 тоннаға дейін дән тазалауға мүмкіндігі бар екі дана қуатты қондырғы ауыл тұрғындарының астығын тазалауға қызмет көрсетуде. Қондырғылардың мүмкіндігі өте зор. Оның үстіне қондырғыны техникаға тіркеп алып алыс ауылдарға да қатынап, арпа, бидай және мақсары дәнін тазалауға да болады. Одан бөлек, шаруашылықта жоңышқа тұқымын жоғары сапада тазалайтын екі бірдей неміс қондырғысы тағы бар.
Шаруашылық басшысы өз сөзінде, тұқым тазалау ісін атқаратын ең басты бағыттың бірі екенін айтады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарынан нарықтық бағада астық қабылдайды. Оны тұқымға тазалап, зауыттарға өткерсе, енді бір бағыты – малға жем тарту. Ол үшін тұқым тазалайтын цехта арпа-бидай дәнін майдалайтын «КДУ» деп аталатын қуатты украин қондырғысы орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, «Нұран» шаруа қожалығының негізгі бағыты – астық тұқымын тазалап, өңдеумен тікелей байланысты. Одан бөлек, биыл 20 гектарға арпа, мақсары дақылын 20 гектарға, одан бөлек, мал азығына 18 гектар жоңышқалық алқабы тағы бар.
Астық түсімін молайту ісінің кенжелеп қалғанын және дәннің сапасын арттыруды алға мақсат етіп қойған шаруашылық жақында егістікті минералды тыңайтқыш арқылы өңдейтін ауыл шаруашылығы дронын (пилотсыз ұшу аппараты) сатып алып, шаруаларға қызмет көрсетуде. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егін шаруашылығына ең қажетті бұл шетелдік дронның жалпы құны – 13 миллион теңгені құрайды. Оны шаруа азамат өзінің жеке қаражатына сатып алғанын айтады.
-Мұндай жаңа тәсілмен жұмыс істейтін заманауи дронның ауыл шаруашылығына пайдасы туралы таныстарымнан естіп, кейіннен бұл туралы өзім де іздене бастадым. Мұндай қондырғы әзірге Қазақстанның өзінде санаулы ғана. Бұл дронның көмегімен шамамен бір сағат уақытта 20 гектар алқапқа дәрі шашуға болады. Қазір біз негізінен ауылдағы шаруалардың арпа, бидай және жоңышқа алқаптарын арнайы препараттармен өңдеуге көмек көрсетіп жатырмыз. Егістік дақылдарына себуге арналған «Биомелиорант» деп аталатын сұйық препарат бар. Ол өзіміздің Жамбыл облысында өндірілуде. Оның құрамында 12 түрлі пайдалы компонент бар. Дронның көмегімен биыл байқалып отырған қуаңшылық кезінде алқаптарды сақтап, сонымен қатар, биотыңайтқыштар беру арқылы өнімділікті көбейтсек деген ойымыз бар,- дейді С.Көмекбаев.
Шаруаның ауыл шаруашылығы дронын сатып әкелгеніне көп уақыт бола қоймаса да, С.Көмекбаев екі ұлының көмегімен аз уақыттың аралығында 500 гектардан астам егістік алқапты арнайы препараттармен өңдеп үлгергендерін айтады. Көршілес ауылдық округтердегі шаруалардан егістіктерді дәрілеу туралы тапсырыстар көптеп түсуде. Мұның пайдасына тоқталатын болсақ, егістік алқапқа дәрі бүріккеннен кейін оған егілген қай дақыл болсын, біріншіден оның сабағы биіктейді, одан кейін басына дән байлау процесі де анағұрлым жоғары болады. Мұның егістік жұмысына пайдасы өте көп деп айтуға болады.
Істің көзін таба білетін әрі жаңа заманның тынысын дөп баса білетін еңбекқор азамат жайындағы мақаланың тақырыбын «Сәулембек салған сара жол» деп алып отырғанымыз да жайдан-жай емес. Себебі, біз әкеден ерте қалып, өзін-өзі намыспен және еңбекпен жетілдірген азаматтың сара соқпағын көрсеткіміз келді. Шаруашылық жұмысын қолға алу арқылы астық бағытын, оның ішінде, егістік егуде маңызды фактор саналатын тұқымды тазалау бағытында оның отбасымен тұрғындарға көрсетіп жатқан қызметі өте маңызды. Сәукеңнің шаруашылықпен қатар ауылдың дамуына да қосып келе жатқан үлесі орасан зор.
Сәулембек Көмекбаев отбасында асыл жар, ардақты әке. Жұбайы Махаббат Мәлібекова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, үлкен қыздарынан және үлкен ұлы Ердәулеттен екі немере сүйген. «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар. Қазіргі таңда бұл үйде жасы сексеннен асқан ақ жаулықты әже бар. Бұл әулеттің үлкені Үрзия апа отбасының ғана емес, ауылдың қадірлі кісісі. Үрзия апа ерінен жастайынан жесір қалғаннан кейін балаларын өзі жеткізіп, оларға өнегелі тәлім-тәрбие беріп қатарға қосты. Ауыл бұрын бір колхозға бірігіп тұрған жылдары қырманда, одан кейін сауыншы, т.б. жұмыстар атқарып, кейіннен техникалық қызметкер болып зейнетке шықты. Қазір ұлы мен немерелеріне ақыл-кеңесін беріп, ауыл-аймаққа өнегелі де ұлағатты әже атанып отыр.
Иә, кезінде ұлы ойшыл, хакім Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тағылым қай заманда да өзінің өзектілігін жоймақ емес. Ал ел үшін, отбасың үшін, туған ауылыңның өсіп-өркендеуі үшін және елің үшін атқарған еңбегіңнің жемісін көру үлкен қуаныш болса керек. Адал еңбек қай қоғамда да өзінің жоғары бағасын алады.
Ал күреңбелдік шаруа азамат Сәулембек Көмекбаевтың салған сара жолы басқалардан дараланып тұратыны анық. Қолға алған кәсіпті кеңейту жоспары әрбір шаруа азаматтың жоспарында болатыны сияқты, бұл отбасы да тұқым тазалау ісін одан әрі кеңейтіп, қырман салуды жан-жақты ойластыруда.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»