Basty bet

Іс тетігі білікті маманның қолында

Ана – үйдің жылуы. Ана – барлық мейірімнің, барлық жақсылық атаулының символы іспетті. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев айтпақшы «Жаман әйел болуы мүмкін, бірақ жаман ана ешқашан болмайды».
Иә, құдайдан кейінгі құдірет иесі – ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз. Бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық.
Қарға тамырлы халқымыз әрқашанда нәзік жанды әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған.
Ұлт басына күн туған замандарда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген де әйелдер, қаһарман қазақ қыздары.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының Қарасаз ауылдық округіндегі ассистенті Толқын Қарабекова. Ол еселі еңбегінің арқасында тәжірибелі қызметкер атанған жан. Оның бұл қызметте жүргеніне сегіз жылдай уақыт болған.
Өрге жетелеген еңбек асуларын табандылықпен бағындыра білген бүгінгі кейіпкеріміз 1972 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Қошқарата ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы он сыныптық Борлысай орта мектебінде оқып, білім алған. Одан әрі Шымкент қаласындағы Шымкент кооперативтік техникумында есепші мамандығын тамамдаған.
Толқын Қарабекова алғашқы еңбек жолын Жуалы ауданына қарасты Қошқарата ауылындағы колхозда есепші болып бастайды. Кейіннен дәм-тұз тартып 1996 жылы Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылының азаматы Қайрат Кемелбековке тұрмысқа шығады. Одан кейін «Рысбек батыр» өндірістік кооперативінде 2007 жылға дейін есепші болып еңбек етеді. Осы жылы отбасымен бірге Қарасаз ауылына қоныс аударып, Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратында инспектор болып жұмыс істеген. Содан кейін, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде және 2017 жылдан бері аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында ассистент болып жұмыс істеп келеді.
Іс тетігі білікті маманның қолында екені бесенеден белгілі. Бүгінде Толқын Тастанбекқызы өз кəсібінің қыр-сырын жетік меңгерген кәсіби маман. Табиғатынан кішіпейіл, жүзінен шуақ шашып, күлімсіреп жүретін ол байыпты да байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында да зор құрметке ие.
Ұлағатты жанның ел игілігі жолындағы атқарған еңбегі де елеусіз қалған емес. Әр жылдары партияның Алғысхаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысының және округ әкімінің арнайы марапаттарына ие болуының өзі еселі еңбектің жемісі деп түсінеміз.
«Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Сол айтпақшы, Толқын Қарабекова білікті маман ғана емес, ең бастысы, үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген аяулы ана, отбасының ұйытқысы.
Ол өмірлік жолдасымен төрт ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда тұңғышы Ержан мен келіні Разимадан бір немере сүйіп отыр. Ал қызы Аида анасының жолын қуып есепші мамандығын игерген, бүгінде осы салада еңбек етуде. Кіші ұлдары Мұқият пен Асылхан мектеп қабырғасында. Сабақтары жақсы, оқуда озат. Осының өзі ата-ана үшін баға жетпес байлық, теңдесі жоқ бақыт емес пе?!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close